Жаңа нормаларға сәйкес «Айбын» орденінің түрлі дәрежесіне Сағадат Нұрмағамбетов, Бауыржан Момышұлы, Рахымжан Қошқарбаевтың есімін беру қарастырылған.
«Атап айтқанда, I дәрежелі «Айбын» орденін Сағадат Нұрмағамбетовтің есімімен, II дәрежелі «Айбын» орденін Бауыржан Момышұлының есімімен, III дәрежелі «Айбын» орденін Рахымжан Қошқарбаевтың есімімен атау ұсынылды», – деді Сенат депутаты Андрей Лукин.
Мақұлданған заң даңқты батырлардың жауынгерлік ерлігін мәңгілік есте қалдыру, сондай-ақ жалпыұлттық сананы, қазақстандық азаматтық бірегейлікті нығайтуға, әскери-патриоттық тәрбиені дамытуға өз үлесін қосады. Сенатор Алишер Сатвалдиев соғыс майданындағы ерлігі – елге мұра, бейбіт күндегі ерен еңбегі ұрпаққа үлгі болған батырларымыз Сағадат Нұрмағамбетовтің, Бауыржан Момышұлының және Рақымжан Қошқарбаевтың есімін ұлықтау арқылы Мемлекеттік наградалар жүйесін жетілдіруді мақсат тұтқан заңды толық қолдайтынын жеткізді.
«Әріптестеріміз Нұртөре Байтілесұлы, Ғалиасқар Төлендіұлы және Парламент Мәжілісінің бірқатар депутаты бастамашылық еткен бұл құжат қазір Қазақстан Республикасының мемлекеттік идеологиясының негізгі ұстанымы қазақстандық патриотизмді қалыптастыру ісіне қызмет етеді деп сенемін. Заңда көзделген стратегиялық мақсаттың бірі – жастарды патриотизмге тәрбиелеу, жас ұрпақтың рухын көтеру, адами ұстанымдарды қалыптастыратын тәрбие беру және тәрбиелік ортаны құру. Қазіргі қоғам дамуы тұлғаның жаңа әлеуметтік типін қалыптастыруды, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін елжанды, отансүйгіш ұрпақ тәрбиелеуді талап етеді», – деді ол. Алишер Сатвалдиевтің айтуынша, талқыланып отырған заңның ұрпақтар сабақтастығын байланыстыруда маңызы ерекше. Сөз соңында сенатор «Ел үмітін ер ақтар, ер атағын ел сақтар» деген халық даналығын дәріптей келе, талқылап отырған заңды қолдауға шақырды.
Жалпы, орден-медальдарға тұлғалардың есімін беру көптеген елде бар тәжірибе. Еуразия ұлттық университетінің тарих ғылымдарының докторы, профессоры Мақсат Алпысбес бұл тәжірибе халқы үшін ерен ерлік танытқан батырларымыздың есімін мәңгі есте сақтауға сеп болатынын айтты.
«І дәрежелі «Айбын» орденіне Сағадат Нұрмағамбетовтің, ІІ дәрежелі «Айбын» орденіне Мәскеу түбінде үлкен ерлік көрсеткен Бауыржан Момышұлының және ІІІ дәрежелі «Айбын» орденіне Рейхстагқа ту тіккен Рақымжан Қошқарбаев есімінің берілуі өте дұрыс шешім. Бұл жас өскелең ұрпақты отаншылдық және ерлік мінезді етіп тәрбиелеуде зор рөл атқарады. Бұл наградалардың бір міндеті – соғыстағы ұлымдықты күйретіп, жеңіске жетуде қазақ халқының қаһармандарының есімін тағы бір еске алып, тарих ақиқатын ұмыттырмау. Бүкіл әлем гитлерлік Рейхстагқа қазақ батыры Рақымжан ту тіккенін ұмытпауы керек. Барша ел Мәскеуді қорғауда ең үлкен ерлік көрсеткен Бауыржанның соғыс өнерін білуге тиіс. Көптеген әлем елінде өздерінің даңқты, әсіресе елін, жерін қорғаған батырларының және мемлекеттің дамуына үлес қосқан тұлғалардың есімімен осындай наградаларды атау қалыптасқан дәстүр. Соның аясында біздің елде де мақұлданған шешім өте дұрыс деп бағалаймыз. Сондықтан «Айбын» орденінің дәрежелерін әлем майданында ұлы ерлік көрсеткен батырларының есімі берілгені ерлік дәстүрді дәріптеуге қызмет ететін үлкен табыс деп білеміз. Демек, бұл «Айбын» ордені нагрдаларының дәрежелеріне батыр аталарымыздың есімін бекіту, барша әлемге ел қорғаудағы қазақ ерлігінің үлгісін асыл өнеге етуге тиіс», – дейді тарихшы М. Алпысбес.
Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