Ақбілек Кененқызы: Әкеміздің жас кезіндегі дауысы жазылмай қалған

Биыл қазақ халқының жыршылық өнеріндегі бірегей тұлға Кенен Әзірбаевтың туғанына 140 жыл толып отыр. Күміс көмей әнші, композитор артында өшпес мұра қалдырды.

Кең далада желдей ескен ақын әндері бүгін де талантты орындаушылардың аузында жүр. Биылғы мерейтой қарсаңында жыршының кенже қызы Ақбілек Кененқызымен сұхбат құрып, халық ақыны туралы естеліктерге қанық болдық.

– Кенен атаның атын естігенде көз алдымызға жыршы тұлға бейнесі келетіні рас. Ал сіздің есіңізге бірінші болып түсетін не нәрсе?

– Әкемді ойлағанда, ең бі­рінші оның сондай балажанды-ғы көз алдыма келеді. Балаларды өте жақсы көретін еді. Маң­да­йы­­мыздан бір шертпей, аялап өсірді. Өлең арнап, ән шығарып, бізбен бірге бала сияқты ойнап отыратын. Әкем өте жақсы адам еді. Бәріміздің жүрегіміз сон-дай болып өсті. Кішкентай бала көр­сек, елжіреп кетеміз. Бұл – бізге әкеден берілген қасиет. Бақыт­жан ағам да, Төрткен әп-кем де тура әкем сияқты. 

Қай жылы екені есімде жоқ. Қателеспесем, 5-6 жаста едім. Мәскеуден әкем Ақтамақ екеу­мізге бірдей етіп, қып-қы­зыл шляпа әкеліп берді. Әкемнің сонау Мәскеуден алып келген сыйлығы деп, Ақтамақ екеуміз басымыздан шешпей егіз сияқ­ты жүретінбіз. Арамыз үш жас. Бұрын Жетпісбай, Сексенбайлар дүниеге келген. Көбі әкем­нің Ақтамақ, Ақбілек деген қыз­дары барына таңғалып жатады екен. Анам Насиха – әкемнен 20 жас кіші, екінші әйелі. Әкем қайтыс болғанда Ақтамақ екеуміз әлі баламыз ғой. Осы екі қызды қалай асыраймын деп анам әбден жылаған екен. Бірақ уақыт өте келе Төрт­кен әпкем бар, үш қыздың ортасында жүріп, сол кезде неге жыладым екен деп айтып отыратын. «Үш қыз менің қас-қаба­ғыма қарап, жағдайымды жасап отыр. Жаратушы маған үш қыз­ды бекер бермеген екен» деп жиі айтатын. Анам 96 жасқа келіп дүние салды.

Әкем мен анам ерлі-зайыпты болып қаншама жыл өмір сүр­се де, бір-біріне «әй» деп сөй­­легенін көрмедік. Балаларын ерекше тәрбиеледі. Біз қиял-ғажайыптың ортасында өстік. Әкем ертегіні өте керемет айтып беретін. Тіпті, таңға дейін отырса да шаршамаушы еді. Әсіресе, Сарыбас ақын туралы ертегісі ерекше болатын. Бүкіл денесін жара басып кеткен ақын үлкен семсерімен жылан­ның басын шауып алып, бір ке­­сек етін жегеннен кейін дертінен айы­ғыпты. Содан Сарыбас атанып кеткен шығар. Әкемнің осы бір айтқан ертегісі жадымда сақ­талған. Үйдегі сөреде кітаптар лық толы тұратын, солардың қадірін білмеппіз. Қазір көп кітаптар музей ашылғаннан кейін апарып қойылды.

Рақымжан деген атамыз бол­ды, ол да Отарда тұратын. Оның айтқан жырын қасындағылар таңға дейін орнынан тапжылмай тыңдайтын. Осы сияқты әкем де аңыз-әпсаналарды айтқанда ұйып тыңдайтынбыз.

– Төрт ұлынан айырылып, «Базарым-ай, Назарым-ай» деп жыр­лаған ақын қызына ырым­дап, Төрткемпірбіршал деп ат қойғанын, кейінгі ұлына Жамбыл Жабаев арнайы барып, Көр­кемжан деген есім бергенін білеміз. Сіздің есіміңізді қоюда­ғы мән неде болыпты?

