Ақтөбе қаласында прокурорлар үлескерлерді 2,5 млрд теңгеге алдаған құрылыс компаниясының басшыларына қатысты істі тергеп, сотқа жіберді, –ч деп хабарлайды Aikyn.kz облыстық прокуратураға сілтеме жасап.
Ақтөбе облысының прокуратурасы Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағы және 279-бабының 1-бөлігі («Алдау немесе сенімін теріс пайдалану жолымен бөтеннің мүлкін жымқыру, сондай-ақ құрылыс қызметі саласындағы ережелерді немесе талаптарды бұзу») бойынша қылмыстық істі сотқа дейінгі тергеп-тексеруді аяқтады.
Тергеу облыс прокуроры Халидулла Дәуешовтің жеке бақылауында болған.
«2019-2023 жылдары Safina тұрғын үй кешенінің басшысы К. және бір серіктестіктің директоры А., Ақтөбе қаласының 12-ші және «Алтын Орда» шағын аудандарында салынып жатқан көпқабатты үйлерден пәтер береміз деген желеумен үлескерлердің 2,5 млрд теңгесін иемденген», – делінген хабарламада.
Прокуратураның мәліметінше, биыл 25 сәуірде Ақтөбе қаласының прокуратурасы 2 күдіктіге қатысты қылмыстық істі Ақтөбе қаласының № 2 сотына жолдаған.
Облыстық прокуратура қазақстандықтарға қырағы болып, алаяқтардың айласына түсіп қалмауға шақырады.