Қазақ ғылымының өркен жайып, өрістеуіне қажырлы қайрат таныта білген геолог-ғалым, минералогия ғылым­дарының докторы, профессор, академик Қаныш Сәт­баев­тың туғанына биыл 125 жыл толды.
Ғұлама ғұмыр
784
оқылды

Әлемге әйгілі, халқының ұлы перзенті, аты алтын әріппен жа­зылған ғалымның мерейтойын адамдық келбетін және ғылыми ізденіс жолындағы жанқиярлық еңбегін жан-жақты аша түсу мақ­сатында республикалық деңгейде түрлі іс-шара өтіп жатыр.

12 сәуір Қаныш туған күн – қазір ғылым қызметкерлер күні ретінде белгіленген. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атаулы күннің құрметіне елордада Ғылым және технологиялар жө­ніндегі ұлттық кеңестің отырысын өткізді. Алдымен жиналған көп­шілікті ғылым күнімен құттық­таған Президент: 

«Шын мәнінде, бүгінгі мерекелік күн – қоғамымыздағы ерекше сәт, себебі бұл күн ғұлама ға­лым, заңғар тұлға Қаныш Сәтбаев­тың туған күнімен тұспа-тұс келіп отыр. Дәл бүгін академик Қаныш Сәтбаевтың туғанына 125 жыл толды. Біз Ұлы Абайды қазақ руха­ниятының темірқазығы, Ахмет Байтұрсынұлын Ұлт ұстазы дейміз. Ал Қаныш Сәтбаевты қазіргі қазақ ғылымының атасы деуге болады» – деп заңғар ғалымға қа­зақ ғылымының атасы деген шынайы бағасын берді. Ендігі кезекте Президент тапсырмасымен Қаныш Имантайұлы туған күн – елімізде білім-ғылым культін қалыптастырудың және Сәтбаев салған сара жолды жалғастырудың бастамасы болмақ.

Кеше Астанада халқын сүйген Қаныштың атақты ағылшын премьері  У.Черчилльдің алдында «Менің халқым менен де биік» деп туған елінің абыройын асқақтата білген тау тұлғалы тұғыр-ескерт­кі­шіне гүл шоқтары қойылды. 

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-де ға­лым­ның тағылымға тұнған тұлға­сын, ғұлама ғұмырын тани түсу үшін «Қаныш Сәтбаев – ұлт мақ­танышы» атты халықаралық ғы­лыми-тәжірибелік конференция болды.

Оған Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев, ҚР Ғылым академиясының президенті Ақыл­бек Күрішбаев, Халықаралық Сәтбаев қоры қамқоршылар кеңе­сінің төрағасы, Парламент Сена­ты­ның депутаты Алтынбек Нұхұлы, Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен және белгілі ғалымдар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, сондай-ақ қала тұрғындары қатысты. 

«Қазақ ғылымының атасы, ғалым, геолог, мемлекет және қо­ғам қайраткері Қаныш Сәтбаевтың туғанына 125 жыл толды. Ол Қазақстан Ғылым академиясының тұң­ғыш президенті, ғалым қазақ даласындағы көптеген пайдалы қазбаларды алғаш ашты. Ұлы тұлғаның мерейтойына арналған іс-шаралар өзге қалаларда да ұйым­дастырылуда. Сондай-ақ бүгінгі 12 сәуір ғылым қызметкер­лерінің күні құтты болсын, – деді Саясат Нұрбек. 

Кейін Ғылым академиясының тұңғыш президентіне жасалған барельефтің ашылу салтанаты өтті. Оны Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов ашты.

Қаныш Сәтбаевтың суреті бейнеленген тақтайша универси­теттің бас ғимаратына орнатылды. Оның авторы – ЕҰУ сәулет кафедрасының аға оқытушысы, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, мүсінші Талғат Анарбеков. Барельефтің өлшемі 60*80 см. 

«Мен бір аптадай Қаныш Имантайұлының тақтайшаға сай келетін портретін іздеп, осы нұсқасына тоқталдым. Рельеф мүсіндік пластилиннен жасалған. Жалпы, мүсіндеу жұмысын жасап шығу үшін 1 айдай уақыт еңбек еттім, – деді автор Талғат Анарбеков. 

Сондай-ақ мұнда Қаныш Сәтбаевты еске алу мақсатында оның жеке қолданған заттарының, эксклюзивті портреттердің, ғы­лыми еңбектердің көрмесі ұйым­дастырылды. Салтанатты жиынға келген қонақтар, оқытушылар, студенттер ғалымның туған жері Павлодар облысы Баянауыл ауданынан арнайы әкелінген жәдігер­лермен танысты.

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-де өткен халықаралық ғылыми-тә­жірибелік конференция барысында Мемлекет басшысының құт­тық­тау хаты оқылды. Онда «Қа­ныш – Қазақстан тарихында айрықша орны бар тұғырлы тұлға. Академиктің мол мұрасын жан-жақты дәріптеп, есімін ұлықтау –  ұрпақ парызы» деп жазылыпты. 

ЕҰУ-дың ғылым бойынша про­рек­­торы Жанна Құрманғалиева:

«Бүгінгі конференцияға елі­міздің ең беделді ғалымдары және Ұлттық ғылым академиясының басшылары шетелден келген қо­нақтар, студенттеріміз, магистранттар және жалпы ғылымға қатысы бар азаматтар жиналды. Конференцияның мақсаты – Ұлттық кеңестің отырысында Президент атап өткендей, алдымен Қаныш Имантайұлының бай мұрасын дәріптеу және ғылымда жасаған қызметін, қазақ халқына жасаған қызметін жан-жақты жас буынға өнеге ретінде насихаттау, қоғамдағы ғылым мен білімнің мәртебесін көтеруді көздейді. Сонымен қатар Қаныш туған күн – ұлттық деңгейде бүкіл өңірлерде, тек  ғылыми ортада ғана емес, қоғамдық санада ғылым мен білім жоғары құндылық саналуы керек десек, осы құндылықтарды дәріп­тейтін кез келген ұйымда тиісті іс-шаралар негізінде аталып өтілуі керек, – деп Қаныш Сәтбаев және ол бастаған жұлдызды ғалымдар шоғыры ХХ ғасырдың басында Алаш арыстарынан кейін ұлт мәдениетінің көшбасшысы бол­ғаны туралы әңгімелеп берді. 

Иә, ғылымға түбегейлі бет бұ­руды мақсат еткен елімізде аты аңызға айналған тұлғасы тағы­лымға толы Қаныш  Сәтбаевтың есімі мен мұрасы ғылымдағы ізбасарларына әрқашан үлгі-өнеге болып жалғасын таба бермек. Ғалым мұрасы арқылы жас ұрпақ бойына отансүйгіштік, ұлтжан­дылық, білімге құштарлық, хал­қына қызмет ету сынды асыл қасиет­терді сіңіре алсақ...

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