Жиынға Парламент Сенатына ҚХА қатарынан сайланған депутаттар, республикалық этномәдени бірлестіктердің жетекшілері мен мүшелері, Ассамблеяның еріктілері, сондай-ақ бейнебайланыс арқылы Ұйымның өңірлердегі делегаттары қатысты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, ең алдымен, еліміздің бірнеше аймағындағы табиғат апат салдарын еңсеру үшін жүргізіліп жатқан ауқымды жұмыстарға тоқталып, су тасқыны басталғаннан бері Қазақстан халқы Ассамблеясы да ортақ істен шет қалмай, белсенді әрі үйлесімді жұмыс істеп жатқанын атап өтті. Мұның бәрі өзара жанашыр және тілеулес болудың айқын көрінісі екенін айтты.
«Мен Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстарына арнайы бардым. Кездесу кезінде жұртшылық Ассамблея мүшелеріне зор ризашылық білдірді. Ассамблея – кейбір адамдар айтып жүргендей, жасанды ұйым емес. Ассамблея – ел бірлігін іс жүзінде орнықтыра түсетін тиімді құрылым. Бүгінде бұл – конституциялық мәртебесі бар маңызды қоғамдық орган. Ассамблея өте ауқымды қайырымдылық шараларын дер кезінде және жедел ұйымдастырып келеді. Мұның бәрі көпжылдық жүйелі жұмыстың нәтижесі екені сөзсіз. Ассамблея мүшелері «Қайырымдылық керуені» жобасы арқылы мұқтаж жандарға үнемі қолдау көрсетіп жүр. Былтырдың өзінде құны 1,7 миллиард теңгеден асатын көмек берілді. Бірлігі мықты халықтың күш-қуаты азаматтардың бір-біріне деген осындай қамқорлығынан айқын көрінеді», – деді Президент.
Қасым-Жомарт Кемелұлы түрлі сын-қатерге қарамастан, еліміз стратегиялық мақсат-міндеттерінен айнымайтынына назар аударды. Оның айтуынша, аз уақыт ішінде жүргізілген саяси реформалар нәтижесінде биліктің барлық тармағы адамның заңды мүддесін, құқығы мен еркіндігін қорғауға және оны ілгерілетуге негізделген жаңа жүйе бойынша жұмыс істей бастады. Ендігі міндет – әділдік, инклюзивтілік, прагматизм қағидаларына негізделген және халықтың әл-ауқатын арттыруды көздейтін жаңа экономика үлгісіне көшу. Бұл орайда Қасым-Жомарт Тоқаев Ассамблеяның сессиясы «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» деп аталғанын, барша халқымыздың стратегиялық бағдарының түпкі мәнін осы үш ұғым дәл әрі нақты білдіретінін, бірлік пен ынтымақ басты құндылығымыз және мемлекеттік саясаттың бұлжымас бағдары болып қала беретінін айтты. Президент осы мақсатқа жету үшін орындалуға тиіс бірнеше өзекті міндетке арнайы тоқталды. Мәселен, Қасым-Жомарт Тоқаев, ең алдымен, Ассамблея жұмысын еліміздің жаңа гуманитарлық идеологиялық доктринасымен үйлестіру қажет деп санайды.
«Біз Құрылтайдың Атыраудағы отырысында негізгі идеологиялық тұжырымдарды жинақтап, жүйелеп алдық. Жалпыға ортақ құндылықтарды айқындадық. Бұл – ең алдымен, Тәуелсіздік және Отаншылдық. Одан кейін – Бірлік және Ынтымақ. Келесі – Әділдік пен Жауапкершілік. Сондай-ақ – Заң және Тәртіп. Бұдан соң – Еңбекқорлық пен Кәсібилік. Және – Жасампаздық пен Жаңашылдық. Бұл – біздің саясат пен экономикадан бастап, білім мен мәдениетке дейінгі барлық саладағы бағыт-бағдарымыз. Мұның бәрі халқымыздың азаматтық бірегейлігін нығайтады. Дегенмен Құрылтайда айтылған жалпыұлттық доктрина, яғни тұғырнама жетекші қоғамдық институттардың барлығы қолдаса ғана толық жұмыс істей алатынын ұғынған жөн. Сіздердің, қоғамның қолдауы болмаса, бұл доктрина қағаз жүзінде қалады. Мұны міндетті түрде жүзеге асыруымыз керек. Ондағы негізгі қағидаттарды орнықтыру ісінде Ассамблея басты рөл атқаруға тиіс», – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Президент бүгінде жаһандық катаклизм белең алып, түрлі мемлекеттер арасында әскери-саяси, сауда-экономикалық текетірес, тіпті мәдени-гуманитарлық тартыс күшейіп бара жатқанына тоқталды. Мемлекет басшысы қоғамда ұлтына қарай ерекшеленуге, оқшаулануға ұмтылған кез келген әрекетке, әсіресе азаматтарды тіліне, ұлтына, дініне немесе мәдениетіне бола арандатуға, я болмаса кемсітуге мүлде жол бермейтін орта қалыптастыру маңызды екенін айтты.
