Махамбет ауданында қазір тасқынға қарсы шаралар тәулік бойы жүріп жатыр. Махамбет ауданы әкімдігінің мәліметінше, аудан аумағындағы елді мекендердің судан қорғану бөгеттерінің барлық ұзындығы – 80 шақырым.
Атырау облысының ТЖ жөніндегі жедел штабының мәліметінше, қазіргі уақытта ұзындығы 64 шақырым дамбының 54 шақырымы нығайтылды. Қалған бөлігін жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр. Махамбет ауданы бойынша сонымен бірге, 19,3 шақырым болатын жаңа бөгет соғу жоспарланды. Қазіргі таңда, аталған бөгеттің 15,2 шақырымы соғылды.
Жаға бекіту жұмыстарына Махамбет ауданы бойынша, мекемелердің 250 қызметкері, 3500 ерікті, 331 әскери және 226 техника жұмылдырылды. Тасқынға қарсы іс-шаралар Индер ауданында да тәулік бойы жалғасып жатыр.
14 сәуір күнгі жағдай бойынша, жаға бекіту мақсатында ұзындығы 21,5 км бөгеттер салынды. Жағаны бекіту жұмыстарына арнайы 84 техника, 480 мекеме қызметкерлері мен ауыл азаматтары және 350 әскер жұмылдырылды.
Айта кету керек, Индер ауданы бойынша негізінен қауіпті аймаққа Жарсуат және Құрылыс елді мекендері кіреді. Қорғаныс бөгеттерінің 10 500 метрі осы аумақта орналасқан. Сонымен қатар суға кету ықтималдығы бар Индербор кенті, Елтай, Есбол, Көктоғай, Бөдене, Өрлік және Ынтымақ ауылдарының бөгеттері де көтерілді.