Атбасарда бірнеше күн бойы №1 мектепті су басқандықтан сабаққа бара алмай қалған мектеп оқушылары ертеңнен бастап оқу процесін жалғастыратын болды, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.
Қазіргі уақытта №1 мектеп суда тұр. Оқушылар білім алуына мүмкіндік туғызу үшін жергілікті атқарушы билік Атбасар қаласының аграрлық-индустриалды колледжінің ғимаратында оқуды жалғастыру туралы шешім қабылдаған. Оқушыларға ғимараттың 2 қабаты бөлінген.
Естеріңізге сала кетсек, Жабай өзенінің күрт көтерілуінен №1 орта мектептің ғимаратын су басып оқушылар қашықтан оқыту форматына көшірілген еді.
«Атбасар қаласының аграрлық-индустриалдық колледжі №1 орта мектебінің оқушыларын қабылдауға дайын. Ол үшін колледж 15 кабинетін ұсынды», – деді колледж директоры Владимир Лукин.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы