Су тасқынынан зардап шеккендерге қол ұшын беріп, жағдай тұрақтанғанша депутаттардың көмегі жалғаса бермек.
Депутаттар Ақмола жұртына жәрдемдесіп жатыр
963
оқылды

Су тасқынына байланысты еліміздің он аймағында төтенше жағдай жарияланғаны белгілі. Оның ішінде Ақмола облысында да су тасқынына байланысты ахуал тұрақсыз. Мемлекет басшысы су тасқынына қарсы жұмыста төтенше жағдай қызметі мен жергілікті атқарушы органдар ғана емес, қоғамдық бірлестіктер және бизнес өкілдерін де көмек қолын созуға шақырған. Соның арасында «AMANAT» фракциясының депутаттары да шет қалмады. 

Мәселен, «AMANAT» партиясынан Ақмола облыстық мәслихатының депутаты Умар Шоназаров су басқан аудандарға 40 мың дана қап таратып, еркітілерге резеңке етік, эвакуацияланған тұрғындарға азық-түлік пен ең қажетті заттар әперді. Әріптесі, облыстық мәслихат депутаты Ғалымхан Саханов Атбасар ауданы бойынша су тасқынына қарсы іс шараларға 5 миллион теңге қаражат бөліп, төтенше жағдай қызметкерлеріне 2 қой сойып, ыстық тамақ берді. 

Сонымен қатар, облыстық мәслихат депутаттары Ыбырай Дуанбай мен Құралай Жұмабекова Көкшетау қаласындағы Элеватор мен теміржол ықшам ауданында суда қалған тұрғындарға ыстық тамақ ұйымдастырды.  Ал Аршалы ауданындағы Жібек жолы ауылының іргесін бекіту үшін Ақмола облыстық мәслихатының депутаты, кәсіпкер, меценат Руслан Шәмкенов 1 миллион теңгеге арнайы техника жалдап, Нұра өзенінің іргесін бекітуге көмектескен. Облыстық мәслихат депутаттары Алмаз Мұхамедияев, Клара Мендібаева, Тимур Пшенов,  Абай Жорабек, Владимир Камышанский өз округтеріндегі су тасқынына қарсы іс шараларға белсенді атсалысып, арнайы техникамен ауылдың қарын тазалап, ірге жағын қиыршық таспен бекітті.

Қосшы қаласының Тайтөбе ауылында судан қорғанысты күшейту, нығайту жұмыстарына Ақмола облыстық мәслихатының депутаты, "АМАNАТ" партиясы Қосшы қалалық филиалының партиялық Бақылау комиссиясының төрағасы Айдын Төребаев  екі ауыр техниканы көмекке ұсынып, арналарға қиыршық тас төсеп, ауыл іргесін бекітудің басы-қасында жүрді.  

Көкшетау қалалық мәслихатының төрағасы Дастан Әкімов бастаған халық қалаулылары эвакуацияланған тұрғындар үшін күнделікті ыстық тамақ, жататын орын мен гигиеналық заттар әперді. Жалпы сомасы 4 жарым миллион теңгенің көмегін көрсетті. 

Аудандық мәслихаттардағы «AMANAT» фракциясының депутаттары да 10 миллион теңгеден астам қаржылай көмек көрсетті. Атап айтқанда Бурабай аудандық мәслихатының депутаты Талғат Джапаров арнайы техникамен барып, Кенесары ауылының көшесіне арық қаздырып, су жолын тазартып, ауылдың іргесін бекітті. Міне, осындай төтенше жағдайда қол ұшын беріп, жағдай тұрақтанғанша депутаттардың көмегі жалғаса бермек.