Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассам­блеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясында еліміз қарқынды дамуы үшін ондаған жыл бойы қордалаған көптеген мәселені шешуіміз қажет екенін атап тұрып көрсетті.
Бірлік – барлық қиындықтың шешімі
437
оқылды

Менің көңіліме ұнағаны, ол кісінің «Жойқын су тасқы­нынан бұзылған үйлерді қалпына келтіру, зардап шеккен тұрғын­дардың қалыпты өмірге қайта оралуын қамтамасыз ету – дәл қазір Президент ретінде менің алдымда тұрған аса маңызды міндет» деген сөзі болды. Шынында да, бұл – бәрімізге жүктелген үлкен сын, ауқым­ды міндет. Тасқын судан қираған үй­лер, бұзылған жолдар, көптеген инфра­құрылымды қысқа мерзім ішінде қайта қалпына келтіруіміз керек. 

Президент бұрын жоспарланып қойған халықаралық іс-шараларды қысқарту туралы Үкіметке нақты тапсырма берді. Барлық қаражат, мүмкіндік апат зардабын жоюға, халық тұрмысын оңалтуға арналатын болады.

Үкімет пен жергілікті әкімдік қазірдің өзінде тұрғын­дардың шы­ғындарын өтеу жұмысын бастап кетті. Мал шығынын төлеу, баспана мәселесін шешіп беру үшін арнайы комиссиялар қызмет етіп жатыр. Мемлекет басшысы «Мен үшін ең бастысы азаматтардың әл-ауқатының жақсаруы» деп табиғи апат зардабының оңалатынына кепілдік берді. Шынында да, ел болып ұйыссақ, алынбайтын қамал жоқ, бітпейтін іс жоқ.  

Біз соңғы екі-үш жылдың бедерінде жүйелі саяси реформалардың жолын өт­кердік. Ел экономикасын жаңғырту және қоғамдық этиканы жаңарту бойынша күр­делі жұмысқа кірістік. Бұл саяси реформалар азаматтық қоғамның дамуына күшті сер­пін беруде. Бүгінде ел аза­мат­тарының мем­лекеттік шешімдер қабыл­дауға қатысу мүм­кіндіктері едәуір кеңейді. Мақсатымыз – әркімнің лайықты өмір сүруіне жағдай туғызу. Мұндай реформалар өз ауқымы бойынша бұрын-соңды бол­маған сипатқа ие болып жатыр. Сон­дықтан оларды сапалы іске асыруды жалғастыруымыз қажет.

Президент 15 наурызда Атырауда өткен Ұлт­тық құрылтай отырысында инфрақұры­лымдық бастамалар жүзеге асатынын айтқан болатын, 1 мамырдан бастап соның бір мысалы ретінде «Наурыз» атты жаңа ипотекалық бағдарлама іске қосылмақшы. Аталған бағдарлама 8 жылға арналып отыр. Нәтижесінде, 70 мыңға жуық баспанасыз отбасының әлеуметтік мәселесі шешіледі.

Тарихқа көз жүгіртіп қарасақ, біздің халық кез келген дағдарыс жағдайынан, қиын­дықтан сабақ ала отыра еңсеріп шық­қанын білеміз. Менің ойымша, осы жолы да тұтас ұлт болып, тың мүмкіндіктерге жол ашамыз.  Қоғамда түбегейлі өзгерістер жасайтын кезең алдымызда тұр. 

Мұқаш ЕСКЕНДІРОВ,

Парламент Мәжілісінің депутаты, 

«AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі