Өңірде 1 736 өтініш бойынша 640,9 млн теңгеге әлеуметтік көмек төленді.
Қостанай облысында тасқын салдарын жоюға төтенше резервтен 2,4 миллиард  теңге бөлінді
Фото: kursiv.media
924
оқылды

Қостанай облыстық төтенше жағдай резервінен ТЖ жарияланған аймақтардағы су тасқынымен күрес мақсатындағы жұмыстарға 2,4 млрд теңге бөлінген,  деп хабарлайды Aikyn.kz.

Оның ішінде халыққа келтірілген шығынды өтеу және біржолғы әлеуметтік көмек төлеу, сондай-ақ су тасқынынан зардап шеккен елді мекендерді жол инфрақұрылымы мен электрмен жабдықтауды қалпына келтіру шаралары қамтылды.

Қаражаттың басым бөлігі Арқалық қаласына – 880 млн теңге, Қостанай ауданына   419 млн теңге аударылды. Ал Амангелді және Жангелді аудандарына 351 және 316 млн, облыс орталығына 300 миллион теңге жіберілді.

«ҚР Үкіметінің төтенше резервінен Арқалық қаласында пәтер сатып алуға 405 миллион теңге бірінші транш бөлінді, 27 пәтер сатып алынды», – деп хабарлады облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі.

Малға келтірілген шығынды төлеуге келсек, 780 бастың төлемі өтелді. Су тасқынынан барлығы 980 бастан астам мал қырылды.

Сондай-ақ 1 736 өтініш бойынша 640,9 миллион теңгеге әлеуметтік көмек төленді.

Амангелді ауданында барлығы 317 өтініш қаралса, қалған аудандарда әлі де жұмыс жалғасуда. Өтініштер әлі де қабылданып жатыр. Қазіргі уақытта су тасқыны кезінде бұзылған тұрмыстық техника мен жиһазды бағалау бойынша есеп жүргізіліп, дайын болғаннан кейін халыққа келтірілген шығынды өтеу басталады.

Арқалықтағы алғашқы пәтерлерді Екідің ауылындағы су тасқынынан баспанасыз қалған 24 отбасы алды.