Бұл жайында "Қазгидромет" мекемесінің ауа райын қысқа мерзімге болжау басқармасының басшысы Ардақ Қалменова хабарлады. Оның айтуынша, Ақмола облысында су тасқыны ең қауіпті деңгейге жеткен.
– Әзірге Солтүстік Қазақстан облысында ауа райы күрт жылынып кетпей, өзіне тән қарқынмен жылып отыр. Батыс Қазақстан, Атырау және Солтүстік Қазақстан облыстарында су тасқынының екінші толқыны болуы мүмкін. Өйткені Ресейден келген су Батыс Қазақстан облысына, одан Атырауға жылжиды деп күтілуде. Оның үстіне, алдағы үш күнде ол жақтарда жаңбыр жауады. Ал Солтүстік Қазақстан облысында 16-17 сәуір жауын-шашын болады деп болжануда. Одан кейін күн жылынып, ауа температура 10-15 градусқа дейін барады, – дейді Ардақ Қалменова.
Қазір Солтүстік Қазақстан облысы Петропавл қаласында жағдай өте күрделі. Облыс орталығының үш шағын ауданында мыңнан астам үй су астында қалды.
– Петропавлда жағдай әлі күрделі. Сергеев су қоймасындағы су 151 пайызға толып тұр. Өткен тәулік ішінде су деңгейі 29 сантиметрге төмендегенімен, Есіл өзенінің су деңгейі көтерілуі толастар емес. Салдарынан өзен жағасында орналасқан Қызылжар елді мекені мен Петропавл қаласының үйлері әлі деп су басып қалып жатыр. Мысалы, қазір облысымызда 2 122 үй мен мыңнан аса үй ауласын су басты. Ахуал әсіресе Қызылжар ауданының Тепличный, Прибрежная кенттерінде күрделі. Ол жақта 500-ден астам үйді су алып, 2 мыңнан астам адам эвакуацияланған. Әлі жуық маңдағы ауылдарды су баспақ. Тіпті, Хромзавод секілді тағы біраз шағын аудандарында тәулік ішінде 1324 үйді су алды. Жалпы облыс бойынша 10 мың 345 адам эвакуацияланды. Олардың 2 мыңнан астамы бала. Тек осы тәулік ішінде ғана 2947 адамды қауіпсіз жерге көшірдік. Олардың 448-і бала, – деді СҚО Төтенше жағдайлар департаменті ақпараттық-аналитикалық тобының бас маманы Жазира Қожахметова.
Сонымен бірге Ақмола облысындағы Терісаққан және Есіл өзендерінің тасуы салдарынан Қима-Терісаққан арасында жолдың 28-шақырымын су басқан. Осы себепті Жақсы ауданының Терісаққан ауылымен көлік қатынасы үзілді. Қазір тұрғындарға қажетті азық-түлік, дәрі-дәрмекті Ақмола облысының төтенше жағдайлар қызметі жергілікті билікпен бірлесіп, "Қазавиақұтқару" тікұшағымен жеткізіп отыр.