Осыған орай Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев «AMANAT» фракциясының депутаттары атынан Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдады.
Бұл депутаттық сауал арнасынан адасып аққан судың салдарынан өмір бойы жиған-терген дүниесінен, үйінен, мал-мүлкінен, қара шаңырағынан қапыда айрылған ағайынның өтініші деп білерсіздер.
Қазақ: «Алпыс күн тасыған су алты күнде қайтар» дейді. Бірақ қайтқан су әкелген қайғысын алып кетпейді. Қазір еліміздің жартысы қарғын судың қақпанында қалды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Құзырлы мекемелер, яғни әкімдіктер, Төтенше жағдайлар министрлігі, Су ресурстары министрлігі бірлесіп жұмыс істемейді. Жауапкершілік алудан қашады. Жұмысты бір-біріне сілтеп отырады. Жағдай осылай жалғасатын болса, тиісті қызметкерлерді лауазымынан босату қажет» деді.
Шынымен, жұмысына салғырт қараған мемлекеттік қызметкерлерді ешқайсысының лауазымына, тегіне қарамастан жазаға тарту керек. Бұл Президенттің және елдің нақты талабы.
Аптаның аяғында қарғын судан қатты зардап шеккен Атырау облысындағы Құлсары қаласы мен Батыс Қазақстан облысына аяқтай бардық. Құлсарыда 2900 үй су астында қалған. Батыс Қазақстан облысындағы ахуал да көңіл көншітпейді, қазірдің өзінде 1226 үйді, 1905 саяжайды су басып қалған. 450 үй қирап қалды. Ендігі қатер Жайық өзенінен. Жайықтың көрші елдегі ең жоғарғы деңгейі 11,87 метр болды, енді сол су біздің елге қарай жөңкіліп келеді.
Жайық өзені БҚО-ның 600 шақырым жеріне ағып өтеді, ондағы арнаның ең биік нүктесі 8,5 метр. Демек келе жатқан су қалыптағыдан 3 метрден астам жоғары. Жайықтың бойында 84 елді мекен бар, ол жақта 126 000 адам тұрады деген дерек алдық. Ел елеңдеп отыр, үрей де жоқ емес.
Бұқар жыраудан: «Бәріңіз бір енеден туғандай болыңыз: жат жанынан түңілсін, айнала алмай ат өлсін, айыра алмай жат өлсін» деген сөз қалған. Расында, батысқа болысқан елдің көмегін, жанұшырып барып бөгетті бекітуге тырысқан жандарды көргенде, қазақтың бірлігін ешкімнің ешқашан бүлдіре алмайтынына көз жетеді.
Әлеуметтік желіге бір видеоны жүктедім, көрген шығарсыздар. Елмен кездесуге барсақ, анамыздың үш кішкентай баласымен бірге құмды қапқа салып жатқанын көрдік. «Неге қапшық көтеріп жүрсіз? Балалармен, ауыр ғой» деген сөзімізге: «Әкеміз вахтаға кетті, бізге «елге көмектесіңдер» деді» деп жауап берді. Бұл біз көп айтатын бірлік деген сөздің нағыз көрінісі болды.
Су басқан өңірлердегі басты мәселенің бірі – өтемақы. Ол халыққа жедел және әділетті, толық көлемде төленуге тиіс. Және комиссиялар су кеткенін күтпей қазірден бастап үйлерге жүзіп барып, аралық акт жасауы шарт. Бұл – өңірдегі басты мәселеле.
Қоғамдағы негізгі түйткіл – ақпараттық соғыс. Қате ақпарат – қатер. Қазір судың ағынымен қатар, ақпарат ағыны да қауіп төндіріп тұр. Қарапайым халықты кедейлікке душар қылғандар қазіргі табиғи апаттан ұпай жинау үшін жанталасып жатыр. «Құлқынның құлы болғанша, Халқыңның ұлы бол» дегенді 30 жыл бойы құлағына қыстырмағандар қазіргі жағдайды саяси есеп айырысудың құралына айналдыру үшін жанталасып жатыр.
Қазіргі су тасқынының бетін қайтаруы қажет болған бөгеттер мен бөгендердің салынбауы, каналдардың ретке келтірілмеуі 30 жыл бойғы салғырттық екенін, 30 жыл бойғы жемқорлық екенін тәуелсіздік алғалы қазақты қан қақсатып тонағандар мойындағысы келмейді, әрине. Қазақстандағы су қоймалары мен бөгеттер 50-70-жылдары салынған. 1990 жылдан ол жерлер жөндеу көрмеген. Жаңа су қоймалары салынбаған.
Биылғы тасқынның алдын алу неге мүмкін болмады деген сұрақ туады. Оған себеп – ғылымға жағдайдың жасалмауы. Салдарынан 90-жылдардың тоқырауында 40 мың ғалым саланы тастап кетуге мәжбүр болған. Осынша олқылыққа, яки қылмысқа жол берген 30 жылдық ескі жүйенің шабармандары, бүгінгі жаңа буынға қарсы ақпараттық соғыс ашып әлек.
Олар жалған ақпараттың жарға жығатынын білсе де, ағайынды арандату үшін барын салып әлек. Бірақ қазақтың бірлікті бірінші орынға қоятынын және ұлтының қамын құлқынының қамынан артық қойғандарды ұмытпайтынын білу керек олар.
Арнасынан адасып аққан судың астында қалған ағайынның мәселесін бір депутаттық сауалға сыйғызу мүмкін емес. Өңірден келген депутаттар әр проблемамен жеке-жеке айналысады. Шешуге мұрындық болады, себебі басты міндет елдің талабын орындау, – деді Мәжіліс депутаты.