Біздің елімізде әрбір мем-лекеттік орган құқықтық түсіндіру жұмыстарымен айналысады, бірақ мұндағы ведомствоаралық үйлестіруді Әділет министрлігі жүзеге асырады. Бұл бағыттағы жұмыстарды сапалы ете түсу үшін министрлік жүйелі іс-шараларды жүргізуге баса назар аудара отырып қайта қараған екен. Осы мақсатта «2024-2026 жылдарға арналған ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының іс-шаралар жоспары» әзірленген. Соның ішінде құжат негізгі 4 блокқа бөлініп отыр.
Халықтың тек құқықтық тұрғыдан ғана емес, жалпы қай жағынан да, соның ішінде қаржы, дін, экономика, технология тұрғысынан да сауатты болғаны мемлекет, оның адами капиталы үшін өте үлкен жетістік. Десе де, осылардың бәрінің де негізінде құқық жатыр. Өйткені нигилизм мен сауатсыздық азаматтық қоғам дамуын тек тежеп қана қоймай, орта ғасырларға ығыстырып тастайтын күшке ие екені айтпаса да түсінікті. Осы ретте құқықтық мәдениетті қалыптастыру табандылық пен асқан жауапкершілікті талап етеді. Осы уақытқа дейін құқықтық сауатты арттыру жұмыстарын мемлекеттік органдармен тұрақты негізде мүдделі тараптардың кең ауқымын тарта отырып БАҚ, әлеуметтік желілер, интернет-ресурстар арқылы жүргізген Әділет министрлігі халықты құқықтық ақпаратпен қамтамасыз етудегі сапа мәселелерінің өзектілігін ескере отырып, соңғы жылдары ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуге ден қойған екен. Нәтижесінде, үш жылдық жоспар қабылдап, оны әртүрлі мақсатты аудиторияға бағытталған 4 блокқа бөліп отыр. Олар іс-шараларды ұйымдастыру, азаматтардың ақпаратты өз бетінше зерделеуіне мүмкіндік беру мақсатында құқықтық ақпаратпен қамтамасыз етудегі мемлекеттің белсенді рөлі, өскелең ұрпақ пен жастарды құқықтық тәрбиелеу бойынша жүйелі жұмыс және ауылдық жерлерді қолжетімді құқықтық ақпаратпен қамтамасыз ету сынды тарауларды қамтиды.
«Біз мемлекеттік аппараттың құқықтық түсіндіруге қатысты бүкіл жұмыстарын, соның ішінде азаматтардың құқықтық түсіндірудің жаңа тәсілдерін одан әрі дамыта отырып, қоғамның ең өзекті сұраныстарын анықтау бойынша өтініштерін талдап жатырмыз. Бұл жұмыстар мемлекеттік органдардың ресми сайтында, бұқаралық ақпарат құралдарында, азаматтардың өтініштерін қабылдау және өңдеуге арналған eOtinish бірыңғай платформасында жарияланған және өзіміз дайындаған екі анкета бойынша жинақталған ақпараттар негізінде жүзеге асырылады, – дейді Әділет министрлігінің Құқық түсіндіру және үйлестіру департаменті Құқық түсіндіру басқармасының басшысы Әлия Садырбекова.
Оның айтуынша «бірінші анкета» құқықтық насихат жұмыстарының деңгейін және ең қажет етілетін ақпарат көздері мен түрлерін анықтауға арналған. Бұл арқылы азаматтардың құқықтық ақпаратты қаншалықты сапалы және оңай ала алғанын біле аламыз. Мәселен, күні бүгінге бұл анкетаны 74 респондент толтырған екен. Ондағы «Қазақстан Республикасының заңнамасын қаншалықты білесіз?» деген бірінші сұраққа жартысынан астамы, яки 64 адам «өз құқықтарым мен міндетерімді білемін» деп жауап берген. Екінші сұрақта рес-понденттерге құқықтық ақпараттың қолжетімділігін бағалау ұсынылды. Мұнда 67 адам, яки 90,54%-ы оң жауап берген. Келесі сауал азаматтардың ақпараттар-ды қандай мәлімет көздерінен алатыны туралы болды. Олардың көпшілігі, нақты айтқанда 43 адам ұйымдар мен жеке тұлғалардың сайттарынан және жеке парақшаларынан алады екен. Ал «заң көмегіне қаншалықты жиі жүгінесіз?» деген сауалға көпшілігі қажеттілігіне қарай деп жауап берген. Бесінші сұрақта азаматтардың құқықтық мәдениетін көтеру үшін не қажет екенін білмек болдық. Респонденттердің басым бөлігі «барлығы бала күнгі тәрбиеге және мектептер мен ЖОО-ларда берген білімге байланысты» деген пікірге тоқайласты. Анкетадан өту үшін «Ашық диалог» порталында тіркеліп, «Құқықтық мәдениет пен құқықтық түсіндіру жұмысын ұйымдастыру және жүргізу бойынша халыққа арналған анкета» бөлімін тауып, оны толтыру қажет.