«Радикалды идеологияны дәріптеу және ксенофобия отын тұтату үшін халықаралық тұрақсыздықты пайдаланып қалғысы келетіндердің әрекеті анық көрінуде. Кейбір мемлекеттердің геостратегиялық амбициясынан этнодіни астар іздеуге тырысатындардың, тіпті оны өркениетаралық қақтығыс ретінде көрсеткісі келетіндердің үні қатты шыға бастады. Соның салдарынан, қазір әлемнің әр түкпірінде түрлі экстремистік күштердің белсенділігі артып келе жатқаны байқалып отыр. Қазақстан халықаралық құқықты және гуманистік идеалдарды берік ұстанатын ел ретінде алғашқылардың бірі болып Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше мемлекеттерді бейбіт халыққа жасалған сұмдық қатыгез әрекетті айыптауға шақырды. Барша адамзат өзара диалог орнатып, күш біріктіру арқылы ғана халықаралық қатынас саласындағы күйреу мен ыдырау үрдісіне төтеп береді, берекесіздік пен сенімсіздікті еңсере алады.
Жер жүзінде бәрімізді алаңдататын түрлі оқиғалар болып жатыр. Біртұтас ұлт ретінде дәл осы кезде біздің мақсатымыз да, ниетіміз де бір болуға тиіс. Қоғамда ұлтына қарай ерекшеленуге, оқшаулануға ұмтылған кез келген әрекетке, әсіресе азаматтарды тіліне, ұлтына, дініне немесе мәдениетіне бола арандатуға, я болмаса кемсітуге мүлде жол бермейтін орта қалыптастыру маңызды.
Тіл – көптеген мемлекет үшін өзекті мәселенің бірі. Осы мәселенің дұрыс шешілуі кез келген елдегі қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығына едәуір ықпал ететінін тарихтың өзі көрсетіп отыр. Қазақстанда да солай. Біз осы аса шетін мәселеге келгенде сыртқы-ішкі факторларды ескере отырып, стратегиялық ұстамдылық және толеранттық танытуымыз қажет. Мен қазақ тілі уақыт өте келе этносаралық қатынас тіліне айналатынына сенімдімін. Біз біртіндеп осыған келе жатырмыз», – деді ол.
Президент Ассамблеяның институционалдық әлеуетін нығайту мәселесіне арнайы тоқталып, Ұйымның мемлекеттік органдармен, Парламентпен және мәслихаттармен қарым-қатынасын жақсарта түсу керек екенін атап өтті. Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев Ассамблея жетекшілеріне мемлекеттік шешім қабылдау үдерісіне және реформаларды ілгерілету ісіне белсене қатысу, этно-әлеуметтік шиеленіс ошақтарын анықтау және ондай оқиғалардың алдын алуға баса мән беру, Ассамблеяны әлеуметтік тұтастық пен отаншылдықты дәріптейтін институт ретінде нығайту міндеттерін жүктеді.
«Соңғы жылдары Ассамблеяның қызметі айтарлықтай өзгерді. Бұл құрылым қоғамдағы аса маңызды институтқа және этномәдени бірлестіктердің бас штабына айналды. ҚХА барлық деңгейдегі мекемелермен түрлі бағытта серіктестік орнатып, басқаларға үлгі болуға тиіс. Жергілікті атқарушы органдармен және мәслихаттармен жұмыс жүргізу үшін тиімді тәсілдер табуға баса мән берген жөн.
Менің тапсырмаммен аймақ басшылары кемінде екі айда бір рет Ассамблея өкілдерімен бірге этносаралық ахуалға қатысты жиналыс өткізеді. Ассамблеяның негізгі іс-шараларына облыс және республикалық маңызы бар қала әкімдері тікелей өздері қатысуға тиіс. Мен мұны орынбасарға ысыра салуға болмайтынын нақты ескерттім. Өзгелердің, әсіресе Парламенттің және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының дәл осылай жасағаны абзал.
Ассамблея мемлекеттік шешім қабылдау үдерісіне және реформаларды ілгерілету ісіне белсене қатысуы керек. Сондықтан оның ғылыми-сараптамалық әлеуетін дамыту қажет. Этно-әлеуметтік шиеленіс ошақтарын анықтауға және ондай оқиғалардың алдын алуға баса мән берілуге тиіс.
