Ақтөбе облысының Ойыл ауданына Мәжіліс депутаттары Қазыбек Әлішев, Аманжол Әлтай, Асқар Садықовтар барып, су тасқынынан зардап шеккендерге көмегін берді.
Басқа іс түссе, жақсылар көмектеседі
1,017
оқылды

Олар ең әуелі Ойыл ауданындағы Ш. Берсиев ауылдық округіне қарасты Қаратал, Екпетал ауылына барып, эвакуациялық орталықтағы тұрғындармен кездесті. Су тасқынынан үлкен зардап шеккені – осы ауылдың тұрғындары. Ауылдағы 236 үй суға кетіп, оның 201-і тұруға жарамсыз қалған.

Сондай-ақ аграрлық колледждегі эвакуациялық орталықтың жай-күйімен танысқан депутаттар жұрттың уәжін тыңдады. Халық баспаға бөлінетін, мал шығынына төленетін қаржының дұрыс өтелуін сұрады. Олар уақытша баспана ретінде тігілген әскери шатырларды ағаш үйге ауыстырып, аудандық бюджеттен тұрғызуды ұсынды. Тіпті, ағаш үй салып беруге ниет білдірген демеушілер де табылды. 

Естеріңізде болса, әлеуметтік желі арқылы әкесінен сәйгүлігі Ханторыны құтқаруды сұраған баланың бейнежазбасы елдің назарына түскен болатын. Міне, сол Бейбарыс атты балақайға Мәжіліс депутаты Қазыбек Әлішев өзінің Нұржебе тұлпарын атаса, Аманжол Әлтай өлең шумақтарын арнады. 

Іссапар барысында Мәжіліс депутаттары Ойыл ауылына апаратын жол мен көпірдің жағдайын бақылап, жолдың су шайған бөлігі жөнделіп, көліктердің өте бастағанын көрді. Көпірді қалпына келтіргенше азық-түлік пен өзге де қажетті заттар паром арқылы тасымалданып тұрған екен.  

Сонымен қатар, Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай Ойыл ауданының тұрғындарына айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағы атынан гуманитарлық көмекті де жеткізіп, ұмыт қалдырмады.