Сондықтан да адамдар үйіне әзірге оралмайды. Ал балалардың білім алуын тоқтатуға болмайды. Сондықтан да БҚО-да эвакуациялық пункттерде тұрып жатқан балалар үшін мұғалімдер арнайы барып сабақ беріп жүр. Бұл үшін қаладағы мектептердің мұғалімдері жұмылдырылған.
Аймақта алты білім нысанында эвакуациялық орталық орналасқан. Атап айтсақ, Қаратөбе, Бөрлі аудандарында және Орал қаласындағы білім нысандарында адамдар тұрып жатыр. Бұдан бөлек, екі жоғары оқу орнында үш эвакопункт жасақталған. Білім беру нысандарын эвакуациялық пункт есебінде пайдалану білім беру үрдісіне ешқандай кедергі емес. Керісінше, мұғалімдер сол орталықтардағы балалардың сабағын үзбей, білім беруді жалғастырып жатыр.
– Өңірдегі төтенше жағдайға байланысты 15 сәуірден бастап Жайық өзенінің жағалауында орналасқан Ақжайық, Бәйтерек, Бөрлі, Теректі аудандарының және Орал қаласының мектептері мен кәсіптік-техникалық және қосымша білім беру ұйымдарында оқу процесі қашықтан оқу форматына көшірілді. Қашықтан оқу onlineMektep.org,BilimAll.kz, +Daryn.оnline платформалар арқылы ұйымдастырылуда, платформаның мобильді нұсқалары да жұмыс істейді, – деп атап өтті БҚО Білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаева.
Жайық өзені жағалауында орналасқан аудандар мен Орал қаласында 130 мектеп бар. Бүгінде облыс бойынша 103 мектепте 75 591 оқушы қашықтан оқып жатыр.
Біз қала орталығында орналасқан М.Өтемісов атындағы БҚУ-дың жатақханасына келдік. Бұл жерде қала маңындағы саяжайдан келген тұрғындар орналастырылған. Қалалық білім бөлімі осы жерден арнайы сынып ашып, балалардың оқуына жағдай жасапты. Ол үшін арнайы компьютерлер қойылған, интернет желісі қосылып тұр. Бұл жердегі балалар өздері секілді құрбыларынан қалмай онлайн оқуды жалғастырып жатыр.
– Мен 2-саяжайдан келдім. Келгеніме үш күн болды. Біз осы жерде онлайн сабақ оқып жүрміз. Анам қасымда бірге отырады. Кәдімгі үйдегідей оқып жатырмыз. Қазір математика сабағы жүріп жатыр. Мен мұғаліммен байланыста отырмын. Бұл жерден көп жаңа достар таптым, – дейді біз сөзге тартқан эвакуациялық пунктте тұрып жатқан Арсен Исмағұлов есімді балақай.
Ал қалалық білім бөлімі басшысының айтуынша, Орал қаласында эвакуациялық пунттерде 800-ден астам бала тұрып жатыр. Оның ішінде 500 бала эвакуациялық орталықтардағы арнайы ашылған сыныптар арқылы онлайн оқуға қосылған.
– Біз қанда жағдай болмасын баланың оқу жүйесін ұйымдастырып отырмыз. Баланың білім алуын, шынығуын тоқтатуға болмайды. Осы бір уақытша қиындыққа қарамастан 500 бала онлайн оқып жатыр. Олардың бәрі де қаладағы эвапункттерде орналасқан балалар. Біз олардың уақытын тиімді өткізу үшін арнайы спорттық шаралар да ұйымдастырамыз. Сол үшін қаладағы барлық мұғалімді кезекшілікке қойып, осы жұмыстарға тартып отырған жайымыз бар. Балалар қанша уақыт эвапунктте болатынын білмейміз. Жағдай қалай болары әзірге белгісз. Біздің білетініміз – балалардың сабағы тоқтамайды, – деп атап өтті қалалық білім беру бөлімінің жетекшісі Ақжарқын Темірханова.
Айта кетейік, өңірде су тасқыны қаупі басталғалы 13 мыңнан астам адам эвакуацияланған. Қазір эвапункттерде 2000-нан астам адам тұрып жатыр. БҚО Білім басқармасы осы пункттердегі балалардың онлайн оқуы үшін қажетті құралдарды жеткізген.
Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА,
Батыс Қазақстан облысы