Мультсериалды жоғары бағалаған көрермен пікіріне қарап-ақ қазақ анимациясының қоржыны тағы бір сапалы отандық өніммен толыққанын байқауға болады. Бояуы қанық туындының тарихына қызығып заманауи анимация режиссері Дидар Нұрлаевпен сұхбаттастық.
– Жақында үзіндісі жарыққа шыққан «Шуақты мысықтар» анимациясының идеясы неде жатыр?
– ARA анимациялық студиясы бұдан бұрын бірқатар мультфильмдер түсірген. Мысалы, «Шырақ» анимациясында отбасылық тәрбие пен бірлік негізгі идея болып еді. «Шуақты мысықтар» да балалардың бойына осындай ұлтымызға тән басты құндылықтарымызды сіңдіретін анимациялардың қатарында. Екі мультфильм де жаңа айтқанымдай, балалардың бойына ұлттық тәрбиені сіңдірудің негізгі құралы бола алады, бірақ олар жанры арқылы бір-бірінен ерекшеленеді. «Шуақты мысықтар» – комедия, экшн және отбасылық жанрдағы сериал. Сонымен қатар жарыққа шыққалы отырған соңғы мультфильмнің басты ерекшелігі – арнайы бір жаңа әлемнің болуы. Яғни, басқа әлем арқылы балалардың назарын қазақ анимациясына аударғымыз келді.
– Мысық кейіпкерлерден құралған мультсериалдың мазмұндық құрылымы жағынан басқа фильмдерден ерекшелігі неде?
– «Шуақты мысықтар» – пилотты эпизод, ол дегеніміз – қысқаметрлік фильм емес, бір толық 10 минуттық серияның 3 минуттық үзіндісі. Сол себепті айтқымыз келген ойды осы үш минуттағы үзіндінің ішінде толық ашу біздің мақсатымыз болған жоқ. Біз бұл жерде стиль кандай болатынын және толық мультсериалды жасау үшін қанша күш керек екенін анықтау үшін жасадық.
– Отбасындағы ауызбіршілікті балаларға түсіндіру үшін кейіпкер ретінде мысықтарды таңдап алудың себебі қандай? Не себепті «Шуақты мысықтар»?
– Неге мысықтар? Себебі балалар назарына ұсынылатын кейіпкер ретінде мысықтар қызық болып көрінді. Жобамызды қазір бос уақытымызда жалғастырып жатырмыз. Ал мультсериалды толық жасап бітіру үшін бюджет жиналуы керек. Бюджеттің жиналуы краудфандинг және спонсорларға байланысты болып тұр.
Ал енді тақырыбына тоқталайын. Анимацияда әртүрлі жанрлар кездеседі. Мысалы, киберпанк – адам өмірінде технологияның көп болып кеткенін көрсететін жанр. Ал соларпанк – күн энергиясын пайдаланған заманды көрсететін жанр. «Шуақты мысықтар» анимациясында мысықтар әлемі соларпанк жанры арқылы жасалған. Кейіпкер мысықтар қолданатын роботтар күн жарығынан энергия алатындықтан, мультсериал атауын шуақты мысықтар деп таңдап алдық.
– Анимацияны шығаруда қанша маман жұмыс істеп жатыр? Мультсериалдың үш минуттық үзіндісі қанша уақытта жасалып, балалар назарына ұсынылды?
– Пилотты эпизодтың жасалуына шамамен 25 адам қатысып жатыр. Анимация саласының мамандары жиналған. Мультфильмді жасауға тек бос уақытымызды арнап жатырмыз. Сондықтан үш минуттық үзіндіні жасауға бір жылдай уақыт кетті.
– Қаражат жағы қалай шешіліп жатыр, демеушілер болды ма?