Ассамблеяны әлеуметтік тұтастық пен отаншылдықты дәріптейтін институт ретінде нығайту керек. Ең алдымен, Ақсақалдар кеңесі және Аналар кеңесі сияқты тиімді құрылымдарды дамыта түскен абзал. Министрліктер және әкімдіктер олардың қызметіне қолдау көрсетуі қажет. Арнайы гранттар бөліп, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстар беруі керек.
Жастар Ассамблея қызметіне тың серпін әкеледі. Сондықтан Ассамблея құрылымдары мен этномәдени бірлестік басшыларының бір орынбасарын жастардан тағайындауды ұсынамын. Орталық және жергілікті органдар Ассамблеяның жастарға, әсіресе волонтерлерге қатысты жобаларына жан-жақты қолдау көрсетуі керек. Мұндай жобалардың тізімін жасаған жөн.
Достық үйлері жалпыұлттық ықпалдастық үшін қажетті орталыққа әрі барлық аймақта Ассамблеяның ауқымды бастамаларын жүзеге асыратын сенімді орынға айналды. Олар әлеуметтік маңызы бар жүзден астам жобаны іске асыруға ұйытқы болды. Алайда Достық үйінің қызметін жетілдіріп, күшейте түсу мәселесін ойластырған жөн. Олар қоғамдық кездесулер мен талқылаулар өтетін және тың бастамалар мен идеялар туындайтын комьюнити-орталыққа айналуға тиіс. Мен бұл бастаманы қолдаймын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент ауқымды су тасқыны болып жатқан қазіргідей сәттерде халқымыздың ұжымдасып, жұмыла білгенін жоғары бағалады. Азаматтардың ынтымағы мен өзара тілеулестігі айқын көрінген сындарлы шақтар мемлекеттік аппарат үшін де дағдарысқа қарсы күресте зор тәжірибе болды. Сонымен қоса, қоршаған ортаның жай-күйіне бәріміз жауапты екенімізді еске салған ол қоғамда экология мәдениетін қалыптастырып, табиғатты аялау қағидасын дәріптеуге шақырды.
«Менің бастамаммен елімізде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық науқаны өтіп жатыр. Мұндай шаралар су тасқыны болған аймақтарда да ұйымдастырылады. Бұл ешқандай да бірреттік іс-шара емес екенін ескертемін. Барлық өңірде аумақтарды көгалдандыруға және тазалауға көп көңіл бөлу керек. Әркім ортақ іске үлес қосатын болса, еліміз көркейе түседі.
Біз қалалар мен ауылдарды абаттандыруымыз қажет. Әрбір үй, аула, тұрғын үй кешені, саябақ және басқа да нысандар әкімдердің де, жұртшылықтың да назарынан тыс қалмауға тиіс. Саламатты әрі жайлы орта қалыптастырамыз десек, азаматтар барынша белсенділік танытуы керек. Бұл – жалпы азаматтық мәдениетіміздің деңгейін, керек десеңіз ұлтымыздың келбетін көрсетеді», – деді Президент.
Мемлекет басшысы сөзін қорытындылай келе, еліміз соңғы жылдары аса күрделі сынақтардың тағы бір тарихи кезеңін бастан өткеріп жатқанын айтып, бірлік пен ынтымақтың арқасында бұл қиындықтың бәрін жеңетінімізге, шынығып, ширап, бұрынғыдан да мықты болып шығатынымызға сенім білдірді.
«Бәріміз – бір елдің азаматымыз. Тарих тоғыстырған тағдырымыз – бір, сеніммен қадам басатын келешегіміз – бір. Біз біртұтас ұлт ретінде әрдайым бабалар аманатына адал боламыз. Қасиетті қара шаңырағымыз – Қазақстанның жарқын болашағын бірге жасаймыз. Біздің мақсатымыз – айқын, бұл – Әділетті Қазақстанды құру.
Мен Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігін қорғауды Президент ретіндегі ең басты міндетім деп санаймын. Осы қастерлі міндет Әділетті Қазақстанды құру және белсенді әрі сындарлы сыртқы саясат жүргізу арқылы ғана орындалады.
Биік мақсатқа жету үшін түрлі кедергіден өтеміз, барлық қиындықты жеңеміз. Ауқымды міндеттерді орындаймыз. Біз еліміздің басты құндылықтары мен бағыт-бағдарынан айнымаймыз. Мемлекеттілігімізді нығайтып, Тәуелсіздік туын әрдайым биік ұстаймыз. Мен бұған нық сенемін және сол үшін бәрін жасаймын. Бұл – менің Президенттік әрі перзенттік парызым», – деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.