Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысы өтіп жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Жиын барысында Президент су тасқынына байланысты үй-жайы мен мүлкінен айырылған халықтың алдындағы міндетін толық орындайтынын айтты. Мемлекет басшысының айтуынша, бүгінде елімізде болып жатқан су тасқыны кезінде білікті мамандар мен ғалымдардың тапшылығы айқын сезіліп отыр.
«Алдымызда тұрған міндеттер – өте күрделі, ауқымды. Апаттан зардап шеккен азаматтарға барлық қажетті жағдайды жасауымыз керек. Бұл – қомақты қаражатты талап ететін жұмыс. Бірақ біз халықтың алдындағы міндеттемелерімізді толығымен орындаймыз. Бұл – парыз. Мен үшін бұл – ең маңызды және дәл қазіргі кездегі ең қажетті жұмыс», – деді Тоқаев.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда бірнеше жыл бойы ғылымға жете мән берілмегендіктен елдің бұрынғы ғылыми әлеуеті мен инфрақұрылымы жоғалғанын атап өтті.