Полиция департаменті жалған полицейлердің суреттерін жариялады.
"Өзін полицей ретінде таныстырады": Қарағанды облысында алаяқтар пайда болған
1,126
оқылды

Қарағанды облысы Полиция департаменті интернет-алаяқтығының алдын алу мақсатында тұрғындарға бірнеше кеңес берді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Қарағанды ​​облысының полициясы адамдарға телефон соғып, өзін полиция қызметкері ретінде таныстыратындарға сенбеуге шақырады. Полиция департаменті жалған полицейлердің суреттерін жариялады.

Қарағандыда полицейлер интернет-алаяқтардың қарағандылық тұрғыннан 3 миллион теңге алмақ болған әрекетінің жолын кесті. Жыл басынан бастап Қарағанды облысында алаяқтардың құрығына егде жастағы 75 адам түсіп, оларға жалпы сомасы 90 миллион теңге шығын келген. Алаяқтар жәбірленушілердің сеніміне кіру үшін бейнеқоңырау арқылы хабарласып, өздерін банк және құқық қорғау органдарының қызметкерлеріміз деп таныстырған.
Осы қылмыстардың алдын алу мақсатында қарағандылық полицейлер қала тұрғындарына бірнеше кеңес береді:
1. Ешкімге өзіңіздің жеке деректеріңізді бермеңіздер;
2. Есте сақтаңыз! Құқық қорғау органдарының қызметкерлері ешқашан шетелдік телефон нөмірлерімен WhatsApp желісі арқылы хабарласпайды. Сондай-ақ, тұрғындардың алаяқтар киген нысандық киіміне мән беруін еске саламыз.
3. Егер сізге банк қызметкері және полициядан хабарласып, күдікті операциялар туралы хабарласа, сенбеңіз. Бұл – жалған! Тез арада телефон тұтқасын қойып, БАНКтің немесе ПОЛИЦИЯның ресми нөмірлеріне хабарласып, ақпараттың растығына көз жеткізіңіз!
4. Әлеуметтік желілерден келген сілтемелерге өтпеңіз!
Осы сақтық шараларын сақтау азаматтарға алаяқтардың құрбаны болмауға көмектеседі.