«Екінші анкета» аумақтық Әділет органдары арқылы, яки әр облыстың әділет басқармалары арқылы заң көмегін алатын азаматтардың пікірлерін есепке алуға бағытталған. Анкетаның көмегімен кері байланыс арқылы біз ақпаратпен қамтамасыз ету сапасын бақылаймыз, яғни азаматтарға кеңес берудің қалай жүргізілетінін, олардың сұрақтарына толық жауаптардың берілген-берілмегенін және өтініш берушілердің өздері жауапқа қанағаттанғанын немесе қанағаттанбағанын талдаймыз. І тоқсан бойы мұндай іс-шара республикамыздың 4 қаласы мен 110 ауылында өтті. Онда 9 440 адам қамтылып, оларға атқарушылық өндіріс, нотариалдық қызмет, жер қатынастары, жылжымайтын мүлікті тіркеу, азаматтық алу, алименттер және тағы да басқа мәселелер жөнінде мәліметтер берілді. Осылардың ішінен 619 адам анкета толтырды. Бұл нысандағы құжатты аумақтық әділет органдарының қызметкерлері адвокаттармен, нотариустармен, заң консультанттарымен және сот орындаушыларымен бірге ай сайын ауыл тұрғындарына заңгерлік көмек көрсету үшін ауылдарға барған кезіндегі «Заңи көмек көрсету күндері» атты кездесулер аясында толтыруға болады. «Іс-шараларды ұйымдастыру» деген бірінші блогымыз осы», – дейді басқарма басшысы.
Азаматтар заңдағы өзгерістер немесе қандай да бір жаңа заңның әзірленгені туралы көбіне олар қабылданғаннан кейін ғана біліп жатады. Яки, бұл олар ештеңе өзгерте алмайды деген сөз. Ал заңға сәйкес, Қазақстан Республикасының азаматтары қандай да болмасын құқықтық реттеуге, соның ішінде оның даму сатысында ұсыныстар енгізуге құқылы. Міне, осы кемшіліктер «Азаматтардың ақпаратты өз бетінше зерделеуіне мүмкіндік беру мақсатында құқықтық ақпаратпен қамтамасыз етудегі мемлекеттің белсенді рөлі» атты екінші блокта қарастырылған екен. Осы мақсатта мемлекет азаматтардың пікірін есепке алу үшін «Ашық НҚА» порталын құрған болатын. Дегенмен бұл порталдың бар екенінен әлі де болса көп азаматтарымыз хабарсыз. Сол себепті Instagram желісінде қазақ және орыс тілдерінде @zan.onai парақшасы ашылған. Мақсат – «Ашық НҚА» порталында жарияланған нормативтік-құқықтық актілердің жобаларын қарапайым тілде және қолжетімді нысанда түсіндіру, сол арқылы азаматтарды заң шығару процесіне тарту. Одан басқа eOtinish бірыңғай платформасында «Жиі қойылатын сұрақтар мен жауаптар» блогы ашылған, «Әділет» веб-сайтында және НҚА этолонды қадағалау банкінде заңнаманы түсінікті тілде түсіндіре отырып, құқықтық ақпаратты ұсыну қолға алынған.
«Өскелең ұрпақ пен жастарды құқықтық тәрбиелеу бойынша жүйелі жұмыс» туралы да осыны айтуға болады. Бұл блокта Әділет министрлігі құқықтық тәрбие ерте жастан басталатынын басты назарға алып, жас ұрпақтың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға баса көңіл бөліп отыр. Осы мақсатта, мәселен, мектептегі «Құқық негіздері» оқулығының мазмұны қайта қаралуда. Өйткені онда оқушыларға берілетін ақпараттар «күрделі» тілде жазылған, бұл оны оқушыларға да, тіпті мұғалімдерге де қабылдауына қиындықтар туғызады. Сонымен қатар осы пән бойынша оқыту әдістемесін тұтастай қайта қарастырып, аудиториялық сағаттар, қосымша сабақтар аясында ақпараттық-насихат жұмыстарын жүргізіп, жастарға кеңес беру үшін жастар ресурстық орталықтарын пайдалану жоспарлануда. Бұл ретте жастардың өздері де ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына тартылады.