– Иә, Базар, Назардан кейін, жалпы 7-8 баласы дүниеден озды. Төрткен әпкем туғанда қазақтың небір ырымдарын, қайткенде де тірі алып қалудың амалын жасапты. Есіктен кіріп келген төрт кемпірдің, бір шал­дың астынан өткізіп, есімін Төрт­кемпіршал қойған. Көр­кем­жан ағам туғанда Жамбыл ата үйге арнайы келіп, сәбиге арнап өлең шығарып, атын өзі қойған. Жамбыл атаның үйімізге келгенін біздің ауылдағы көзін көрген адамдар әлі күнге дейін айтып отырады. 

Ал маған Ақбілек деп қою­дың себебі мынада болыпты: әкеміз жас кезінде қой бағып жүріп, Әндібай, Сәндібай, Мәнді­бай деген ұлдарым, Ақта­мақ пен Ақбілек деген қыздарым болса деп армандаған екен. Ақтамақ пен Ақбілекті ұзатып, қалыңмал аламын деп тастан қой жасап ойнапты. Кейін осы есімдерді қоюды ұмытып кеткен. Соғыстан кейінгі жылдары жас кезіндегі арманы есіне түсіп үлкен қызының атын Ақтамақ, менің атымды Ақбілек қойған. 

– Кенен атаның шаңырағына арнайы келген ел ағалары батасын алып кететін деп еститінбіз. Осы рас па? 

– Әкемнің шаңырағына кім келіп, кім кетпеді. Дастарқа­нынан Дінмұхамед Қонаевтан бастап елге еңбегі сіңген көп адам дәм татқан. Есімде қал­ғанын айтайын, 10 жасқа толған кезімде үйге Мұхтар Әуезов кел­ген. Басымнан сипап отырып көзін сүрте берді, көзі қы­зарып кеткен. Мен үйдің еркесімін, баламын ғой, жылап отыр екен деп көзіне қарап қал­­­ғаным бар. Содан дастар­қанда тұрған кәм­питті алдым да жүгіріп тұрып кеткенмін. Қазір есіме түссе, күлкім келеді. 

Сәбит Мұқанов әйелі Мәриям апаймен жиі келетін. Ауылда тұрған соң кішкентай кезімізде тәтті кәмпиттерді көр­мегенбіз ғой. Соны бізге Мәриям апай алып келетін. Олардың үйге қонғандарын да білемін. Бөлмеде әкемнің төсе­гінің жанында дөңгелек үстел болған. Сол жерде Сәбит Мұ­қанов екеуі әңгімелесіп отырып бірге жұмыс істеген. Әкем арабша ғана жазатын. Дәптерге сияға малынған қаламмен жазу қызық болып, менің де арабша үйренгім келген. Бірақ кейін жалығып, тастап кеттім.

Үйге қаншама тау тұлғалы азаматтар келген, мен әлі бала болғандықтан көбі есімде қал­мапты. Әкемнің 75-90 жылдық­тарында түсірілген бейнежазба бар. Сол жерде атақты әнші Бибігүл Төлегенова да жүргенін көргенмін. Қазіргі әншілердің арасында да бата аламын деп келгендер бар. Мен Саят Ме­деуов­тің ата-анасын білуші едім. Біз Саятпен бір ауылданбыз. Сол кезде анасы әкеме алып келіп, бетінен сүйгізіп, батасын алған екен. Мұндай оқиғаларды Төрткен әпкем жазып жүрген, жинақтаса, бір кітап болатын әңгіме.

Қазақтың бұлбұлы Күләш Байсейітова Мәскеуге Қазақ­стан­нан барған кезінде қасында әкем де болыпты. Сонда қайтыс болады. Әкем Күләшқа арнап ән шығарыпты. Әнші қыз сұлу, ақылды, қыз Жібектің өзі болып сипатталады.

– Кенен атаның артында қал­ған ұрпақтары жайлы сөз қоз­ғайықшы. Асырап алған Хамсият деген қызы болыпты. Одан тараған ұрпақтармен қарым-қатынастарыңыз қалай?

