Алдымен депутаттар облыстық Төтенше жағдайлар департаментінде орналасқан жедел штабтың жұмысымен танысты.
«AMANAT» депутаттары тасқынға тосқауыл қою шараларымен танысты
748
оқылды

Мәжіліс депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Нартай Сәрсенғалиев, Еділ Жаңбыршин, Ринат Зайытов және Мәжіліс депутат Абзал Құспан Батыс Қазақстан өңіріне барып, су тасқынының алдын алу мақсатында бөгет соғылып жатқан аумақтарды аралады. 

Алдымен депутаттар облыстық Төтенше жағдайлар департаментінде орналасқан жедел штабтың жұмысымен танысты. Халық қалаулысы Еділ Жаңбыршиннің айтуынша, Ресей Федерациясына қарасты Орынбордағы су тасқыны бірер күнде осы Батыс Қазақстан облысына жетуі мүмкін.

«Орынбордан аққан судың тек 5%-ы ғана жерге сіңіп үлгереді. Өкінішке қарай, қалған су Оралға келеді. Соған байланысты қолда бар күшті, ресурсты ең алдымен осы өңірге жұмылдыру қажет. Тасқынға тосқын болатындай тас-түйін дайын болуымыз керек. Қазір аймақта барлық жұмыс жүріп жатыр. Жергілікті билік апаттың алдын алу мақсатында жүйелі жұмыс істеуде», – деді депутат.

Өңірде қарғын суға қарсы қабылданып жатқан шаралар жөнінде департамент басшысы Руслан Қасыбаев және облыс әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов баяндады.

Облыс әкімі орынбасарының айтуынша, өңірде су тасқыны қаупі әлі сейілген жоқ. Мәселен, аймақтағы 12 ауданның 8-інде жағдай тұрақтанса, Жайық өзені бойында орналасқан қалған 4 аудан және Орал қаласына әлі қауіп төніп тұр. 

«Жайық өзені бойында орналасқан Орал қаласы мен аймақтағы 84 ауылды қорғау жұмысы жалғасуда. Ауылдар айналасына дамба тұрғызу жұмысы жүріп жатыр. Облыс аумағында 300-ге жуық техника жұмыс істеуде. Үкімет тапсырмасына сәйкес, өзге өңірлерден арнайы техникалар жіберілуде», – деді Қалияр Айтмұхамбетов.