Қазақстанның 11 аймағында жаңадан 20 бөген салынады, тағы 15-не күрделі жөндеу жүргізіледі.
Қазақстанда Ұлттық гидрогеология қызметі қайта құрылады
Фото: gov.kz
882
оқылды

Қазақстанда Ұлттық гидрогеология қызметі қайта құрылады. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясында айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz

Президент апаттарға қарсы күрестің тиімді жүйесін құруды көздейтін күрделі шаруа шешімін табуы керек екенін атап өтті. Осы ретте  ол табиғат апаттарымен күресетін пәрменді шаралар қабылдау үшін мемлекет пен ғылымның ықпалдастығын іс жүзінде қайтадан түзеу маңызды екеніне тоқталды. Соған байланысты  Тараздағы Қазақ гидромелиорация-құрылыс институты қайта құрылатынын айтты.

– Сондай-ақ Алматыдағы Сейсмология институтының әлеуеті күшейеді. Климат өзгерістерін зерттеп, тежеуге айрықша назар аударылады. Су шаруашылығы саласын басқару жүйесі, оның ішінде «ҚазСуШар», «Нұра топтық су құбыры» сияқты компаниялар да түгел қайта құрылады, –  деді Мемлекет басшысы.

Ол елдегі бөгеттер мен бөгендердің барлығы дерлік өткен ғасырдың 50-70-жылдары салынғанын тілге тиек етті.

– Заман талабына сай су қоймалары тапшы болғандықтан, биылғы тасқынның зардабы тіпті ауыр болды. Сондықтан Қазақстанның 11 аймағында жаңадан 20 бөген салынады, тағы 15-не күрделі жөндеу жүргізіледі. Сонда 134 елді мекенді су басу қатері едәуір азаяды. Су ресурстарын басқару жүйесін дамыту тұжырымдамасына тасқынның алдын алу және оның салдарын азайту шаралары қосылады. Бұл шаралар халықаралық тәжірибені ескере отырып, әзірленеді, –  деді ол.

Сондай-ақ ол Төтенше жағдайлар министрлігінің техникалық базасын жаңартатып, оның арнайы техникасының, тікұшақтары мен ұшақтарының санын көбейтетінін айтып өтті.

– Ұлттық гидрогеология қызметі қайта құрылады. Бұл қызмет жерасты су ресурстарын барлау және қорғау жұмысымен айналысады. Қоршаған ортаның жай-күйіне бәріміз жауаптымыз, мұны естен шығармау керек. Қоғамда экология мәдениетін қалыптастырып, табиғатты аялау қағидасын дәріптеген жөн. Менің бастамаммен елімізде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық науқаны өтіп жатыр. Мұндай шаралар су тасқыны болған аймақтарда да ұйымдастырылады. Ескертемін, бұл – ешқандай да бірреттік іс-шара емес. Барлық өңірде аумақтарды көгалдандыруға және тазалауға көп көңіл бөлу керек. Әркім ортақ іске үлес қосатын болса, еліміз көркейе түседі, –  деді Мемлекет басшысы.