– Соғыс жылдарында шешендер, ингуштар, тағы көп ұлт елімізге жер аударылып келді. Дағыстаннан келген екі ұлы, бір қызы бар ана жолда қайтыс болады. Балаларын Шу өңіріндегі балалар үйіне өткізген екен. Кейін өз күнін көре алатын жасқа жеткенде балалар үйінен шығарып жіберген. Отар стансасында жылап тұрған қызды көргенде жаны ашыған әкем атын сұраса, Хамсият деп жауап беріпті. Жөнін сұраса, Сүлеймен Стальскийдің (Дағыстанның халық ақыны және лезги тіліндегі поэзияның негізін қалаушы) атын атапты. Бұл жас бала оның жақыны болмаса қайдан таниды, немере не шөбересі ме кім білсін, кім болғанда да оны асырап аламын деп үйге алып келген екен. Содан Төрткен әпкеммен қатар өсіп, мектепке де бірге барған. Әкем Хамсият атын ұмыта бергеннен кейін Айша Кененова деп қазақшаға өзгерткен. Ол бойжеткен соң Мәмет деген қазақ жігітіне тұрмысқа шықты. Одан туған 5 ұл, 1 қыз бар. Олар­дың бәрі қазір Қордайда тұрады. Біз олар­дың балаларымен әлі күнге дейін жақсы қа­рым-қаты­нас­та­мыз. Жиындар­дың бірін қал­дыр­май бас қосып тұрамыз. 

– Қазір Кенен Әзірбаевтың жарыққа шықпай қалған әндері бар ма? Әкеңіздің мұрасын жи­наған, жүйелеген адамдар болды ма?

– Әкемнен қалған әндердің жинаушысы, құрастырушысы деп Төрткен әпкем мен Бақыт­жан ағамды айтар едім. Олар жа­саған жинақ мемлекет тарапынан бөлінген қаржыға бес­томдық еңбек болып жарыққа шықты. Оның ішінде бұрын жарияланбай қалған әндерінің барлығы дерлік енді. Әкем әнде­рі­нің барлығы фортепиано нота­сына сай жазылған. Соның бар­лығын домбыра ноталарына тү­сіріп, кітап қып басып жүр­ген – Төрткен әпкем мен Ба­қыт­жан ағам. 

Әкемнің жас кезіндегі дауысы арғы ауылдан бергі ауылға ес­тілетін болған. Бұл қасиеті Төрткен әпкеме ерекше дарыды. Ол кісі Бибігүл Төлеге­но­ваның орындауындағы әндерді айтқанда дауысы керемет. Бірақ консер­ва­торияға бір баласын жолат­паған. Өйткені өнер қанмен бері­леді деп отыратын. Бақытжан ағам да өнерге жақын болды. Қазір ойласам, өзім әкемнен ала алмай қалған дүние­лерім көп екен. Әндерін, өлең­дерін үйреніп, қаттап, жинап жазып жүрмеппін. Бала­лы­ғым болар, бәлкім. Әйтеуір, Төрт­кен әпкем үлкені болған­дықтан әкеміздің өз аузынан барлық әндерін үйреніп, жазатынын жазып алған. Бақытжан ағам екеуі әкемнің қасынан бір елі қалмаған. Біздер жас бол­дық, әкемнен көп дүние ала алмай қалдық. 

Әкемнің 40 жастағы дауысы қалай болды екен?! Оның небір әні Таразда екі жылда бір рет өтетін «Шырқа, дауысым» фес­тивалінде шырқалды. Әкем тек арабша жазатын еді дедім ғой, сол еңбекті зерттеймін деп үйге келіп кететін адам көп еді. Сол кездерде әкемнің өз қолы­мен жазып түсірген ноталар жа­зылған қалың дәптер түгелі­мен жоқ болып кеткенін естіп қалғаным бар. Мүмкін солар­дың бірінің қолында кеткен шығар. 

Әкемнің мұраларын жинауда үлкен еңбегі сіңген атақты композитор Борис Заковичті атап өтпесем болмас. Ол нотаға түсіріп, пластинканы шығаруда көмегі көп тиді. Өзі – музыка-танушы, бүкіл қазақ даласының сал-сері, әнші-ақындарының жарияланбай қалған әндерін нотаға түсіріп жүрген ғалым. Ол кісі үйге келгені есімде. Әкемнің кабинетінде екеуі әңгімелесіп отыратын, әкем домбырасын тартып отырса, ол нотаға түсіріп жазып алып отыратын.