– ARA анимациялық студиясы жасаған бірқатар мультфильм кинофестивальдарда үздік атанды. Сондай туындыларды жасау үшін өз қаржымызды пайдаланамыз. «Шуақты мысықтар» да өзінен бұрынғы «Шырақ» анимациясы секілді ешқандай демеушілердің көмегінсіз өз күшімізбен, өз қаржымызбен жасалып жатқан отандық өнім.
– Білуімізше, «Шуақты мысықтар» аясында тағы бірқатар жобалар жүзеге асырылып жатыр. Мақсаты қандай?
– Қазір біздің студиямыз екі жобамен айналысып жатыр. Біріншісі – Golden Tides атты ойыны. Бұл ойын – студиямыздың басты жобасы. Бұл жобаны Рsychedelic games студиясымен бірлесіп жасап жатырмыз, ARA анимациялық студиясы аталған ойынның визуалына жауап береді. Бұл ойын ережесіне сәйкес пираттар әлемінде өз достарыңызбен жасырын қазынаны іздейсіз. Бір қазынаға төрт адамнан тұратын 31 топ онлайн ойын алаңында қазынаға таласқа түседі. Ойынның ішінде қазіргі уақытта 11 ерекше кейіпкер бар. Ойыншылар жеңіске жету үшін өздеріне ұнаған кейіпкерді таңдап, солармен де бірге жұмыс істей алады.
Екінші жобамыз – қазір жасалып жатқан «Шуақты мысықтар» анимациялық мультсериалы. Бұл әлі жалғасын табатын жоба.
Үшінші жобамыз – ARA академия.
Ол – анимация, моделинг және осы сияқты бірқатар бөлімдер бойынша курстар ашу. Ондағы мақсатымыз – анимация саласындағы мамандардың санын көбейту. Қазір бізде 3D моделингтің базалық курстары ашылған. Алдағы уақытта басқа мамандық қатарын көбейту жоспарда тұр. Мысалы, кейіпкердің дизайнын жасау, риггинг, 3D-анимация сияқты бөлімді қамтитын курстар жас мамандарды даярлайды.
Айтпақшы, жақында Fly Arystan әуе компаниясы өзінің ресми сайттағы фильмдер жинағына «Шырақ», 2018 жылы жарыққа шыққан қысқаметрлі The Dog және «Шуақты мысықтар» атты анимациямызды қосты. Бұл біз үшін керемет көрсеткіш, жақсы нәтиже.
– Анимация кейіпкерлері қалай таңдалады? Алдағы уақытта қандай кейіпкерлерді қосу жоспарда бар?
– Кейіпкерлерді таңдау тікелей жобаның өзіне байланысты. Жобаның жасалатын уақыты, идеясы, тарихы бар ғой. Міне, осыларға байланысты кейіпкердің образы жасалады. Яғни, бірінші кезекте идея пайда болып, соған қарай кейіпкер таңдалады. Оқиғаны балаларға түсінікті болып жетуіне әсер ететін кейіпкерлерді таңдап алуға тырысамыз.
YouTube желісінде «Шуақты мысықтар» анимациясының алғашқы үш минуттық үзіндісі шықты. Қазір бұған кеткен еңбегіміз толық ақталды деп айта алмаймын, әлі де ақталу үстінде. Мультсериал үзіндісі – студиямыздың істеген жұмыс сапасын, мүмкіндіктерін көрсету үшін жасалған туынды. Бұл арқылы отандық өнімімізді демеушілерге ұсына аламыз. Егер алдағы уақытта демеушілер табылып, қаражат жиналып жатса, «Шуақты мысықтар» жобасын аяқтауға толық кірісер едік.
– Қазақ анимациясында қандай кемшіліктер бар деп ойлайсыз?
– Елімізде қазір анимация саласының дамуына тосқауыл болып отырған мәселе – мамандардың жетіспеушілігі. Осындай мәселенің алдын алу және шешімін табу үшін ARA академиясын ашуды қолға алдық. Әртүрлі бөлім бойынша жас мамандарды даярлап, қазақ анимациясының дамуына өз үлесімізді қосу – басты жоспарымыз.
Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