Тұрғындарды эвакуациялау үшін автобус пен қажетті техникалар жұмылдырылды.
БҚО-дағы ахуал: Оралда бірнеше аудан су астында қалды
1,915
оқылды

Жайық өзенінің көтерілуіне байланысты 1, 2, 3 Саяжай, Самал, Телеорталық аудандары суға кетуі басталды, -  деп жазды Aikyn.kz. 

Қазіргі уақытта сол аудандарда жергілікті әкімдік, Төтенше жағдай басқармасы, Жергілікті Полиция басқармасы және волонтерлер күні-түні бойы жұмыс істеп жатыр. Бұл туралы Орал қаласы әкімінің орынбасары Жандос Дүйсенғалиев мәлім етті.

Оның айтуынша, саяжайда қалған тұрғындарды эвакуациялау үшін автобус пен қажетті техникалар жұмылдырылды.

Жергілікті атқарушы органнан су басу қаупі бар саяжайларға алдын ала эвакуациялау жөнінде  хабарланды. Сол себепті, тұрғындардың басым көпшілігі эвакуацияланды.

«Бос қалған үйлерде құқықбұзушылық болмау мақсатында жергілікті полиция басқармасымен тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды.

Қаладағы үйге көшу мүмкіндігі жоқ азаматтарға жедел эвакопункттер қарастырылған (Біздің BatysToday парақшамыздан эвакопункттер тізімі күн сайын жаңартылып тұрады).

Саяжай тұрғындарынан өзінің үйінің аумағындағы бөгеттерді бұзбау сұралады, себебі бұдан су деңгейі түспейді. Алайда бұл әрекетіңізден көрші үйлерге су басу қаупін тудырасыз.

Су тасқынынан болған шығын немесе залалды өтеу бойынша, бірреттік төлемақы алу бойынша қазіргі таңда өтініштер қабылдануда. Жұмыс орны мен жұмыс уақыты қала әкімдігінің ресми парақшаларында орналастырылған.

Ең бастысы – азаматтарымыздың амандығы!

Сабырлылық танытып, дүрбелеңге түспеңіздер», – дейді қала әкімінің орынбасары.