Қазір өңірде қауіпсіз жерге көшірілген тұрғындардың саны 10 345 адамға жетті.
Солтүстік Қазақстанда бір түнде 400-ден астам үй су астында қалды
Фото: tengrinews.kz
657
оқылды

Солтүстік Қазақстан облысында су басқан үйлердің саны 2122-ге жетті. Өткен тәулікте 436 үйге су кірген, – деп хабарлайды Aikyn.kz СҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Петропавл тұрғындары су тасқынынан ең көп зардап шекті – 1105 үй су астында қалған. Сондай-ақ Қызылжар ауданында 867 тұрғын үй суға кетті. 

Тасыған Есіл өзенінің суы төмен қарай кетіп барады. Сондықтан өткен тәулікте тасқын су Соколовка, Вишневка, Ольшанка, Большая Малышка елді мекендеріне кірді. Мұндағы тұрғындар жедел түрде эвакуацияланды.

Қазір қауіпсіз жерге көшірілген тұрғындардың саны 10 345 адамға жетті. Оның 3 мыңы өткен тәулікте эвакуацияланды. 10 мыңға жуық адам туған-туыстарын паналаған. 

Үй жануарлары да қауіпсіз жерге шығарылып жатыр, олардың жалпы саны – 4 мыңға жуық.

Су тасқыны басталғалы өңірде жол учаскелерін 69 рет шайды. Қазіргі уақытта 17-сінде су жатыр, оның алтауы – республикалық маңызы бар автожолдар.

Петропавлға кіре берістегі «Жезқазған-Петропавл» А-16 автожолының 954 км-нің жарты шақырымын су басты. Тереңдігі – 75 см. Қазір бұл жерде тек жүк көліктері ғана өтіп жатыр.

«Челябі-Новосібір» М-51 халықаралық маңыздағы автожолдың 527-529 км су басты, ұзындығы 2 км, тереңдігі 210 см асып кетті.

Республикалық маңызы бар Р-49 Петропавл айналма жолының 3-8 км, ұзындығы 1 км, тереңдігі метр және осы жолдың 11-14 км – ұзындығы жарты км, тереңдігі – 250 см – суда қалды. 

СҚО-да қауіпті жағдай әлі де сақталған. Сергеев су қоймасында су деңгейі өткен тәулікте -29 см-ге түсті, қазір шамамен 152% толған. 

Петропавл су қоймасының деңгейі көтеріліп келеді. Өткен тәулікте 57 см-ге көтеріліп, 114,78% толды.