Сәуір айының екі аптасындағы бағаның жалпы өсу индексі: -0,2%-ды құрады. Осылайша, пияз (-2,6%), күнбағыс майы (-1,6%), қарақұмық жармасы мен жұмыртқа (-1%), күріш (-0,5%), рожки (-0,2%) құнының төмендеуі тіркелді. Сиыр етіне орташа баға индексінің өсуі (0,6%) негізінен Ақтөбе облысындағы өнім құнының қысқа мерзімді қымбаттауына байланысты, онда тасымалдаушылар етті барлық өткізу орындарына дер кезінде жеткізе алмаған.
«Еліміздің сегіз өңірінде ӘМАТ-тың орташа баға индексі төмендегені байқалып отыр, оның алтауында нөлге тең. Ақтөбе облысында (0,8%-ға), Маңғыстау, БҚО (0,2%-ға), Атырау, Қарағанды және Абай облыстарында (0,1%-ға) бағаның біршама көтерілуі тіркелген», – деп атап өтті Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанова.
Алдын ала есептеулер бойынша, су тасқыны салдарынан өңірлердегі 130 сауда нысанына зиян келген. «Қазіргі сәтте Павлодар облысының бір кәсіпкеріне келтірілген шығын өтелді. Қалғандары бойынша шығынның мөлшерін анықтау жұмыстары жүргізілуде. Петропавлға Көкшетау, Астана, Қарағанды және Омбы қалаларынан ауызсу жеткізу жұмыстары ұйымдастырылды. Тәулік бойы ауызсу құю туралы келісімге «Көкшетауминсу» мекемесімен қол жеткізілді. Петропавл қаласының барлық дүкені мен қоймасы сумен қамтылды», – деп мәлімдеді А.Бижанова.
Вице-премьер Жұманғариннің тапсырмасы бойынша Сауда комитеті БҚО мен СҚО-дағы көкөніс қоймаларын су басу және ӘМАТ қорларын жоғалту қаупі тұрғысынан мониторинг жүргізді. БҚО-да «Ел ырысы» базарының аумағында тұрақтандыру қорының 293 тонна күріш, 100 тонна қант, 46 тонна күнбағыс майы сақталғаны анықталды. Қойма су басудан қорғалған.
Солтүстік Қазақстанда көкөністердің негізгі қоры сатылды, қалған көлемі су басу қаупі жоқ қоймаларда сақталады.
«БҚО-дағы азық-түлік қорлары бар қойманы су басу қаупі аз болса да, қауіпсіз орын тауып, азық-түлікті әкету керек. Аздаған қауіп байқалған барлық өңірде азық-түлік өнімдері қауіпсіз жерге жеткізілуі тиіс», – деп тапсырды вице-премьер.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, өңірлерде тұрақтандыру қорларынан 77,5 мың тонна (42,8 мың тонна картоп, 11 мың тонна сәбіз, 13,3 мың тонна пияз, 10,3 мың тонна қырыққабат) сатылған. Тағы 84,8 мың тонна көкөніс қалды. Зардап шеккен өңірлерде тамақ өнімдерін жеткізуде іркілістер байқалмайды. Көкөніс қоймаларын, ӘКК қоймаларын су басу туралы ақпарат әлі түскен жоқ.
Жалпы, маусымаралық кезеңнің басталуын ескере отырып, Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков әкімдіктер мен ӘКК-нің назарын көкөніс қалдықтарын өткізуді күшейтуге және импорттық және ерте егін жеткізуге шарттарын жасауға аударды.
Жамбыл облысы әкімдігі баяндағандай, бүгінде қоймаларда шамамен 37 мың тонна пияз қалып отыр. 2024 жылдың бірінші тоқсанында экспортқа 162 мың тонна шығарылды, сәуірде 11 елге 22 мың тонна өнім жөнелтілді. Су тасқынынан зардап шеккен бес облысқа 241 тонна пияз гуманитарлық көмек ретінде жеткізілді.
Сондай-ақ көкөністі жылдам сату үшін облыс және аудан орталықтарында әр сенбі сайын ауылшаруашылық жәрмеңкесі өткізіліп, төмен бағамен 10-15 тонна пияз сатылып жатыр.