Осынау атаулы күнге орай «AMANAT» партиясы Жетісай аудандық филиалындағы «Кітап-AMANAT» мәдени-ағартушылық орталығында «Кітап арқылы ашылған сырлы әлем» атты кітап көрмесі өтті.
Халықаралық кітап және авторлық құқық күнінде қандай іс-шаралар өтті?
985
оқылды

Сәуірдің жиырма үшінші жұлдызы – күллі ғаламның кітапсүйер халқы мен осы сала қызметкерлері үшін мереке. Дәл осы дата 1995 жылы ЮНЕСКО шешімімен «Халықаралық кітап және авторлық құқық күні» болып белгіленген. Осыған орай еліміздің әр өңірінде бірқатар іс-шара өтті.

«AMANAT» партиясы Жетісай аудандық филиалындағы «Кітап-AMANAT» мәдени-ағартушылық орталығында «Кітап арқылы ашылған сырлы әлем» атты кітап көрмесі өтті. Көрмеге қатысқан Жетісай қалалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының оқушылары «Қазақстан жазушылары балаларға», «Әлем балалар әдебиеті», «Ең ақылды кітаптар», «Оқимыз – ойнаймыз», «Сиқырлы ертегілер» атты бөлімдерден тұрған кітап әлеміне сяахат жасады. 

Көрмеде келушілер әйгілі ертекші-жазушы Ханс Кристиан Андерсеннің шығармаларымен танысты. «Қазақстан жазушылары балаларға» атты бөлімінде «Балалар әдебиетінің алтын қоры» сериясымен шыққан қазақ балалар әдебиеті классиктерінің ең үздік туындылары ұсынылды. Сонымен бірге, кішкентай оқырман қауымға арналған М.Әлімбаевтың өлеңдері, тақпақтары, жұмбақтары мен жаңылтпаштары енген Алматы қаласындағы «Раритет» баспасынан жарық көрген «Балдәурен» кітабы да келушілерді қызықтырды. Халқымыздың аса көрнекті ағартушысы, ойшысы, қоғам қайраткері Ы.Алтынсариннің «Таза бұлақ» әңгімесі мен өлеңдері, әңгімелері мен очерктері, хаттар енген жинағы қойылды.

«Әлем балалар әдебиеті» бөлімінде есімдері дүниежүзіне әйгілі, әлемдік балалар классиктері Корней Чуковский мен Агния Бартоның «Балауса» баспасынан шыққан өлеңдері мен дастандары таныстырылды. 

Рухани әлемінің қайнар бұлағының бірі ол ертегілер. Ертегілер халықтың үміт-тілегінен, аңсар-арманынан, ұшқыр қиялынан туған. Әлем ертегілерін құрастырған Оразақын Асқардың «Әлем халықтарының ертегілері» оқушылар назарына ұсынылды. Оқырмандарға тартымды, әрі қызықты болған бөлімнің бірі «Ең ақылды кітаптар» қатары болды. Бұл бөлімге көркем тілмен қысқа әрі нұсқа жазылған, балалардың «100 мың неге?» деген сұрағына жауап беретін, түрлі түсті анықтамалар қойылды. «Кітап-AMANAT» мәдени-ағартушылық орталығына жиналған кітапсүйер қауым ұсынылған әдебиеттермен тереңірек танысып, өздеріне қажетті қызықты мағлұматтар алды.

Айта кетейік, өткен жылы Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында еліміздің ең қиыр оңтүстік нүктесі – Жетісай қаласы «АМАNАТ» партиясының аудандық филиалында «Кітап-АМАNАТ» мәдени-ағартушылық орталығы ашылған. Идеологиялық жүктемесі ауқымды бұл бастама арқылы тұрғындардың әдеби танымын кеңейтіп, оларды баспадан шыққан қазақ тілді жаңа кітаптармен таныстыру, тұрғындардың сапалы әдебиетке қол жеткізуі қарастырылған. Орталықта жұртшылық кітапты жазып алып та, сатып алып та оқуына мүмкіндік бар.

«Кітап-AMANAT» жобасы аясында «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы жанындағы Әйелдер қанатының бастамасымен «MIRAS» аймақтық кеңесі, партия филиалы мен Абай кітапханасы бірлесе отырып салтанатты жиын өткізді.

Іс-шараға «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының Атқарушы хатшысы, Шымкент қаласының мәслихат депутаты, Әйелдер қанатының үйлестірушісі Жанар Әлібекқызы, Шымкент қаласының мәслихат депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі Қайрат Есенбекұлы, «Miras» аймақтық кеңесінің төрағасы, Қазақстан Жазушылар одағының Шымкент қаласындағы өкілдігінің төрағасы, Қазақстанның Құрметті жазушысы, Халықаралық Алаш әдеби сыйлығының иегері Момбек Әбдәкімұлы, өңірімізге белгілі кәсіпкер, «Нар Тәуекел» кітабының авторы Данияр Амангелдіұлы, кітапхана қызметкерлері, БАҚ өкілдері және оқырмандар қатысты.

Мерекелік шара барысында спикерлер «AMANAT» партиясының қазақстандықтардың зияткерлік және шығармашылық капиталын дамыту мақсатында сәтті іске асырып жатқан «Кітап-AMANAT» жобасы туралы айтып, кітап оқуға шақырды. Сондай-ақ, Данияр Беркімбаевтың әлеуметтік өмірге бағытталған «Нар Тәуекел» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтіп, оқырмандарға автордың кітаптары табысталды.

Жыл сайын 23 сәуірде бүкіл әлемде аталып өтілетін Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күні – бұл кітап пен оқуға деген сүйіспеншілікті арттыруға арналған мереке. 

1995 жылы Парижде өткен ЮНЕСКО-ның Бас конференциясы бұл күні кітаптар мен авторларға құрмет білдіру туралы шешім қабылдады. Мереке Халықаралық кітап баспа Ассоциациясының бастамасымен 1969 жылдан тойланып келеді.

23 сәуір күні Дүниежүзілік кітап күніне орай «AMANAT» партиясы Алматы қалалық филиалындағы «Кітап-АMANAT» орталығында «Көк тудың желбірегені» әнінің авторы, танымал ақын Алмас Ахметбекұлы, «Арыс» баспасының директоры, филиология ғылымдарының докторы, профессор Әнес Ғарифолла және «Қазақстанның Баспагерлер, Полиграфистер және кітап таратушылар» ассоциациясының президенті Әділ Қойтанов жастармен кездесуі өтті.

Кездесу барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Ұлттық құрылтайда көтерілген Ұлттық кітап күнін белгілеу туралы мәселесі талқыланды. Сондай ақ, кеш қонақтары жастарды көп кітап оқуға шақырды.

Пайдасы мол, ақылға, білімге, патриоттық күш беретін руханиятқа толы кездесу соңында оқу мәдениетін қалыптастыру, дамыту мақсатында жастарға Ермек Аманшаевтың «Тәуба» және Бахыт Еженханұлының «Қожаберген батыр» кітаптары сыйға табыс етілді.