Алдын ала су басқан учаскелерден эвакуациялау үшін 8 596 орындық 161 уақытша орналастыру пункті дайындалды.
Оралда өзен жағалауында орналасқан 116 саяжайды су басты
Фото: Орал қаласы әкімдігі
948
оқылды

Орал қаласында Жайық өзенінің жайылмаларында орналасқан 116 саяжай бірлестігін су басты, – деп хабарлайды Aikyn.kz

БҚО әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетовтің айтуынша, бұл саяжайларда 2 073 отбасы (6 888 адам) тұрады. 

Сондай-ақ күні бүгінге дейін облыстың алты ауданы мен Орал қаласында 1 292 тұрғын үйді су басса, соның 902-сіне тұрғындар қайтып оралғанын атап өтті. 375 үйде ешкім тұрып жатқан жоқ. 15-і бос тұр.

«Өңір тұрғындарына су тасқыны салдарынан келтірілген материалдық залалды бағалау жұмыстары басталды. Қазіргі таңда суға кеткен үйлердің 1150-іне техникалық сараптама жүргізілді. Сараптама қорытындысына сәйкес 276 тұрғын үй жарамсыз болып танылды. 47-сі күрделі жөндеуге жатады. 590 нысанға бағалау жүргізілді», – деді Қ.Айтмұхамбетов.

Оның айтуынша, облыс бойынша 108 мектепте 75 962 оқушы онлайн білім алып жатыр. Алдын ала су басқан учаскелерден эвакуациялау үшін 8 596 орындық 161 уақытша орналастыру пункті дайындалды.

Жалпы, су тасқыны басталғаннан бері барлығы 13 880 адам қауіпсіз жерге көшірілсе, соның 5 748-і – бала. Қазіргі таңда 14 эвакопунктте 2 363 адам жатыр. Эвакуациялық пункттер қажетті азық-түлік, медициналық көмекпен қамтылған.

«Жайық өзені бойында орналасқан Орал қаласы мен Ақжайық, Бөрлі, Бәйтерек, Теректі аудандарының 84 елді мекеніне қауіп әлі төніп тұр. Қаланы есептемегенде, бұл ауылдарда 80 мыңнан астам халық тұрып жатыр. Сәуір айынан бастап Жайық өзені бойындағы елді мекендерде ұзындығы 135 шақырым биіктігі 2-4,5 метр бөгеттер тұрғызылуда. 1,1 млн-ға жуық құм салынған қапшық төселді. Бөгеттерді бекітуге 1 336 арнайы техника тартылса, соның 861-і – өзге өңірлерден көмекке келгендер. Күні бүгін 7 мыңға жуық облыс тұрғыны мен жергілікті атқарушы орган қызметкерімен қатар 3,5 мыңнан астам әскери қызметші тасқын сумен күресуде», – деді Қ.Айтмұхамбетов.

БҚО ТЖ департаменті баспасөз қызметінің нақтылауынша, күні бүгінге дейін 13 044 саяжай үйі суға кетті. Апаттық-құтқару жұмыстарына 10 647 адам, 1 919 техника, 213 су сору құралы, 194 қайық және 5 тікұшақ жұмылдырылған.