Облыстағы аудандардың басым бөлігінде қар қоры және ондағы судың мөлшері нормадан 1,5-2 есе жоғары.
Шығыс Қазақстанда су тасқынының екінші толқыны басталды
615
оқылды

Шығыс Қазақстан облысында су тасқынының екінші толқыны басталды. Бұл туралы ШҚО ТЖД ТЖ алдын алу басқармасының аға инженері Аяулым Кекиева Республикалық ақпарат штабы брифингі барысында айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz

– Орта таулы аймақта және таулардың оңтүстік беткейлерінде қар жамылғысының еруіне байланысты облыста су тасқынының екінші толқыны басталды. Қазіргі уақытта облыстың солтүстік, солтүстік-шығыс және шығыс аудандарында, Риддер қаласы мен Алтай, Самар, Марқакөл, Глубокое, Қатонқарағай, Күршім, Шемонаиха аудандарында су тасқыны қаупі туындауы мүмкін, - деді ол.

Аяулым Кекиеваның айтуынша, бүгінде қар жамылғысының ауданы облыстың 44%-ын құрайды. Облыстағы аудандардың басым бөлігінде қар қоры және ондағы судың мөлшері нормадан 1,5-2 есе жоғары.

– Су тасқыны жағдайын уақытылы бағалау үшін тұрақты түрде аэровизуалдық тексерулер жүргізіледі. Мобильді топтар күн сайын тәулік бойы мониторинг жүргізеді. Алдын алу іс-шараларының жоспарына сәйкес жағалауды нығайту және өзендердің түбін тереңдету, бөгеттер салу, қапшықтар төсеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, - деді Кекиева.

Жергілікті атқарушы органдар арналарды, арықтар мен көпірлерді тазарту бойынша жоспарланған жұмыстарды аяқтады.