Еуразиялық одаққа мүше елдер бюджетті толтырудың жаңа қайнарын ашты, ол сарапшылар арасында «Google салығы» деп аталады.
Google-дан салық сауған ел
765
оқылды

Бірінші болып, оны 2017 жылы – Ресей, 2018 жылы Беларусь енгізді. Қазақстан мен Қырғыз елі салық жинауды 2022 жылдан бастады. Үкімет мүшелерінің мойындауынша, бұл одақ елдері арасында дауға тамыздық болыпты. Сондықтан биыл ЕАЭО мемлекеттері ортақ келісімге келіп, ұлттық заңнамаларын өзгертті.

Шекараның ар жағынан келген алым

Google анықтама орталығы бүгінде қандай елдер өзіне салық, соның ішінде қосылған құн са­лығын (ҚҚС) салатынын түсін­дір­ді. Ол салық әртүрлі елде әра­луан қызметтен, мысалы, тіпті осы жаһан­дық іздеу жүйесінде кө­рініс та­батын беттерден, жар­на­ма­ла­натын тауардың сипаттамасынан да жиналады екен. 

Қазақстан негізінен, іздеу жү­йе­­­леріндегі және әлеуметтік же­лі­лердегі ақылы қызметтерден, тар­­геттелген жарнамадан салық ала­­ды. Бұл ретте ол салықты он­лайн платформалардың өзі төле­мей­ді, қазақстандық клиентінен өн­діреді, соған көрсететін қыз­ме­тінің тарифіне ҚҚС-ты қоса сала­ды. 

Сонымен, «Google салығын» бү­­гінде әлемнің 84 мемлекеті ен­гіз­ді. Арасында Еуропа елдері, Ауст­­ралия, Бангладеш, Бахрейн, Бразилия, Гана, Зимбабве, Ка­мерун, Кения, Нигерия, Колум­бия, Израиль, Малайзия, Мальта, Марокко, Мексика, Түркия, Үн­ді­с­тан, Жапония, араб елдері және бас­қасы бар. ТМД кеңістігінде Қа­­­зақстан, Әзербайжан, Армения, Бе­ларусь, Грузия, Ресей, Молдова, Украина, Тәжікстан, Өзбекстан онлайн платформалардан салық жи­нап жатыр. 

Мысалы, одақтас Беларусьте бұл салық мардымсыз: үш жылда жал­пы сомасы 90 миллион руб­ль­дей түсім түскен көрінеді. 

Қырғыз республикасының Қар­жы министрлігінің дерегінше, «Google салығы» бұл елдің бюд­жетіне 2022 жылы 400 млн сом тү­­­сіріпті. Алатаудың арғы бау­райын­дағы ағайын ел Meta, Apple, Bloomberg, Google, Яндекс сияқты жал­пы саны 48 техноалпауыттан са­лық өндіреді. 2023 жыл қоры­тын­дысында олар жалпы сомасы 438,1 миллион сом (Ұлттық банк­тің бағамы бойынша бұл шамамен 2,2 миллиард теңгеге тең) аударған. 

Биыл бұл түсім молырақ бо­ла­ды деп күтілуде: 2024 жылғы қаң­тар­да шетелдік ұйымдардың элек­тронды қызметтеріне салынған ҚҚС-тан қырғыз бюджетіне 188,5 мил­лион сом құйылды. ҚҚС кө­ле­мі көршіде 12%-ды құрайды. 

Ресейдің федералдық салық қыз­метінің дерегінше, «Гугл са­лы­ғын» төлеушілер тізімінде 2017 жыл­дан бері Apple, Bloomberg, Google, Microsoft, Netflix сияқты 1 089 компания тұрған. Қазіргісі белгісіз: соғыс басталғалы тізілім құпияландырылды. Бұған қоса, дамыған елдердің технологиялық алпауыттары бұл елден жаппай кетті. Қалғаны қудаланады: 2022 жы­лы Мәскеу сотының шешімімен америкалық Meta (оған Facebook, Instagram кіреді) «экстремистік ұйым» деп танылды және Ресейде тыйым салынды.

