Белгілі журналист, қарымды қаламгер Итен Қарымсақұлы өзінің журналистика саласына алғаш келген кезеңі жайында осылай деп еске алады. Міне, содан бері алпыс жылдан асқан қаламгерлік ғұмырында ардагер журналистің қолынан қаламы түскен емес.
Итен Қарымсақұлы 1939 жылы 20 сәуірде Қызылорда облысындағы Аманкелді ауылында дүниеге келді. Бұл қазақ елін қан қақсатқан репрессия мен аштықтан енді ес жиып жатқан кез еді. Көп ұзамай соғыс басталып, халыққа ауыртпашылық әкелген зұлматты жылдар басталады.
Ол кісінің айтуынша, әкесі Әбсаттар мен анасы Әнипаның отбасында көпке дейін бала тұрмапты. Ұзақ күттіріп өмірге келген ұлды ағайын-туыс, көрші-қолаң көз тимесін деген ырыммен иттің бауырынан өткізіп, Итемген деген есім береді. Итен «майқұйрық» бала атанып, соңынан Сейтен, Дүйсен, Сұлтан есімді інілері ерген.
Мектеп қабырғасында жүргенде оянған жазуға деген құмарлық оны жергілікті басылымдардың редакциясына жетелей береді. 1958 жылы Қызылорда облыстық «Ленин жолы» газетінің редакциясына хат тіркеуші болып қызметке кіреді. «Арада көп уақыт өтпей мектеп қабырғасында оқып жүріп, мақала жазып, танымал болғандықтан, редакция алқа мүшелерінің ұсынысын газет редакторы З.Жарқынбаев пен хат бөлімінің меңгерушісі, қазақтың көрнекті ақыны Ә.Оңалбаев қолдап, еңбекшілер хаттары бөлімінің әдеби қызметкерлігіне жоғарылатты», – деп еске алады өзі.
1960-1963 жылдары Сведловск қаласында әскер қатарында қызмет етті, сержант-взвод командирі, әрі округтік әскери «Красный боец» газетінің штаттан тыс тілшісі болды. 1963 жылы елге оралысымен облыстық «Ленин жолы» газетінің жауапты хатшының орынбасары, әдеби қызметкер болып жұмыс істейді. Кейіннен «Сыр бойы» деп аталған басылым Итен Қарымсақұлының қарымды журналист болып шығуына жол ашты. Басылымның бас редакторы Ұзақ Бағаевтай белгілі тұлғаның тәрбиесін көріп, тәлімін алды. Қалам ұстауға әуес қызылордалық жастардың ұстаханасына айналған газет оның қанатын қатайтты, тәжірибе мектебіне айналды.
1971-1980 жылдар аралығында Торғай облыстық «Торғай таңы» газетінің редакциясында жауапты хатшының орынбасары, Жезқазған облыстық «Жезқазған туы» газетінің редакциясында бөлім меңгерушісі әрі алқа мүшесі қызметтерін атқарып, туған жеріне оралады.
1980-1985 жылдары Қызылорда қалалық кеңесі атқару комитетінің бөлім меңгерушісі. 1985-1996 жылдары Қызылорда облыстық «Сыр бойы» газетінің тілшісі, бөлім меңгерушісі, әрі облыстық прокуратураның бас маманы қызметін қоса атқарып, танымдық-құқықтық басылым «Прокуратура тынысы» газетін тұрақты түрде шығарды, редакциялық кеңестің мүшесі болды. «Газет жұмысының өте ауыр әрі аса қиын-қыстау кезінде жұмыс істедік. Әріп қолмен теріліп, бет жасалатын. Қайнаған қорғасын әріп болып құйылып, қол-басымыздың бәрінен қорғасын иісі аңқып тұратын-ды. Бет-аузымыз бояуға малынып, шаршап-шалдығып баспаханада түнімен жүретінбіз», – дейді Итен Қарымсақұлы.
Ол ұзақ жылдар бойы құқық тақырыбына қалам тербеді. Оған себеп, алғаш рет 1996 жылы Алматы қалалық прокуратурасында қала прокуроры, генерал М.Қалиевтің бастамасымен Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының қолдауымен тұңғыш баспасөз қызметі құрылады. Сөйтіп, сол қызметке Итен Қарымсақұлы тағайындалады. Бұған дейін 40 жылға жуық Қызылорда, Торғай және Жезқазған облыстық газеттерінің редак цияларында қатардағы хат тіркеуші болып еңбек жолын бастап, кейін әдеби қызметкер, тілші содан соң бөлім меңгерушісі, жауапты хатшының орынбасары секілді қызметтерді атқарған ол тәжірибелі журналист болатын. Арада бір жыл өткен соң, 1997 жылдың көктемінде Алматы қаласының прокуроры болып тағайындалған генерал Е.Мерзадиновтің бастама көтеруімен, оның бірінші орынбасары И.Меркельмен бірге прокуратураның тұңғыш құқықтық, танымдық басылымы «Прокуратура хабаршысы» атты екі тілде шығатын газетін шығаруға қол жеткізеді. Ал 2002 жылы бұл газеттің аты «Тура жол» деп өзгертілді әрі қала құқық қорғау органдарының құқықтық, танымдық басылымы ретінде шығаруды жолға қойды. Газет екі тілде бірдей жарық көрді.
