Американың мега-байлары әлеуметтік және саяси тұрақсыздыққа алаңдап, басқа елдердің азаматтығын алуда. Олар неге америкалық паспортына сенбей басқа елдерге қаша бастады?
Бай америкалықтар басқа елдерге қашуда. Неге?
Бүкіл әлемді Америкаға қызмет еткізген доллардың дәуірі аяқталуда. Фото istockphoto.com сайтынан алынды. Авторы: Diy15
2,075
оқылды

Бірнеше күн бұрын businessinsider.com сайты өте бай америкалықтар басқа елдердің азаматтығын ала бастағанын жазды. Осы материалға сүйенген Aikyn.kz бұндай үрдістің себебі саясат пен экономикада екенін түсіндіреді.

Мега-байлар доллардан қашып, еуроға ауыса бастады ма? Фото istockphoto.com сайтынан алынды. Авторы: KevinHyde

Мега-бай америкалықтар қосалқы жоспар ретінде екінші азаматтық беретін елдерді іздей бастады. Олардың қатарында Португалия, Мальта, Греция, Италия және Жаңа Зеландия бар.

АҚШ-тағы әлеуметтік-саяси тұрақсыздықты болжаған тұрғындар қазірдің өзінде бұндай жағдайға дайын емес екендерін сезінуде.

Бүкіл әлем ресурсын Америка үшін қызмет еткізген доллардың дәуірі аяқталып келеді. Енді Құрама штаттар әлемнің басқа елдері сияқты өздерінің ішкі ресурстарына ғана сенуге мәжбүр болғанын түсінген халық жақсы, арзан да жеңіл өмірді басқа құрлықтардан іздей бастаған сияқты.

Мүмкін бұл АҚШ-тың басқа елдердің саясатына «араласуына байланысты күнәдан туған карма шығар» дейді businessinsider.com.

Елден қашу жоспарын миллиардерлер алдын ала дайындайды. Фото istockphoto.com сайтынан алынды. Авторы: Nemanja Potkonjak

Арзан елдерге көшу қарапайым америкалықтарға қиын болғанымен бай адамдар үшін елден қашу жоспары алдын ала дайындалған болуы мүмкін. Олар басқа елдердің азаматтығын «алтын виза» деп аталатын бағдарламалар арқылы ала бастаған.

Қаржылай мүмкіндігіңіз болса сол елдің экономикасына инвестиция салу, мысалы, жылжымайтын мүлік сатып алу, бизнес ашу, екінші азаматтық алуға жол ашады.

Мега-бай америкалықтардың ендігі көздеген елдерінің бірнешеуін қарастырайық. 

Әдемі Португалия екінші азаматтық алғысы келетін америкалықтардың ең басты бағыты. Фото httpstraveltomorrow.com сайтынан алынды

Бірінші, Португалия. Португалия екінші төлқұжат алғысы келетін америкалықтардың ең басты бағытын айналған. Henley & Partners мәліметтері бойынша, америкалықтар Португалиядағы алтын виза бағдарламасы бойынша бес жылдан кейін екінші азаматтық ала алады.

Португалия билігі де өздерінің төлқұжаттарына сұраныс жоғары екенін біледі. Reuters-тің хабарлауынша жақында үкімет «алтын виза» бағдарламасына шектеулер қосып, Португалияда жылжымайтын мүлік сатып алып, азаматтық алатын норманың күшін жойған.

Болашақта бұл елдің азаматтығын алғысы келген үміткерлер инвестицияның басқа түрлері арқылы бағдарламаның артықшылықтарын пайдалана алады.

Жанға жайлы Мальта – ауқатты америкалықтардың таңдауы. Фото imin-malta.com сайтынан алынды

Мальта

Мальта – ауқатты америкалықтардың келесі таңдауы. Олар тұруға рұқсатты аралас инвестиция арқылы ала алады. Яғни, бұл қаржылық инвестиция немесе жылжымайтын мүлікке инвестиция болуы мүмкін. Мальта резиденттік бағдарламасы Мальтада ұзақ уақыт шектеусіз тұруға рұқсат береді. Сондай-ақ Еуропаның көп бөлігіне бір айлық визасыз кіру мүмкіндігін ұсынады. 

Henley & Partners клиенттері іс жүзінде Еуропаның басқа елдеріне баруды көп қолданбаса да, бұндай опцияның ыңғайлы екенін айтады.

Грекиялық Үкімет ең танымал аралдар үшін инвестициялық бағаны 800 000 еуроға дейін көтерді. Фото kidpassage.com сайтынан алынды

Грекия

Грекия – бай америкалықтар үшін тағы бір танымал орын және алтын визасының бағасын өсірген ел. Ақпан айында грекиялық Үкімет ең танымал аралдар үшін инвестициялық бағаны 800 000 еуроға дейін көтеретінін мәлімдеген.

Бұл өзгеріс Грекия 2023 жылы Афины, Миконос және Санторини сияқты мол туристік ағыны бар қалалар мен аралдар үшін жылжымайтын мүлікке инвестиция салу мөлшерін 250 000 еуродан 500 000 еуроға дейін көтергеннен кейін болған.

Италияның резидентура бағдарламасы «ел экономикасына қомақты үлес қосуды» талап етеді. Фото istockphoto.com сайтынан алынды. Авторы: Olena_Z

Италия

Қосымша төлқұжат іздеген кейбір америкалықтар италиялық резидентура бағдарламасына қызығушылық танытуда. Бағдарлама «ел экономикасына қомақты үлес қосуды» талап етеді.

Италияда тұру және жұмыс істеу құқығын алу үшін инвесторлар 250 000 мен 2 миллион еуро төлеуге дайын болуы керек.

Жаңа Зеландияның азаматтығын алу өте қымбат, 9 млн доллар тұрады. Фото istockphoto.com сайтынан алынды. Авторы: Robert CHG

Жаңа Зеландия

Кейбір технологиялық магнат Питер Тиль сияқты мега-байлардың назары Жаңа Зеландияға бағытталған. Жаңа Зеландия екінші төлқұжат алу үшін тартымды 10 елдің қатарында аталғанымен, бұл елдің азаматтығын алу өте қымбат.

Болашақ тұрғындар екінші төлқұжат үшін 3 млн мен 9 млн долларға дейін төлеуге дайын болуы керек.

Міне, қымбатшылық пен экономиканың баяу өсуінен, салықтың жоғарылауынан қашқан америкалық байлар өздерінің миллиардтарын тыныш аралдар мен кішігірім елдерге көшіруде. Бұндай жағдай тек америкалық ауқатты адамдарға ғана емес, басқа елдердің азаматтарына да тән үрдіс. Өмір бойы адал еңбегімен жинаған оларды да, халықтан ұрлаған ақшаларын басқа елдерге жасыруға жанталасқан миллиардерлерді де түсінуге болады. Олардың әрекеттеріне бағаны өзіңіз беріңіз.