РФ салық қызметінің дере­гін­ше, «Google салығынан» федерал­дық бюджетке жылына 10-15 мил­лиард рубль салық түседі. Ақпарат құрал­дарының жазуынша, олардан РФ заңнамасындағы қаптаған тыйымдарды бұзғаны үшін бұдан бірнеше есе көп айыппұл жина­ла­ды.

Алпауыттар салыққа неге қуана келісті?

«Google салығы» Қазақстанда 2022 жылғы 1 қаңтарда күшіне ен­ді. Мемлекеттік кірістер комитеті­нің дерегіне жүгінсек, сол бірінші жы­лы интернетте қызмет көрсе­те­тін шетелдік ұйымдар мен сонда тауар сататын сауда алаңдары бюд­жетке 16,4 миллиард теңге түсім тү­сірді. 

2022 жылы «Google салығын» тө­леушілердің тізіміне 45 ком­па­ния кірді. Салық органының мә­ліме­тінше, ел бюджетіне бәрінен көп қосылған құн салығын Meta Platforms Ireland Limited (Ирлан­дия) компаниясы аударған – 2,9 мил­лиард теңге. Екінші орында аме­рикалық iHerb тұр – 2,6 мил­лиард теңге. Үштікті Google Commerce Limited (Ирландия) тұйық­тады – 2,2 млрд тенге. Apple Dist­ribution International Limited (Ирландия) – 1,7 млрд теңге, Valve Corporation (АҚШ) – 1,6 млрд тенге көрсеткішімен бестікке қосылды.

Ресейлік «Купишуз» (Lamoda) қазақстандық бюджетке 731,1 миллион теңге, нидерланд­тық Netflix International B.V. – 288,2 миллион теңге, гонконгтық Qnet Limited – 285,4 млн теңге, ре­сейлік «Интернет решения» (Ozon бренді) – 204,7 млн теңге, аме­­­рикалық Zoom video Communi­cations Inc. – 102,6 млн теңге әкел­ді.

Салық кодексіне сәйкес, елі­міз­де тұратын жеке тұлғаларға элек­тронды формада қызмет көр­се­тетін немесе интернет алаң, мар­­­­кетплейс арқылы тауар сататын (Alibaba, JD.com, Ozon, Wildberries және басқасы) шетелдік ком­па­ния­лар 12% ҚҚС төлеуге тиіс.

Сауда және интеграция ми­нистрі Арман Шаққалиевтің ай­туын­ша, шетелдік компаниялар 2023 жылы Қазақстанға 18,4 мил­лиард теңге «Google салығын» тө­леді. Бұл салада ҚҚС төлеуші ре­тін­де бүгінде шетелдік 60-тан ас­там фирма шартты тіркелген.

Яғни, жаңа салық түрі ен­гі­зілген екі жылда республи­ка­лық бюджет 34,8 миллиард тең­геге толықты. 

Салық консультанты Әнуар Се­рік­баевтың айтуынша, о баста са­рапшылар шетелдік тех­ноал­пауыттардың бұл салықты төлеу­ден барынша жалтаратынын тұс­пал­даған. Шынында, олар үлкен ынта-ықыласпен тіркеле бастады. Мұның мәнісі неде?

«Біріншіден, бұл Қазақстанның ой­лап тапқан ноу-хауы емес, оны тех­ногиганттар дамыған елдерде жиыр­ма жылға жуық уақыттан бері тө­леп келеді. Мысалы, АҚШ-тан кейін Еуропалық Одақ 2006 жылғы 28 қарашада электронды қызмет көр­сететіндерден қосымша салық жи­науға кірісті. Осы мақсатта ЕО Кеңе­сінің директивасы қабыл­дан­ды. Қазақстандық қағидалар кө­бі­не еуропалық тәжірибені қай­та­лайды. Екіншіден, «Google са­­­­­­лығын» са­лық төлеуші ком­па­ния­ның өзі тө­ле­мейді, оны клиент, қыз­меттің ақыр­ғы тұтынушысы не­месе қыз­метті өт­кізу процесінің басқа қа­тысу­шы­лары, қысқасы – қазақ­стан­дықтар өз қалтасынан өтейді», – деді сарап­шы.

