Солтүстік Қазақстан облысында су тасқынына байланысты жағдай әлі де күрделі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында СҚО ТЖД Ақпараттық-талдау тобының бас маманы Жазира Қожахметова мәлімдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
СҚО-дағы Сергеев су қоймасы 164 % толып, су бөгет шыңынан 3 метр 37 см-ге жеткен. Тәулік ішінде 19 см төмендеген.
– Облысымыздағы жағдай әлі де күрделі. Антирекорд 2024 жылы – 4 метр 25 см, 2017 жылы – 3 метр 38 см болған еді. Есіл өзенінде Қызылжар ауданының Новоникольское селосындағы гидробекетте су деңгейі 6 см көтерілді. Алайда жаңа да үйлерді су басу деректері тіркелген жоқ. Петропавл қаласында тәулік ішінде су деңгейі 11 см көтерілді. Долматово селосында (РФ шекарасында) бұл көрсеткіш 2 см көтерілді, – деді Жазира Қожахметова.
Казгидромет мамандарының болжамына сәйкес, екінші толқын бірінші толқындай көп су әкелмейді және де үйлерді су баспайды.
– СҚО-да су тасқынының басынан бері 3 419 үй су басты, оның 196 үйі суға кетті. Қазіргі уақытта 3 223 үй және 1 116 үй маңындағы аула суда тұр. Жалпы облыс бойынша 14 388 адам эвакуацияланды, олардың 3 596 бала. Бүгінде 764 адам үйлеріне қайтты, олардың ішінде 200 бала бар. Эвакопункттерде 906 адам, оның 159 бала орналасты. Ал 12 718 адам (3 237 бала) туысқандарына қайтып барды. Сондай-ақ 5 323 бас мал қауіпсіз жерге көшірілсе, 447 иелеріне қайтарылды, – деді спикер.