Алматы қаласында Мәслихат институтының құрылғанына 30 жыл толуына орай SENAT OPEN шахмат турнирі өтті.
SENAT OPEN шахмат турнирі өтті
768
оқылды

Қазақстан шахмат федерациясының қолдауымен және ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтың бастамасымен өткізілген турнирге Алматы қаласы Мәслихаттарының депутаттары мен Қоғамдық кеңес мүшелерінің барлық шақырылымы қатысты. Онымен қоса іріктеу турнирге қатысушылардың арасында қаланың белсенді ардагерлері мен БАҚ өкілдері бар. Жалпы саны 100-ге жуық қатысушы жиналған іс-шараның оңтүстік астанасында өтуіне Алматы қаласының әкімдігі мен қаржылай тұрғыда Freedom Finance компаниясы қолдау көрсеткен.

Алматы қаласы Мәслихатының төрағасы Мейіржан Отыншиевтің айтуынша, Сенат пен Қазақстан шахмат федерациясының арасында келісім болғандықтан, шахмат турнирін тек Алматы шаһарында ғана емес, Қазақстанның өзге де өңірлерінде ұйымдастыру жоспарланған.

 

-Турнирді өткізудегі басты мақсатымыз – шахматты насихаттау, ұрпақтар сабақтастығын дәріптеу.  Биыл Мәслихаттың құрылғанына 30 жыл. Сондықтан біз бұл атаулы мерекені той ретінде емес, стратегиялық ойлау қабілетін дамытатын іс-шараларды ұйымдастыру арқылы атап өтуді жөн көрдік.  Сондай-ақ іс-шара барлық шақырылым депутаттарының басын қосуға бағытталған. Іріктеу турнирінен үздік шыққан қатысушылар тамыз айында қаламызда өтетін аймақтық іріктеуде бақ сынайды. Аймақтық іріктеуге қатысушылар негізінен Шығыс өңірлерін қамтиды. Ал аймақтық іріктеуден өткен қатысушылар күзде Астана қаласында Сенат депутаттарының қатысуымен өтетін республикалық кезеңге жолдама алады, - деді Алматы қаласы Мәслихатының төрағасы М. Отыншиев. 

Шахмат турниріне қатысушылардың бірі, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігінің Алматы қалалық филиалының төрағасы, философия ғылымдарының докторы Құсман Шалабаев елімізде шахмат ойындарын кеңінен насихаттап, миға қозғау салатын спорттық ойындарды жиі ұйымдастырудың маңызы ерекше екенін атап өтті. Осы ретте Құсман Кәрімұлы ойынға негізінен жастарды тарту қажет екенін негізге алды. 

 

-Бұл шахматты ойын деп қана түсіну аздық етеді. Шахмат – өмірдің философиясы. Кім шахматты жақсы меңгерсе, сол адам өмірде әр қадамын ойланып басады. Қай жерде кімге қандай әрекет жасау қажет екенін бағамдай біледі. Меніңше, шахмат ойынында жас буын мен аға буынды біріктіріп, олардың бір-бірімен ойнауына мүмкіндік беру қажет. Сонда үлкендер жастарға қарап мотивация алса, жастар үлкендерге қарап қызығушылығы одан сайын арта түседі. Мұнда бес, сегіз жастағы бала сексендегі ақсақалмен шахмат ойнап отырса қандай ғанибет, иә? Шахмат ойынын қаламыздың түкпір-түкпірінде ұйымдастыру қажет. Спортқа қатысып, денеге жаттығу жасаған сияқты, ми жұмысы да жаттығуды талап етеді. Пандемия уақытында бір жұтым ауаға зар болдық. Енді таудың етегінде тұратын халық болғандықтан, осындай ойындарды әсем табиғат аясында жиі ұйымдастырса, сана ашылар еді. Шахмат – жеңу мен жеңілу емес. Негізгі мотивация – миды жаттықтыру, сананы дамыту. Дамыған мемлекеттердің қатарына қосыламыз десек, мидың жұмысын жақсартатын біршама іс-шараларды қолға алу маңызды, - деп сөзін қорытындылады Қ. Шалабаев.

 

Биыл тұңғыш рет өткен турнир аясында балаларға арналған шеберлік сабақтары ұйымдастырылды. Алматы қаласы Мәслихатының төрағасы сөз соңында бұл практикада алғаш рет өткізіліп отырған іс-шара екенін, сондай-ақ келесі жылы шахмат турнирін қайта ұйымдастырып, дәстүрге айналдыруға ниетті екенін жеткізді.

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ, Алматы қаласы