Жағдайың қалай, Жер-Ана?

Осы аптаның басында, яғни 22 сәуірде бүкіл әлем Жер-Ана күнін атап өтті. Жер күнін алғаш рет 1970 жылы, планетаның денсаулығына алаңдаушылық қоғамдық санаға ене бастаған кезде атаған еді.

Оның негізін салған АҚШ сенаторы Гейлорд Нельсон. Калифорния штатындағы Санта-Барбара қаласында үлкен мұнай төгілуінің зардаптарын көрген соң осындай шешімге келген. Бұл мереке алғаш рет сол жылы 22 сәуірде АҚШ-та тойланды. Ал 1990 жылы Жер күні  халықаралық акцияға айналды. Сол жылы бұл мерекеге 141 елден 200 миллионнан астам адам қатысты. 

«ЖЕР КҮНІ» ҚАШАН ПАЙДА БОЛДЫ?

Ресми түрде  халықаралық Жер күні 2009 жылдың 22 сәуірі күні БҰҰ Бас Ассам­блеясының 63-сессиясында бекітілді және 2010 жылдың 22 сәуірінен бастап жыл сайын атап өтілетін болды. Бас Ассамблея­ның 63-сессиясының төрағасы Мигель д'Эското Брокманның айтуынша, қарарда Халықаралық бұл күннің жария етілуі Жер мен оның экожүйесі адамзатқа өмірді қамтамасыз ететін біздің ортақ үйіміз екенін мойындау, сондай-ақ 1992 жылы Рио-де-Жанейрода өткен БҰҰ-ның Қор­шаған орта жөніндегі конференциясында қабылданған міндеттемелерді растау болып саналады. Қарарда сондай-ақ «Жер-Ана» термині көптеген елде қабылданғанын және ол ғаламшардың, оның экожүйесі мен адамның арасындағы тәуелділікті көрсетеді.

Содан бері Жер күні ғаламшарға деген қамқорлығын білдіру және оны қорғауға күш салу үшін қоғамның бүкіләлемдік алаңына айналды. Жер күні бізге бұл пла­нетаның тұрғындары ғана емес, оның қамқоршылары екенімізді еске салады. Жыл сайын осы күні бүкіл әлем ғалымдары дөңгелек үстелге жиналып, ғаламдық экологиялық мәселелерді талқылайды. 

Бұл күні әркім өз ауласы мен көшесін абаттан­дыруға және көгалдандыруға қатыса алады. Бұл жаһандық қозғалыстың басты мақсаты – қоғам мен адамзаттың назарын Жер мен қоршаған ортаның проблемаларына аудару, оларға адамзат алдында тұрған қиын мәселелер туралы білуге мүмкіндік беру.

«АНАНЫҢ КӨҢІЛІ – БАЛАДА, БАЛАНЫҢ КӨҢІЛІ – ДАЛАДА»

Соңғы кездері алыс-жақын мемлекетте  түрлі табиғи апат жиілеп кетті. Ірі дауылдар, тоқтаусыз нөсерлер, зілзалалар, қар көш­кіні, аймақтарды өртке ораған аптап ыстық, құрғақшылықтар, жалын атқан жанартаулар, дүйім жұртты дүрбелеңге салған топан сулар.  Айта берсек, өте көп. Соның бірі де бастысы – жаһандық жылыну. Осыған байланысты Біріккен Ұлттар Ұйымы қазір дабыл қағу үстінде. Дүниежүзілік метеоро­логиялық ұйымның «Жаһандық климат» атты баяндамасын оқыған БҰҰ-ның бас хатшысы Антониу Гутерриш 2021 жылы: «Адамзат құрдымға кету алдында тұр. Біз тропикалық дауылдар мен орман өртінің көбейіп кеткенін көріп отырмыз. Сондай-ақ мұздықтардың еруі де рекордтық дең­гейге жетті. Мұның бәрі жаһандық жы­лынуға байланысты. 2020 жыл адамзат тарихындағы ең ыстық 3 жылдың бірі болды. Орташа температура индустрияға дейінгі дәуірмен салыстырғанда 1,2 градус­қа жоғары болды. Ғалымдар қауіпті меже 1,5 градус екенін айтады. Біз ақырындап сол көрсеткішке жақындап келе жатырмыз», – деп мәлімдеді.  

Биыл 22 сәуірде, яғни Халықаралық Жер күнінде БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш тағы да табиғатпен үйлесімділікті қалпына келтіруге шақырып баяндама жасады. «Планетаны барлық түрдегі ластаушы заттармен улау, экожүйелер мен түрлерді абайсызда жою және парниктік газдар шы­ғарындылары арқылы климатты тұрақсыз­дандыру арқылы біз азық-түлік өндірісіне қауіп төндіріп, қауіпті орталар жасап, тұ­рақ­ты дамуға кедергі келтіреміз», – деді ол.