– Әкеңіздің әр әні белгілі бір жағдайға байланысты туған деседі...

– Иә, әндері әлі күнге дейін де орындалып жүр. «Мен сүйе­мін халқымды» әнін опера солисі Сүндет Байғожин орындап жүр. Әкемнің 6 жылға созылған науқасынан айыққаннан кейінгі шығарған әні – бұл. Мен бір жас кезім екен, 1951-1952 жылдар аралығында әкем дертке шалдығады. Дерт деп айтуға да келмес. Анамның айтуынша, еш жері ауырмайды екен, орнынан қозғалмай отырады, сөйлесе тек басын изеп қана жауап береді екен. Әкемді түсіну әбден қиын болыпты, ол кезде ешқандай өлең де жазбапты. Құр сүлдері қалған десе де болады. Соны қазіргі тілмен айтқанда, депрессия болған шығар деп ойлап қаламын. Бұл жайында Төрткен әпкем анамның айтқандарынан жинақтап жазып алған. Одан бөлек, әндерінің тақырыптарын, шығу тарихын да жинақтаған. Ұзаққа созылған науқасынан айыққаннан кейінгі ең бірінші әнін халқына арнапты, ол кезде әкем әлі 70-ке де жетпеген кезі бо­лыпты. Әкем ауырып жат­қан­да үйге Сәбит Мұқанов келіп, «Мына жер сіздің денсаулы­ғы­ңызға жарамайды екен» деп жаны ашып айтқан әңгімесі есімде. 75 жылдық әкемнің ең алғашқы мерейтойы еді. Бұл қазіргі Кенен ауылында тойланды. Жиылған қамқор, сүйеніш болған адамдар Сәбит Мұқа­новты көп айтып отыратын. Ол әкемнің еңсесін көтеріп, өмірге қайта тірілткен адам деп ойлаймын. 1959 жылы 75 жасқа толған мерейтойы аталып өтті. Осы кезде «75» әні нотаға түсіріліп қалған екен. 

«Бағалады партия алып еске, 

Қос орденді қадады кәрі төске. 

Ардақты ел аралап ән сап жүріп, 

Жеткенімді білмеппін 75-ке» әні – алғашқы мерейтойында шығарылған шумақтар.

Одан кейін «Қайран жастық» әні жазылды. Бұл 1965 жылы жазылған, бірінші «Қартай­ғанда» деген атпен шығыпты.

«Бұлбұл ұшты көзімнен

             қайран жастық, 

Асық ойнап жас күнде

  тайраңдастық. 

Сабау қамшы таяқты 

   ат қып мініп,

Шаңмен ұшып желменен біз жарыстық» – кең таралған, көп айтылатын өлеңдерінің бірі. Төрткен әпкем оны нотаға түсі­ріп, өзі жиі домбырамен орындайды. Ал «Сынаптай сырғақ дүние» әнінде Ораз Жандосов туралы айтады. Осы тұста айта кетейін, Ораздың ұлы Санжар Алматыда Бақытжан ағаммен жолығып қалыпты. Сонда өзінің немересінің атын атамның аруа­ғы қолдап жүрсін деп Кенен қой­­­ған екен. Бұл оқиғаны Ба­қыт­­жан ағам керемет баяндап жазған. 

55 жыл отасқан сүйген жары, менің анам Насиха Ғабылтай­қызына арнап жазған әні де бар. Әкемнің өте балажан кісі бол­ғанын айттым ғой, балаларға арналған өлеңі бар, соны қазір «Балаларым балдырғаным, сүй­сем мейір қандырғаным» деп немерелеріме айтып отырамын. 

– Кенен атаның үйінде қазір кім тұрады, әлде музей ретінде сақтаулы тұр ма?

