Атырау облысына қарасты Еркінқала аулының маңындағы №50 учаскеде бөгет салу жұмыстары жалғасып жатыр.
Рашила Мурсалиева: Халықтың бірлігі елге төнген қауіптен сақтайды
1,060
оқылды

Жағалауда жүріп жатқан бөгет жұмысына ардагер ұстаз, Атырау облысының құрметті азаматы, қоғам қайраткері Мурсалиева Рашила Қабиқызы қатысып, қапшыққа топырақ толтырып атсалысты.

– Қашан да халықтың бірлігі елге төнген қауіптен сақтайды. Жерімді аман алып қаламын деген ниетпен бүкіл ел үлкен-кішісі қалмай еңбек етуде. Осы маңда Қ. Дүтбаева атындағы Атырау гуманитарлық колледжінің ұстаздары мен студенттері жұмыс істеп жатқанын естіп, үйде отыра алмадым. Ғасырлық тарихы бар оқу орнының студенттері – болашақ ұстаздар. Олар – ұрпақ тәрбиелейтін ұлағатты тұлға. Сондықтан ел болып бірігіп атқарылған жұмыс ынтымақтастықты, бірлікті танытады. Және әр баланың жүрегінде кіндік қаны тамған туған жерді сүюге, қорғауға деген берік сенімді ұялатады. Өзімнің шәкіртім Айжан Сәрсенқызы бастаған ұжымға талмас қайрат тілеймін. Істерің оңға бассын! – деп, жастарға риза болған Рашила апай ақ тілегін арнады. 

Еріктілерге тәтті бәліштер мен ыстық тамақ таратылды.