Қазақстан Жазушылар одағының «Көркем әдебиет: талант пен талғам» деп аталатын жиыны 2023 жылғы әдеби үрдістің қалай өрбігеніне арналған қорытынды басқосу болды. Жиынға еліміздің әр өңірінен қаламгерлер, ақын-жазушылар, әдебиеттанушы ғалымдар, журналистер қатысты. Салтанатты жиынды ашқан, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының бірінші орынбасары, жазушы Нұржан Қуантайұлы былтыр атқарылған бірқатар істер мен бастамаға тоқталды.
– 2023 жылы жас қаламгерлерге мемлекеттік қолдау көрсету мақсатында тұңғыш рет Президенттік арнаулы әдеби сыйлық тағайындалды. 18 бен 35 жас аралығындағы, жас қаламгерлерге арналған бұл әдеби сыйлық «Балалар әдебиеті», «Драматургия», «Поэзия», «Проза» номинациялары бойынша былтыр күзде табыс етілді. Бұл әдеби байқау биыл да өткізілмек. Республикалық «Айбоз» әдеби сыйлығы былтыр екінші мәрте өткізіліп, жеті номинация бойынша сыйлықтар берілді. Жастарға арналған бұдан да басқа, дәстүрлі «Алтын тобылғы», «Алтын сақа», «Айтұмар» байқаулары былтыр да өткізілді. Қазақстан Жазушылар одағының мұрындық болуымен өңірлерде облыстық әкімдіктердің ақын-жазушыларға жыл сайын атаулы әдеби сыйлық тағайындау іс-шарасы қолға алынғаны мәлім, – деді Нұржан Қуантайұлы.
Жиында бірнеше қаламгерге «Қазақстанның құрметті жазушысы» атағы берілсе, 20-дан астамына халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы берілді. Аталған сыйлыққа ақын Ғайсағали Сейтақ, жазушы Өмір Кәріпұлы, ақын Сұраған Рахметұлы, жазушы Жарасбай Сүлейменов, ақын Мұрат Шаймаран, әдебиеттанушы Жұмат Тілепов, ақын Нұртас Исабаев, жазушы Төрехан Майбас, ақын Әлия Дәулетбаева, жазушы Серік Елікбай, ақын Ербол Алшынбай, сатирик жазушы Берік Садыров, ақын Әубәкір Смайылов, жазушы Тынымбай Төлепбай, ақын Егеухан Мұхамәдиқызы, жазушы Болатбек Төлепберген, ақын Ғайни Әлімбекова, жазушы Жалғасқали Дүтмағамбетов, ақын Дариға Мұштанова, жазушы Момбек Әбдәкімұлы және жазушы Александр Карлюкевич ие болды.