ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Қайрат Балабиев әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық үшін жазаның қатаңдатылғанын айтты.
Қайрат Балабиев: Жаңа заң отбасы институтын нығайтады
510
оқылды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған жолдауларында әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдатуды тапсырғаны мәлім. Мәжілісте бүге-шігесіне шейін қаралып, қызу талқыға түсіп, қабылданған әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған заңдарға Президент қол қойды. 

Заңдарға әйелдер мен балаларға қатысты кез келген сипаттағы зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатаңдататын, сондай-ақ отбасы институтын, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін нығайтатын нормалар енгізілді. Атап айтқанда: 

 денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру және ұрып-соғу қылмыстық құқық бұзушылық ретінде танылды. Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа және ауыр зиян келтіруге қатысты жауапкершілік қатаңдатылды;

 неке және отбасы, әке болу, ана мен бала институтын нығайтуға негізделген неке және отбасы заңнамасының жаңа қағидаттары, сондай-ақ жалпыадамзаттық, ұлттық, дәстүрлі, мәдени, отбасылық құндылықтарды құрметтеу негізінде балалардың адамгершілік, рухани тәрбиесін қамтамасыз ету қағидаты қарастырылған;

 отбасы, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі байланыс орталығы қызметінің құқықтық негіздері жасалды. Оның рөлін ақпараттандыру саласындағы уәкілетті орган айқындайтын заңды тұлға атқарады. Бұл ретте мемлекеттік органдар отбасы, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзара әрекет етіп қана қоймай, байланыс орталығына азаматтардың өтініштерін қарау нәтижесінде қабылданған шаралар туралы ақпарат беруге міндетті болады;

 тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету үшін отбасын қолдау орталықтарын құруға және олардың жұмысына қатысты мәселелер заңнамалық тұрғыдан бекітілді;

 өзін-өзі өлтіруге итермелегені және ықпал еткені, сондай-ақ өзін-өзі өлтірудінасихаттағаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді;

 16 жасқа толмаған адамдарға сексуалдық сипатта тиіскені үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Кәмелетке толмағандарды ұрлағаны және заңсыз бас бостандығынан айырғаны үшін жаза айтарлықтай қатаңдатылды;

 кәмелетке толмағандарды жәбірлегені (буллинг, кибербуллинг) үшін әкімшілік жауапкершілік алғаш рет енгізілді;

 білім беру ұйымдары кәмелетке толмағандар жасаған немесе оларға қатысты жасалған заңға қайшы әрекеттер туралы құқық қорғау органдарына дереу хабарлауға міндетті;

 16 жасқа дейінгі балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында  жол ақысын төлемегені үшін оларды қоғамдық көліктен мәжбүрлеп түсіруге тыйым салынды.

Өкінішке қарай қоғамда көбейіп кеткен отбасылық жанжал, ажырасу, әлімжеттік, зорлық-зомбылық, кибербуллинг және т.б қателіктер мен қылмыстар жазаны қатаңдатпасқа амал қалдырмады. "Өз отбасында тәртіп жоқтар, мемлекетте тәртіп орната алмайды" дегендей үйдегі тәртіпсіздік көшеге шығып, мектептерге жетті. Соның салдарынан келеңсіздіктер көбейіп кетті. Әйтпесе, отбасында текті тәрбие көріп өскен бала кісіге қиянат жасамайды. Міне, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамның жан-жарасына айналған мәселеге назар аударып, аналар мен балалардың құқықтарын қорғайтын Заңдар қабылданып жатыр. Жақсы әкенің тәрбиесін жүз мектеп те бере алмайды. Сондықтан бұл заңдарда отбасы институтын нығайту жағы да қамтылды.