– Кенен атаның үйі – біздің қара орманымыз. Ол үй әлі сақ­таулы тұр. Үйде Төрткен әпкем­нен кейінгі Көркемжан ағамыз тұратын. Көркемжан аға дүние­ден өтті. Қазір ол үйде Көркем­жан ағамның туған немересі Мұрат және ағамның әйелі Ди-на жеңгей тұрады. Мұрат әкеміз атындағы мемориалды музейде директор орынбасары қызметін атқарады. Көркемжан ағамның қызы Айжан да сол музейде қыз­мет етіп жүр. Мен осы үйде өс­тім. Ақтамақ, Ақбілек деген екі қыз осы Отар стансасы жақта ту­дық. Әкем кеш көрді бізді. 20 жа­сым­да тұрмысқа шығып кеттім. 

Әкемнің жұмыс үстелінде үнемі «Қазақ әдебиеті» газеті, қазақ тіліндегі түрлі журналдар жататын. Өте көп оқыды, бірақ басылымдарға жазбайтын. Бақытжан ағамның әкемнен үйренген бір сөзі бар, «Ұрлық, өтірік айту ұнамайды» деп отырады. «Шайдың емі – әңгіме» дей­тін Бақытжан ағам шай үс­тінде: «Әкеміз былай деп еді – Көркемжан оқуға кетті, Ақтамақ пен Ақбілек әлі жас, сен Алма­ты­ға оқуға бар деп мені сол қала­ға білім алуға жіберді» деген. 

– Әпкеңіз Төрткен Кенен­қызы бір сұхбатында атамыздың «халық жауы» атанғанын айтыпты. Осы оқиғаны таратып айтып беріңізші. Оған әсер еткен қан­дай әрекеттері немесе шығар­малары?

– Әкем Кеңес үкіметі орна­ған­нан кейін Қордай ауданында ревкомның, революция коми­тетінің төрағасы болды. Бұл кез-де тікелей Ораз Жандосовпен бірге бір қызметте болған. Ол кісі бірнеше рет Қордай ауданына келген. Әкемді де Алма­тыға жиі шақырып тұратын. Бір қызметте жүріп, бірге тұрып, екеуі достасып кетті. Сол уа­қыттарда Ораз Жандосовты «халық жауы» деп айыптап, ұс­тап алып бара жат­қанда, әкем оны жолдан қарсы алып, «Қош бол, Оразжан» деген әнін шы­ғарыпты. Міне, осы әні үшін әкемді де «халық жауы» деп таныпты. Алты ай түрмеде жат­қан әкем ақталып шықты. Бірақ қа­лай босап шыққанын білмейміз. Бұл туралы бірқатар деректер бар. Қателеспесем, Мұхамед­жан Қаратаев жазған шығар, оны қасындағы Ораздың досы немесе көмекшісі ұстап берді деген ақпаратты оқып қалғаным бар. Кенен Әзірбаев қазақтың ортасында жүрген сыйлы ақын, әнші деп түрмеден шығарып алған дегенді естігем. 

– Тележүргізуші Мая Бек-баева Кенен Әзірбаевтың 140 жылдық мерейтойына арнап «Наша история» атты кино тү­сіріп жатыр. Сіз киноның сценарийімен танысып көрдіңіз бе? Өзіңізден де бірқатар естеліктер алған шығар?

– Бұл сұраққа жауап беруге қиналып отырмын. Мая Бекбаева деген кино түсіріп жүрген қызды көргенім жоқ. Қазірге дейін ол менен ешқандай сұх­бат та алмады. Бірақ кино тү­сі­ріп жатыр екен дегенін естігеніммен сценарийімен танысып көр­медім.

– Жыршының мерейтойы қарсаңында аты берілген мектепте бьюст ашылды. Атаулы жылға арналған тағы қандай жобалардан хабардарсыз?

– Әкемдің атына берілген мектептер баршылық. Көбі – оңтүстік өңірінде. Кенен ата ұр­пақтары жыл сайын аты бе­ріл­­ген мектептерге жиі-жиі ба­рып, кемшін тұстарына кө­мек­тесіп тұрады. Жақында кі­тап­тарын, әндерінің ноталарын мектептерге қалдырып қайт­тық. Әкеміздің биыл 140 жыл­дығына орай Отар мен Байзақ ауда­нындағы мектепке ұр­пақтары атынан Кенен қоры­нан бьюст орнатылды. Мерей­тойға байланысты түрлі концерттер өтіп, баяндамалар оқы­лып жатыр. Биыл кино да түсірілмек. 

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