Оның айтуынша, биологиялық әр­түрлікті жоғалту проблемасын шешу, қор­шаған ортаны ластауды тоқтату және жаһандық ауқымда парниктік газдар шығарындыларын айтарлықтай азайту қажет. Сонымен қатар жергілікті халық­тарға, қауымдастықтарға және экологиялық дағдарыстан ең көп зардап шеккен басқа адамға қолдау көрсету қажет. Осы мақсатта Бас хатшы елдерді жаһандық темпе­ратураның Цельсий бойынша 1,5 градусқа дейін көтерілуін шектеуге бағыт­талған жаңа ұлттық климаттық жоспарларды әзірлеуге шақырды. Бұған қоса, жаһан­дық қауым­дастық қазбалы отынды пайдаланудан бас тартуға және пластик өндірісі сияқты қоршаған ортаға зиян келтіретін салаларға қолдау көрсетуді тоқтатуға күш салу керегін жеткізді.

Естеріңізде болса, былтыр Түркия мен Сирия аумағында жойқын жер сілкінісі тіркелген еді. Ауқымы зор апаттан сол кезде 50 мыңнан астам адам опат болды. 120 мыңдай азамат жоғалып кеткен еді. Ал жуырда Жапония да жаратылыстың қаһарына тап болды. 220-ден астам көз жұ­мып, шамамен 200 азамат із-түзсіз жоғалып кетті. Тіпті, біздің еліміздегі оңтүстік астанамыз – Алматыда соңғы уақытта жер сілкінісі жиілеп кетті. АҚШ-тың геология қызметі келтірген мәліметке сәйкес, жой­қын зілзалалар жер бетінде жыл сайын тіркеледі. Статистика бойынша қуаты 7 баллдан асатын жер сілкінісі 1 жылда кемі 10-12 рет болады екен. Магнитудасы 5 асатындары тіптен көп. Мыңдап санауға болады. Ал зілзаладан басқа апат түрлері қаншама?! Күн сайын біреуі тіркеліп жатады. Соның салдарынан миллиондаған адамның өміріне қауіп төнеді. Осыған орай әр ел барынша қауіптің алдын алуға тырысып бағуда. Мәселен, АҚШ-та торнадо орталығы, Тайфун орталығы, Жапония, Қытай тағы басқа елдерде цунами ор­та­лықтары, Азия, Африка елдерінде құр­ғақ­шылықпен күресу орталықтары, Еуропада климаттың өзгеруімен күресу орталықтары бар. Олар жыл сайын табиғаттың тосын мінездерін зерттеп, келелі кеңестер өткізіп, адамзатқа келер апаттың алдын алуға қам жасауда. 

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ АХУАЛ ҚАЛАЙ?

Соңғы кезде ғаламдық жылыну құбылысына  алаңдаушылық артып отыр. Бұл құбылыс біздің елде де байқалып келеді.  Мысалы, 1960-1990 жылдар аралы­ғында Қазақстандағы орташа температура 1,6-2,7 градусқа, 1990-1999 жылдар аралы­ғында сынап бағанасы 3,2 градусқа дейін көтерілген. 1990 жылға дейін Қазақстанда 5,8 градус  болып келген жылдық орташа температура 2021-2022 жылдары 6,7 градусты көрсеткен. Бұл кезеңде жауын-шашын 14 мм азайған. Бұл болмашы ғана өзгеріс болып көрінгенімен,  топырақ­қа, өсімдіктерге, жануарлар дүниесі мен адамдардың денсаулығына кері әсер етіп отырғанын байқауға болады. Ал былтыр Қазақстанда температура рекорды тіркелді. Жалпы, елімізде соңғы 75 жылда жер бетіндегі ауа температурасының кең көлемде жоғарылауы байқалып, климаттың өзгеруі елдің ауыл шаруашылығы саласына, су ресурстарына, жайылымдар мен ормандарға зиянын тигізуде. 2 100 жылға қарай қазіргі мұздық массасының 50 пайыздан астамы жоғалады деп күтілуде, ал лай көшкіні, су тасқыны және құрғақшылық сияқты климатқа байланысты апаттардың жиілігі мен көлемі артады, бұл үрдіс алдағы онжыл­дықта сақталады деп күтілуде. 

