«Фолиант» баспасының кезекті дәстүрлі шарасының салтанатты ашылу рәсіміне белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, шет мемлекеттердің елшілері қатысты. Бес күнге созылған Халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі ересектерге де, балаларға да бірдей қызықты болатын мәдени-іскерлік бағдарламамен көмкерілді. Биылғы кітап көрмесіне Қазақстаннан бөлек әлемнің түкпір-түкпірінен баспагерлер мен кітап дүкендері қатысып, өз өнімдерін ұсынды. Келушілердің қызығушылығын арттыру үшін әртүрлі алаң әзірленген екен. Әртүрлі кітаптың тұсаукесері мен ақын-жазушымен кездесу шаралары өтті. Осы ретте біз «Фолиант» баспасының бас редакторы Фарида Тобашаловадан биылғы шараның артықшылықтары мен ерекшеліктерін сұрадық.
«Көрме биыл жетінші рет ұйымдастырылып жатыр. Жыл сайын көрмеге келушілер мен кітапқұмарлардың саны артып келе жатқаны қуантады. 7 жыл бойы дәстүрлі түрде өткізіп жүрген шара болғандықтан, халық көрменің болатынын алдын ала біліп, сұрап та жатады. Отандық баспалармен өзара тәжірибе алмасып, оқырман сұранысына сай қызықты да сапалы кітаптарды ұсынуда көп жұмыс атқарылып жатыр. Біраз жыл бұрын шетел әдебиетінің үздік туындыларын қазақ тіліне аударуға аса назар аударсақ, қазір қазақстандық жас қаламгерлерді қолдауға, жаңа жанрлардың дамуына барынша жол ашуға ден қойып отырмыз. Одан бөлек, көрменің басты жаңалығы – Astana Publishing Fellowship жобасы. Мысалы, осы кезге дейін баспагерлер шетелдік кітаптарды аударып шығару үшін шетелге арнайы барып, кітап көрмелеріне қатысып, шығынданып, шетелдік баспа агенттіктерімен кездесіп, авторлық құқықтарды сатып алып келіссөздер жүргізіп жататын. Осы жолы біз қазақ баспагерлері үшін тиімді етіп, мұнда сол шетелдік баспегерлерді шақырттық. Біздің отандық баспагерлер олармен бетпе-бет кездесе отырып серіктестік орнатуға мүмкіндік туды. Олар біздің авторларды шетелдік баспалардан шығаруға ұсыныс білдірді. Мысалы, біз өзіміздің баспадан шыққан Ұларбек Дәлейұлының «Жошы хан» кітабының үзінділерін ағылшын тіліне аударып таныстырдық. Сол кітапты түрік тіліне, ағылшын тіліне аударуға қызығушылық білдіріп жатыр. Дәл осы секілді өзге де кітаптарымызға деген қызығушылықтарын жасырмады. Бұл – баспалар мен агенттіктер үшін керемет мүмкіндік! Яғни, әр баспа немесе агенттік өздерінде бар авторлық құқықтарды бір-біріне ұсына отырып, түрлі келіссөз жүргізе алады, осылайша өзара тәжірибе алмасу, жаңа кітаптар алу, әлемнің үздік баспагерлері мен агенттіктерімен достық байланыс орнатуға болады. Мұндағы басты мақсат серіктестік орнату, Қазақстандағы баспа саласын дамыту және отандық әдебиетімізді әлемге таныстыру, әлем тілдеріне аударылып, таралуына жол ашу. Бұл жоба да жалғасын табады деп үміттенеміз», – дейді ол. Сонымен қатар Фарида Рахымжанқызы шараны ұйымдастыруға көп қаржы жұмсалғанын, шетелдік баспагерлердің бүкіл шығынын «Фолиант» баспасы көтергенін айтты. Биылғы кітап көрме-жарменкесіне кіру ақылы болды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жиналған қаржы су тасқынынан зардап шеккен аймақтарға жіберілетін болады. Осынау еліміз үшін сындарлы сәтте оқырманына кітап ұсынып, түскен пайданы көмекке мұқтаж аймаққа жіберуі құптарлық іс.