«Жоспар аясында басты назарды ауылдық жерлерге бөліп отырмыз. 4-ші блок соған арналған. Осы ретте ауылдық елді мекендердің интернетке қолжетімділігі әрқашан жеткілікті бола бермейтінін ескере отырып, негізгі құқықтық ақпараттарды Қазпоштаның стендтерінде, ауылдық кітапханаларда, ауылдық әкімдік ғимараттарында, сондай-ақ радиостансаларда және ауылдық жерлерде таратылатын баспа өнімдерінде орналастыру ұсынылады. Мәселен, Түркістан, Қызылорда, Қостанай және Ақмола облыстарының әкімдіктері өздерінің интернет-ресурстарында, соның ішінде әлеуметтік желілерінде және вокзал, автовокзал, әуежай, ХҚКО, СОСО, көпқабатты тұрғын үйлер сынды тағы да басқа қоғамдық орындарда Әділет министрлігі Құқықтық-ақпараттық қызметінің (ҚАҚ) байланыс телефондары көрсетілген анықтамалық ақпараттар ілінген.
Жалпы алғанда, 2023 жылы ҚАҚ үзіліссіз және демалыссыз тәулік бойы режимде құқықтық мәселелер бойынша 194 357 тегін анықтама және кеңес беру қызметін көрсетті. Оның ішінде, «119» Бірыңғай байланыс орталығы арқылы – 134 630, WhatsApp арқылы – 9 229, «Әділет» НҚА ақпараттық-іздестіру жүйесі арқылы – 4 775, «Виртуалды кеңесші» (чат-бот) виджеті арқылы – 14 162, «119Kenesbot» арқылы – 2 809, азаматтардың өтініштері бойынша келіп түскен жауаптарды «Білім базасына» қосу арқылы – 28 032, жазбаша өтініштерге кеңес беру арқылы – 720 қызмет көрсетіл-ді», – дейді ӘМ Құқық түсіндіру және үйлестіру департаменті Құқық түсіндіру басқармасының бас сарапшысы Карина Ашжанова.
Оның айтуынша, есепті кезеңде халықты атқарушылық іс жүр-гізу заңнамасын түсіндіру бойынша сұрақтар, атап айтқанда, борышкерлер тізіліміндегі мәртебе-сі, сот орындаушыларының әрекеттеріне немесе әрекетсіздігіне шағымдану, шоттарын бұғаттан босату, атқарушылық іс жүргізуде-гі кезегі, сот орындаушыларының қызметіне ақы төлеу мөлшері анағұрлым көбірек қызықтырған екен Мысалы, борышкерлер тізіліміндегі мәртебесін тексеру бойынша 14 213 өтініш тіркел-ген. Коммерциялық емес ұйымдарды тіркеу немесе қайта тіркеу мәселелері бойынша 2 657 кеңес берілген.
Ал ауылдық елді мекендердегі цифрлық алшақтықты жою үшін тұрғындарға «Әділет» ақпараттық-іздестіру жүйесін пайдаланып, қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілермен таныса алуы үшін құқықтық ақпарат қолжетімді жұмыс орнын ұйымдастыра отырып, яки компьютер орнатып беру арқылы «Құқық кабинетін» ашу немесе eOtinish ресурсына қол жеткізу мүмкіндігі бар «Заң» дерекқорын орнату, Әділет министрлігінің Құқықтық ақпарат қызметіне жүгіну немесе барлық ресурстарды пайдалану бойынша әдістемелік ұсыныстар беру қарастырылуда. Соның нәтижесінде бүгінде Қарағанды, Түркістан, Қызылорда, Алматы, Солтүстік Қазақстан, Атырау облыстарының шалғай елді мекендерінде «Құқық кабинет-тері» жұмыс істеп тұр.
Жалпы алғанда, «2024-2026 жылдарға арналған ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының іс-шаралар жоспары» субъектілер-дің кең ауқымын, яки мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдардың, үкіметтік емес ұйымдардың, сарапшылық, ғылыми және басқа да ортаның өкілетті өкілдерін тарта отырып, халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру жөніндегі жұмысты күшейтуге басымдық беретін жүйелі шараларды көздейді. Оның ішінде құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізу әдістемесін және халыққа ақпарат жеткізудің жаңа тетіктерін қайта қарау бағыттары да бар.
Нұрлан ҚОСАЙ