2022 жылдың желтоқсан айында Қа­зақ­стан климаттың өзгеруімен күресу шаралары туралы баяндама ұсынды. Экология және табиғи ресурстар министрлігі еліміз­дегі Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағ­дар­ламасының және Жаһандық экология­лық қордың қолдауымен осы тақырып бойынша арнайы құжаттарды – сегізінші ұлттық коммуникация мен екіжылдық бесінші баяндаманы дайындады. 

Хабарламада атап өтілгендей, Қазақ­станның климат температурасы 30–35°С жоғары болатын күндер санының тұрақты өсуі байқалады, бұл әсіресе республиканың оңтүстігінде, оңтүстік-батысында және батысында байқалған. 

Сонымен қатар биыл еліміз ірі табиғи апатты басынан өткерді. Республикамыздың он облысын қарғын су әбігерге салды. Су тасқынынан жұрт қатты жапа шекті. Биылғы қарғын су ауқымы жағынан соңғы 30 жылдағы ең ірі су тасқыны саналған 2012 және 2017 жылдардағы деңгейден асып кетті. Еліміз бұл апаттың зардабын әлі тартып отыр.  

«ЖЕРГЕ ТАБЫН АДАМ ЕНДІ»

Әлемдегі табиғат климатының құбы­луы­на ел-елдегі белсенділер табиғатты қорғауға үндеп, барша адамзатты қоршаған ортаны сақтауға шақыруда. Ғалымдар зерттеулер жүргізіп, өнер адамдары өз үн­дерін өнер арқылы жеткізуде. Бұл – жақсы үрдіс. Себебі Жер – ортақ анамыз. Осы ретте еліміздегі täuel[x]sız арт-жобасы да осын­дай барша адамзатқа деген үндеуін өнері арқылы жеткізіп жүрген өнерпаздар ортасы. Біз осы ретте жобаның авторы әрі бас продюсері, журналист Руслан Жұбаныштан пікір сұрадық.

 «Біз яғни  27 сәуір күні Астана қаласындағы «Жастар» сарайында  «Жерге табын адам енді» атты заманауи өнер кешін өткізуді жоспарлап отырмыз. Жалпы, жоба туралы айтар болсам, täuel[х]sız жобасы 2019 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Мақсаты – қоғамдағы түрлі әлеуметтік, өзекті мәселелерді өнер арқылы кең көпшілікке жеткізу. Сондай-ақ заманауи поэзия өкілдері – жас авторлар мен олардың шығармашылығын таныту. Жоба 2021 жылғы «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының және Халықаралық ARTIF Awards байқауы­ның жеңімпазы. täuel[x]sız – заманауи өнер мен поэзияны ұштастырған арт-жоба. Бүгінгі кеш туралы айтар болсам, бұл Ұлы далада еліміз небір нәубетті бастан кешірді. Даламызды аштық жайлады, атом улады, енді бүгінде  бір бөлігін су басып, бір бөлігі сусап жатыр… Кеште осы өткен мен өзек­тіні өнерпаздар жасанды интеллект арқылы сахналайды. Заманауи қазақ поэзиясының өкілдері – Тілеубек Батыс, Жамбыл Бақыәліұлы, Салтанат Мадиярқызы, Ақ­берен Елгезек, Ерлан Жүніс, Серік Ақсұң­қарұлы, Ұлықбек Есдәулет секілді ақын­дардың өлеңдері оқылып, Т.Мұхамеджанов,  Сағди, Үміт Долькей секілді әншілердің авторлық әні шырқалады. Перформанстағы туындылар Балжан Хабдина мен Захардин Қыстаубаевтың «Қызылдар қырғыны», Сара Камеронның «Аштық жайлаған дала», Тоғжан Қасенованың «Атом улаған дала» кітабынан алынған.  Мұндағы біздің айт­пағымыз – қаншама жыл біз жердің қойнауындағы бүкіл қазыналарын пайдаланып, табиғатты қорғауды, қоршаған ортаны сақтауды ұмыт қалдырдық. Ендігі кезекте «Жерге табын адам енді» дейтін кез келді», – дейді ол. 

 

ТҮЙІН:

Табиғат адамзатқа қатаң мінез танытып отыр. Халықаралық сарапшылардың дерегінше, әлем бойынша табиғи апат саны көбейген, оның 93 пайызын сел және апатты су тасқыны құрайды екен. Жалпы, Біріккен Ұлттар Ұйымының болжамы бойынша 2030 жылға қарай жер бетінде орман өрті, лай көшкіні сияқты табиғи апаттар күн сайын дерлік тіркеледі. Осы ретте Мұқағали ақынның Жер-Анаға арнаған арнауындағы: «Орманың да шуламасын, суларың да туламасын. Ақ басты ала тауларың да, күңіренбесін, жыламасын», – деген тілегімізді жеткізгіміз келеді.

Наурызбек САРША