Мәжіліс Спикері Ерлан Қошанов­тың төрағалығымен бюро отырысы өтіп, алдағы жалпы отырыстың күн тәртібі нақтыланды.
«Масс-медиа туралы» заң жобасы
628
оқылды

Депутаттардың талқылауына Әкім­шілік құқықбұзушылық туралы кодекске енгізілген түзетулерді бірінші оқылымда қарау ұсынылады. Заң жобасында қо­ғамдық жұмыстарға тарту түрінде әкім­шілік жаза енгізу, оны орындау тетігін және жазаның осы түрін қолдану құрамын айқындау көзделеді, сондай-ақ әкімшілік құқықбұзушылық туралы істерді жүргізу кезінде күштеп әкелу мәселелерін заңна­малық регламенттеу қарастырылады. 

Алдағы жалпы отырыста депутаттар Мемлекеттiк наградалар туралы заң жобасына енгізілетін түзетулерді қарайды. Олар «Айбын» орденінің дәрежелеріне Сағадат Нұрмағамбетов, Бауыржан Момышұлы және Рахымжан Қошқарбаевтың есімдерін беруді көздейді. Бұл құжат Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдың үшін­ші отырысында берген тапсырмасын орын­дау үшін Парламент депутаттарының бастамасымен әзірленді.

Сонымен қатар екінші оқылымда депутаттар «Масс-медиа туралы» және «Ғылым және технологиялық саясат туралы» үкіметтік заң жобаларын ілеспе тү­зетулерімен қарайды. Сондай-ақ Салық кодексіне ғылым мәселелері жөніндегі өзгерістер енгізіледі.

Мәжіліс Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске масс-медиа мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы және Ресеймен біртұтас энергетикалық жүйе­лерінің қатар жұмыс істеуін қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасын жұмысқа алады.