Замандастары Итен Қарымсақұлының кез келген мақаланы жазғанда да біліп, тінін тарқатып, әр сөзін қаққан шегедей етіп жазатындығын айтады. «Оның негізгі тақырыбы – құқық тақырыбы. Бұл тақырыпты алдыңнан көкорай шалғынды кең жайлау көргендей көсіліп те, думанды той ішінде жүргендей шешіліп те жазуға болмайды. Бұл тақырыпты жазғанда әр сөйлем, әр сөзің түгілі, әр нүкте, әр үтіріне дейін жауаппен қарауың керек. Сондықтан әр сөзің мен әр тыныс белгісіне дейін қарауыл қойып сөйлемесең болмайды. Өйткені ол тақырыпта, негізінен адамның қиын да күрделі тағдыры сөз болады. Итен Қарымсақұлы осындай ауыр тақырыпты ұзақ жылдар бойы абыроймен атқарып келеді», – деп ой толғайды көрнекті ақын Темірхан Медетбек.
Сонымен қатар И.Қарымсақұлының мемлекеттік тілдің өрісін кеңейту ісіне қосқан үлесі де үлкен. Алматы қаласының прокуратура органдарында іс-қағаздарын қазақша жүргізуге көп күш жұмсады. Қазақ тілінің құқықтық салада қолданылуы мен дамуына зор еңбек сіңірді. Оның қаламынан туған құқық тақырыбындағы дүниелері бір бөлек. 90-жылдардың соңындағы жойдасыз жекешелендіру ісі, мемлекет қаржысын талан-таражға салу, ұйымдасқан қылмыс тақырыптары бүкпесіз, ашық жазылды. Ол турасында автор өзінің кітабында: «Меніңше, ең бастысы заңды құрметтеу, заңға бағыну, сосын заң талаптарын мінсіз орындау қажет. Сонда ғана құқымыз қорғалады, одан кейін әділет пен ақиқаттың мерейі әрқашан үстем болмақ. Бір сөзбен айтқанда, тәртіпті нығайту, құқықты қорғау, заңбұзушылықтың жолын кесу керек», – дейді.
Ол әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің түлегі. Бүкіл саналы ғұмырын қазақ журналистикасына арнаған журналист 1989 жылы «Еңбек ардагері» деген атаққа ие болады. «Есіме алсам, әлі бәрі күні кеше тәрізді. Ауылдағы он жылдық мектепті бітірдім, еңбекке араластым, әскерге алындым, содан соң тағы да бұралаңы көп тіршіліктің қамымен екі қолға бір жұмыс дегенім жоқ, бірыңғай журналистік жолға түстім, ғұмырыма қаламды серік еттім» дейді өзі туралы ой толғағанда автор.
Итен Қарымсақұлы өмірден көргені көп, түйгені мол журналистік ғұмырында өзі куә болған оқиғаларды жинақтап, кітап жазды. Жазушының «Қоңыр қалам» және «Адамдар. Жылдар. Тағдырлар» атты кітаптары оқырман назарына ұсынылды. Қоңыр қаламның иесі, қоңыр кісі атанған Итен Қарымсақұлының «Қоңыр қалам» кітабы алты бөлімнен тұрады. Өткен жылдардағы сан қилы кезеңдерде жазылған журналистік еңбек пен үздік ізденістің жемісін осы кітаптан көруге болады. Әрі автордың жүріп өткен жолы да кітаптың негізгі арқауы.
Кейіннен «Жүрек жазбалары» мен «Жаса, жарық күн», «Жақсының жарығы» жинақтары жарық көрді.
Зайыбы Күләйхан екеуі үш ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірді. Тұңғыштары Серік Қарымсақов бүгінде іскерлік қабілетінің арқасында Қазақстанда ғана емес, шет мемлекеттерде қызмет етті. Индонезияның Алматыдағы құрметті консулы, «Қазақстан – Индонезия» іскерлік кеңесінің төрағасы қызметтерін атқарды. Одан кейінгі ұлдары Бақыт пен Сабыржан, қыздары Сәуле де түрлі салада еңбек етіп, белгілі бір кәсіп иесі атанды.
Итен ақсақал бүгінде сексеннің сеңгіріне шықса да спорттан қол үзген емес. Бертінге дейін велосипед тепті. Алып мегаполис Алматыда өтетін велошерулерге белсенді қатысатын. Қазір де күнделікті дағдысынан жаңылмай, жеңіл-желпі жаттығуды үзбей жасайды. «Алла берген қуат – денсаулықты күтіп, сауалаутты өмір сүру баршамызға жүктелген міндет. Дені саудың жаны да сау болады», – дейді Итен Қарымсақұлы.
Ұзақ жылғы табанды еңбегінің жемісін көрген қаламгер Итен Қарымсақұлы «Еңбек ардагері», «Қазақстан Республикасының прокуратурасына – 20 жыл» мерекелік медалінің, Қазақстанның Құрметті журналисі, Білім және ғылым министрлігінің Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері. Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, Бас прокурорының Құрмет грамотасымен марапатталған. Қаламгердің бұған дейін өткен өмір жолына ақсақалдық көзбен қарап, тіршіліктен көргені мен көңіліне түйгенін қағаз бетіне қаттап түсіргені бізге мәлім. Белгілі ардагер журналист, сұлу сөздің шебері Итен Қарымсақұлының кейінгі ұрпаққа қалдырар мұрасы таусылмасын деген тілегіміз бар.
Марат САБЫРЖАН