Мысалы, Google қосылған құн са­лығының ауыртпалығын тұты­ну­­­шысының иығына арта салды: Google Play қосымшалар дүкенінде қазақстандықтарға арналған баға­ны соншаға қымбаттатты. 

Meta өзіне бағынысты Facebook, Instagram әлеуметтік желі­ле­рін­де таргеттік жарнама мен ілгері­лету құнын 12 пайызға, салық кө­­ле­­міне жоғарылатты.

Apple компаниясы бұл салықты төл iTunes Store дүкені үшін қо­сым­шалар әзірлейтіндерге жүктеді. Бұл оған ақырғы тұтынушылар үшін бағаны ұлғайтпауға мүмкіндік берді. Алайда қосымшаларды әзір­леушілердің және контент жет­кізу­шілердің табысы төмендеді. 

Осылайша, интернет-компа­ния­лардың салық жүктемесі арт­қан жоқ, олар «Google салығын» өз­ге­нің есебінен жинап, Қазақстан бюджетіне аударумен ғана айна­лы­сып отыр. Мұны «өнімсіз делдал» атай­ды: Apple да, Google да офер­та­ларында, тіпті «салық салу мә­се­ле­лері бойынша еш­қан­дай кеңес пен түсіндірме бермей­ті­нін» бат­ти­тып жазып қойған. Қа­зақстан­ның бұл салығына қа­тыс­ты егжей-тег­­жейді білу үшін са­лық кон­­су­ль­танттарына жүгінуге кеңес береді. 

Үшіншіден, Қазақстан сарап­шы­­лар арасында жалпылама «Google салығы» аталып кеткен им­­порттық ҚҚС салығын төлеуді ба­рынша жеңілдетті. Оны төлеуші ре­­тінде есепке тұру үшін жаһандық ин­­тернет-компаниялар мен мар­кетплейстерден тіпті Қазақстанда өкіл­дігін ашу, жауапты болатын жер­гілікті компаниясын құру да та­лап етілмейді. Қашықтан «шарт­ты тіркеуден» өтсе және салық есеп­тілігі мен ҚҚС-ын электронды ау­дарса, болғаны. Яғни, қазақ­стан­дық салықшылармен еш байла­ныс­қа түспейді, кездеспейді. Қа­зақ­стандық салық ревизорлары ола­рға «салықты дұрыс аудар­ма­дың» деп тексеріспен бармайды.

Ресейліктер салығы Ресейге кетті

Таяуда ел Парламенті «2014 жылғы 29 мамырдағы Еу­ра­­­­зия­лық экономикалық одақ ту­ралы шартқа электрондық нысанда қыз­меттер көрсету кезінде жанама са­лықтар алу тәртібін айқындау бө­лігінде өзгерістер енгізу туралы хаттаманы» ратификациялады. Құжат ЕАЭО-ға кіретін бес ел ара­сын­дағы даулы мәселелерді рет­тей­ді.

Сондай-ақ одаққа мүше мем­ле­кеттердің аумағында электрон­дық нысанда көрсетілетін қызмет­тер нарығын дамытады, оларға қо­­­сылған құн салығын төлеу те­ті­гін енгізуге ықпал етеді делінді. Ең бас­ты жаңалығы – «тұтыну орны бойынша салық есебіне қоюды» оңай­латады. 

Өйткені Украинаға шапқын­шы­лық жасағалы Ресейден Apple, Google, Microsoft, iHerb, Airbnb сияқ­ты көптеген техноалпауыттар, ин­тернет компания кетіп қал­ды. Тіпті, ресейлік электронды сер­­­вистер өз елін тәрк етті. Мысалы, InDrive, 2ГИС және басқасы Қа­зақ­­станға көшті.

