Павлодар облысы Аққулы ауданында полиция қызметкері суға батып бара жатқан әйелді құтқарып қалды, – деп хабарлайды Aikyn.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Павлодар облыстық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, Аққулы ауданының полицейлеріне Жамбыл ауылында бір топ адамның ішімдік ішіп жатқаны туралы хабар келіп түскен. Ауыл тұрғыны полиция қызметкерлерін жіберуді сұраған. Ювеналды полиция тобының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі полиция аға учаскелік инспекторы Елдос Қойкен, әкімшілік практика инспекторы Әділ Ізбасаров және жергілікті полиция қызметінің учаскелік полиция инспекторы Ришат Адамбаев көрсетілген мекенжайға жетіп, онда кәмелетке толмаған екі баласы бар азаматша тұратынын анықтады.
«Балалар анасының Ертіс өзеніне қарай кеткенін түсіндірген. Автопатруль бірден өзенге бет алып, суға батып бара жатқан әйелді байқаған. Аға инспектор Е.Қойкен суға бірден қойып кетіп, әйелді ажалдан арашалап қалды. Әйелдің мас күйде болғаны анықталды», – делінген ақпаратта.
Әйелге алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, кейін дәрігерлерге жіберілді. Қазір оның өміріне төніп тұрған қауіп жоқ.
Полицейлер әйелмен әңгіме жүргізіп, келесіде мұндай жағдайға бармау керегін түсіндірді.