Жылдам және өте жоғары дәлдікпен жұмыс істейтін робот шығарылғаны туралы newatlas.com сайты жазды. Aikyn.kz осы материалға сілтеме жасай отырып, қытайлық компаниялардың жетістіктерінің құпиясын талдайды.
Апта сайын жаңа гуманоид робот шығарылатындай көрінгенімен, біз қытайлық Astribot компаниясы шығарған үлгідей жылдам және қимылы өте дәл робот бұрын болмаған еді. Жоғарыдағы видеодан кейін сіздің таңғалмауыңыз мүмкін емес. Видеоның ұсынылған күні – 26 сәуір 2024 жыл.
Жасанды интеллектуалды гуманоид-роботтар астаналық супермаркеттегі күнбағыс майындай түрлі-түрлі болып ұсынылуда.
Жылдың басынан бері Aikyn.kz тек гуманоид-роботтар туралы төрт мақала жариялады. Әлемдегі ең жаңа технологиялар мен олардың ерекшеліктерін қарапайым тілмен қызықты етіп түсіндіру, ғылым мен технологиялық жаңалықтарды қазақ жастарына насихаттау мақсатында біз тек робототехникаға қатысты мынадай материалдар жарияладық:
Atlas роботы таңғаларлық қабілет көрсетті (видео)
Eve гуманоид-роботтарының керемет қабілеттері (видео)
Атақты Mercedes-Benz көліктерін енді роботтар жинайды
Адам жүре алмайтын жолдармен жүретін робот жасалды (видео)
Ал наурызда OpenAI екі қызықты оқиға таратты. Олардың бірі әсерлі «жұмсақ жанасу» дағдыларын көрсеткен Норвегияның 1X киімдерді мұқият жинайтын боты болса, екіншісі ЖИ-дің келесі буынының табиғи тілде ойлау мүмкіндіктерін көрсететін Figure 01 гуманоиды болды. Осы айда Boston Dynamics жаңа Atlas роботында орнатылған таңғажайып ептілікпен таңғалдырды, ал қытайлық UBTech компаниясы Walker S атты сөйлейтін роботын көрсетті. Бұл тізім апта сайын жаңарып жатыр. Нарыққа жаңа өнімдер шығару жылдамдығы тіпті ғажап!
Astribot-тың S1 моделі басқа роботтарға ұқсамайды. Биге де икемі бар! Фото newatlas.com сайтынан алынды. Авторлығы: Astribot
Қытайдың Шэньчжэн қаласындағы бүгінге дейін белгісіз болып келген Stardust Intelligence компаниясының Astribot деп аталатын еншілес кәсіпорны шығарған S1 деп аталатын жасанды интеллект ботының дағдыларын көрсеткен видео денені тітіркендіретіндей қорқынышты екен. Робот жылдам, осы уақытқа дейін білетін роботтардың ешқайсысына ұқсамайды. Оның биге де икемі бар!
Astribot-тың айтуынша, гуманоид секундына максималды 10 метр жылдамдықпен қозғалады және бір қолына 10 келі пайдалы жүкті көтере алады. Видеода көрсетілгендей, бұл жылдамдық үстелге бірінің үстіне бірі қойылған бокалдардың астындағы дастарқанды бокалдарды құлатпай бір сәтте жұлып алуға жеткілікті.
Бірақ бот тек жылдам ғана емес, сонымен қатар керемет дәл қимылдайды. Ол шараптың қақпағын ашу және оны құюдан бастап, қиярдың қабығын мұқият аршуға, табадағы сэндвичті аударуға және каллиграфия жазуға қабілетті. Сондай-ақ видео-роликтен робот адамның қимыл-қозғалысына өте жақсы еліктейтінін көрсетеді.
Astribot технологиялық кеңістікті кеңейтіп, басқа гуманоид робот өндірушілерді қызу бәсекеге бастайды. Фото 3dnews.ru сайтынан алынды. Авторлығы: IEEE Spectrum
Astribot-тың видеосынан кейін бірнеше сұрақ да пайда болды. S1 роботының төменгі жартысы бар ма? Біз осы уақытқа дейін көрген гуманоидтардың барлығында орын ауыстыру бар екенін көріп келдік. Бірақ бұл бот айтарлықтай қозғалмайтын сияқты. Ылғи бір орында тұрады.
Біз сондай-ақ Astribot-тың қандай компания екенін білмейміз. Оның артында кім тұр? S1 жобасын кім қаржыландырады? Ақырында бұл гуманоид модельдің өндіріске ену ықтималдығы қандай?
Әзірге Astribot уеб-сайтынан компанияның 2022 жылы Шэньчжэнь қаласында құрылғанын, роботты әзірлеуге бір жылдай уақыт кеткенін және оның осы жылдың соңында сатылымға шығарылатынын білуге болады. Сондай-ақ сайтта Stardust Intelligence бас компаниясының негізін Лай Цзе қалағын айтылған. Ол сонымен бірге Tencent робототехника зертханасымен, Baidu және Гонконг политехникалық университетімен жұмыс істегенін білеміз.
Компания сайтында Astribot атауы ежелгі латынның «Ad astra per aspera» деген мақалынан шыққаны, бұл «жұлдыз шаңына жету үшін қиындықтар арқылы саяхаттау» дегенді білдіреді екен.
Бұл компанияның ұзақмерзімді жоспары мен дамуға деген берік міндеттемесі мен жасанды интеллект технологиясымен күшейтілген роботтарды танымал етуге деген ұмтылысын көрсетеді. Егер Astribot шынымен тұрақты түрде осы прогресін сақтай алса, онда компания технологиялық кеңістікті кеңейтіп, басқа гуманоид робот өндірушілерді қызу бәсекеге бастайтыны сөзсіз.