Алайда олардың басым көп­шілігі қашықтан Ресей тұрғын­да­ры­на қызмет көрсетуін жалғастыр­ды. Олардың кейбірі мұны Қа­­­­­­­зақ­стан­дағы, Армениядаға, Бе­ларусь пен Қырғызстандағы өкіл­дігі арқылы жүзеге асырады. Тиі­сінше, салықты да осы елдерге тө­лейді. Бұл Мәс­кеу­ге ұнамады. Сон­дықтан РФ: «Гугл са­лығын ком­паниялар тіркелген елі­не емес, соның қызметін пай­да­ланатын тұтынушылардың тұра­тын еліне төлесін» деген төл бас­та­масына одақтастарын бас игізді. 

Қаржы вице-министрі Ержан Бір­жановтың түсіндіруінше, осы ке­лісімде көрсетілген тәртіпке сәй­кес, одақ елдерінде тіркелген са­лық төлеуші компания Қа­зақ­стан­дағы не Ресейдегі тұты­ну­шы­лар­ға қызмет көрсететін болса, оған Қазақстаннан не Ресейден қа­ражат аударылатын болса, онда са­лық тиісінше, қазақстандық не ре­сейлік бюджетке түсуі керек.

– Бұл бізге де тиімді. «Google са­­­лығы» аясында бүгінде Қазақ­стан­да 64 салық төлеуші тіркеліп, қа­зақстандықтарға қызмет көр­се­теді. Олардың қазақстандық салық ор­гандарына тіркелуі жеңілдетілді. Міндетті түрде Әділет министр­лі­гінде тіркелу талап етілмейді. Қа­шық­тан хаттамасын жіберу арқы­лы банк мәліметтерін, ID-кодты береді, сол арқылы бізде тіркеледі. Қа­зақстандықтар банктен есеп айы­рысқан кезде компания түскен та­бысынан 12 пайыз салығын тө­лей­ді. Бұл негізінен қазіргі заманда кең өркен жайып жатқан электрон­ды қызмет түрлері бойынша бюд­жет­ке салықты өндіріп алу мақса­тын­да жасалып отыр, – деді қаржы министрінің орынбасары.

Жалпы, интернет плат­фор­ма­ларға бұл салықты Қа­зақ­стан мен Қырғызстанда төле­ген қо­лайлы еді: оларда ҚҚС ставкасы 12 пайыз ғана. Тиісінше, түпкі тұ­тыну­шысы үшін өнімі осыншаға ға­на қымбаттайды. Салыстырсақ, Ре­сейде – 18%, Беларусьте – 20% «Google салығы» жиналады. 

Ержан Біржанов одаққа кіретін бес мемлекет арасында электронды ны­саналардан қосылған құн са­лы­ғын өндіріп алу бойынша айыр­ма­шы­лықтар барын растады. 

«Дау туындағаннан кейін осы хат­тама жасалды. Себебі басқа мем­лекетте тіркелген салық төлеу­ші компаниялар ҚҚС-ты өзінің тұр­ғылықты жері бойынша төлей бастады, бірақ оның тұтынушы­ла­ры басқа мемлекетте тұрады. Қа­ра­жат қай елден шықты, сол жаққа са­лық аударылсын деген прин­цип­ті енгізу бастамасы көтерілді. Сон­дық­тан осы хаттама іске асырылып отыр», – деді қаржы вице-ми­нистрі.

Ресейліктер Қазақстанда шарт­ты тіркелген сервистен тапсырыс жа­саса, бірақ оның салығы енді Ре­сейге кетсе, «Google салығынан» Қа­зақстанға түсетін түсім де азай­май ма? Қаржы министрлігінің бай­ламынша, шетелден элект­рон­ды ­түрде тауар алатын, қызметке тап­­сырыс беретін қазақстандық тұ­тынушылардың саны онсыз да есе­леп артып келеді. Сол себепті салық төлеушілердің саны да, «Google салығының» көлемі де әрі қарай ұлғаятын болады.

Елдос СЕНБАЙ