Көрме барысында балалар әдебиеті, көркем және ғылыми-танымдық әдебиеттердің тұсаукесері, белгілі ақын-жазушылармен қолтаңба-сессиялар, кітап шығарудың өзекті мәселелері талқыланатын дөңгелек үстелдер өтті. Атап айтар болсақ, көрме кезінде Ақұштап Бақтыгерееваның «Менің Фаризам» атты кітабының тұсаукесері өтсе, Дархан Кыдырәлінің «Мұстафа» кітабы таныстырылды, сондай-ақ жазушы Мақсат Мәліктің «Абыл мен Қабыл» романы оқырманға жол тартты. Бұдан өзге де көптеген кітаптың таныстырылымы мен тұсаукесері өтіп, көрмеге келушілер автормен жүздесіп, қолтаңба алып, сұрақ қоюға мүмкіндік алды. Одан бөлек, Иран өнері мен каллиграфиясынан сыр шертетін шеберлік сабағы, отбасылық кітап оқу клубының талқылауы, викториналар, поэтикалық кеш те ұйымдастырылды.
Кітаптардың тұсаукесеріне қатысқан жазушы Бақытбек Қадыр да шараның мазмұнды өткенін айтады. Біз жазушыдан биылғы шараның маңыздылығын сұрадық.
«Астананың ең бір айшықты күндері – осы кітап тойы. Оқырман, автор, баспа үшеуінің басы түйісетін, қаламдас қауым бір-бірімен жүздесіп қауқылдасып қалатын жер осы. Өзіме ұнаған жаңа шыққан кітаптардың ішінде Дархан Кыдырәлінің «Мұстафа» кітабы, Сауытбек Абдрахмановтың кітабы болды. Әсіресе, көрменің көркін қыздырған Ұларбек Дәлейұлының «Жошы хан» тарихи-романын айтуға болады. Сондай-ақ марқұм Таласбек Әсемқұловтың аударған кітабы да оқырман үшін мол олжа деп айтуға болады. Мен атыраулық жазушы Бақытгүл Сармекованың «Кейіпкерлер» кітабына модератор болдым. Бұдан бөлек, қазақ прозасында тек осы бір кітаптарды жазу үшін ғана өмірге келгендей, жасындай жарқ етіп сөнген қаламгерлер бар. Соның бірі кешегі Ғалымбек Елубай болса, бірі Ая Мантай. Екеуі де болашағынан зор үміт күттірген жазушылар еді. Бұл кеште сол жазушы Аягүл Мантайдың «Уақыттың көз жасы» атты кітабы таныстырылды. Осындай игілікті шараны жыл сайын өткізуді дәстүрге айналдырған 28 жылдық тарихы бар «Фолиант» бас-пасына алғысымыз шексіз. Бұл баспаның тағы бір ерекшелігі «Бүгінгі проза» деген сериямен бұрын аз тиражбен шыққан кітаптарды қайта бастырып, оқырманға таратып отыр. Мәселен, Әлішер Рахаттың «Параллель» кітабы, Жадыра Шамұратованың «Сандық» кітабы және өзім жоғарыда айтқан Бақытгүлдің де кітабы осы серия арқылы шықты. Осындай мереке сыйлаған аталған баспаға игі шаралар легі таусылмасын дегім келеді», – дейді жас жазушы.
Жалпы, 5 күнге жалғасқан мазмұнды шарада Қазақстан, Ресей, Түркия, Иран, Өзбекстан, Испания және Қытай мемлекеттерінен баспа, кітап сату, танымдық-ғылыми білім беру және полиграфиялық қызмет ұсынатын 70-ке жуық компания қатысқанын айта кеткен жөн. Баспа индустриясында 1996 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан көпсалалы қазақстандық «Фолиант» баспасы жыл сайын жүздеген әлемдік үздік туындыларды қазақ тіліне аударып және басып шығарады. «Фолианттың» ассортиментінде қазақ әдебиетінің жауһарлары, әлемдік классика, ғылыми-танымдық еңбектердің сан мың түрі бар.
Наурызбек САРША