Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда күн тәртібіне шығарылған заңдар қаралып, депутаттық сауалдар жолданды.
«Айбын» орденіне Сағадат Нұрмағамбетов, Бауыржан Момышұлы және Рақымжан Қошқарбаевтың есімі беріледі
1,203
оқылды

Отырыс барысында сенаторлар «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» Қазақстан Республикасының заңына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» заңды қарап, мақұлдады. Бұл заң Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында Парламент депутаттарының бастамашы болуымен әзірленді. Қабылданған шаралар көздейтін маңызды міндеттердің бірі тарихи сананы жаңғыртуға, Қазақстан азаматтарының ұлттық бірегейлігін нығайтуға және әскери-патриоттық тәрбиені дамытуға ықпал ету екенін атап өткен жөн.

Жаңа нормаларға сәйкес, «Айбын» орденінің түрлі дәрежесіне Сағадат Нұрмағамбетов, Бауыржан Момышұлы және Рақымжан Қошқарбаевтың есімдерін беру қарастырылған.

«Мақұлданған заң Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасы бойынша әзірленді. Мемлекет басшысы «Айбын» орденінің түрлі дәрежесіне халқымыздың даңқты батырларының есімдерін беруді ұсынған еді. Мұндай шешім көрнекті тарихи тұлғаларымызды дәріптеуге және жастардың әскери-патриоттық рухын көтеріп, оларды отаншылдыққа тәрбиелеуге ықпал етері анық», – деді Палата Спикері.

Сондай-ақ Сенат депутаттары «Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы одақтастық қатынастар туралы шартты ратификациялау туралы» заңды қарап, мақұлдады. Шарт негізгі бағыттар бойынша ынтымақтастықты кеңейтуге арналған.

Мәулен Әшімбаев атап өткендей, Қазақстан мен Өзбекстанның одақтастық қарым-қатынасы тарихи бауырластыққа, өзара сенімге және ортақ құндылықтарға табан тірейді. Құжаттың ережелері бойынша тараптар екі мемлекеттің Парламенттері, саяси партиялары және қоғамдық ұйымдары арасындағы байланысты нығайтуға ықпал етеді.

Бұдан бөлек, шарттың 4-бабына сәйкес, Қазақстан мен Өзбекстан мемлекет басшылары басқаратын Жоғары мемлекетаралық кеңес құрады. Ол Кеңестің қызметін үйлестіру Сыртқы істер министрлерінің кеңесіне жүктеледі.

«Өзбекстан – Қазақстанның сенімді одақтасы әрі маңызды серіктесі. Екі ел басшыларының өзара мемлекеттік сапарлары мен келісімдері екіжақты қарым-қатынастарға үнемі тың серпін береді. Бүгін қаралған заң – өзара сенімге негізделген осындай диалогтің нәтижесі. Бұл құжат мемлекеттеріміз арасындағы ықпалдастық мәселелерінің кең ауқымын қамтиды және көптеген саладағы стратегиялық ынтымақтастықты нығайта түседі. Алдағы уақытта шарт бауырлас қазақ-өзбек қарым-қатынасын сапалы жаңа деңгейге шығаруға ықпал етеді деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар отырыс барысында «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы санитариялық-эпидемиологиялық сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларға ден қою жөніндегі ынтымақтастығы туралы келісімді ратификациялау туралы» және «Зияткерлік меншік құқықтарының сауда аспектілері жөніндегі келісімге толықтыру енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңдар қаралып, мақұлданды.

Келісімде ТМД елдерінде санитариялық-эпидемиологиялық сипаттағы төтенше жағдайлармен тиімді күресу үшін тиісті шаралар қарастырылған. Ал  Хаттама мұқтаж елдердің дәрілік заттарға қолжетімділігін қамтамасыз етуді көздейді. Аталған құжат Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше елдерге патенттелген дәрілік заттардың авторлық құқық иесінің рұқсатынсыз дәрілік заттарды әрі қарай экспортқа міндетті лицензиялар бойынша өндіруге құқық береді. Алайда дәрі-дәрмек өндірісі тек денсаулық сақтау мақсатымен ғана жүргізілуі керек.