Бүгін, 29 сәуір Ахмет Жұбановтың туған күні. Қазақтың музыкасына орасан зор қызмет еткен тұлғаны қалай дәріптесе де жарасады.
«Ән-күй сапары»: Ахмет Жұбановпен рухани сұхбат
1,896
оқылды

Оның дәстүрлі музыка мен әлемдік классикалық өнердің қазақ даласында кең қанат жаюына еңбек еткені ерлікпен пара-пар. Сонымен қатар  сол еңбегін қағазға түсіріп, кітап ретінде де шығарып жүрді. Бүгінде көпшілікке белгілі «Ғасырлар пернесі», «Замана бұлбұлдары» атты кітаптары кез келген өнертанушының кітапханасынан табылады. 

Біз де академиктің туған күніне орай бір мақала жазуды ниеттендік. Дегенмен біз қанша жазсақ та, Ахаңның өз сөзінен артық жаза алмайтынымызды түсіндік. Сондықтан баспасөзде белгілі бір әдісті қолдануды ұйғардық. Ол – ретроспективалық сұхбат жанры. Яғни, сұхбат алушы біз болсақ, сөз айтушы Ахмет Жұбановтың пайымдарын «Ән-күй сапары» атты жинағынан алып, оқырманға ұсынбақпыз. Бұл әдісімізге оқырмандар тарапынан жақсы пікірлер келсе, кейін де жалғастыруымыз әбден мүмкін.

– Ахмет Қуанұлы, әңгімемізді  жалпы сұрақтан бастағым келіп тұр. Ауылда күй тартылып жүрді ғой. Ал үлкен сахнаға қашан шығып еді?

– Қазақ халық күйлерінің үлкен аудиторияда тұңғыш рет орындалуы 1923 жылы еді. Бүкілроссиялық ауылшаруашылық көрмесінде осы аталған жылдың август айының ішінде халық композиторы Сейтек Оразалиев бірнеше күйлер орындады. Мәскеу халқы күй дегенді бірінші рет осылай есітті.

– Ал Қазақстандағы үлкен сахна...

– 1930 жылы атақты домбырашы Құрманғазының небір асыл күйлерін біздің заманға жеткізіп берген күйшінің музыкалық мұрагерлерінің бірі – Уахап Қабиғожин қазақтың тұңғыш драма театрының сахнасынан күйлер орындады. Бірақ театрдың ол кездегі басшылары күйдің шын мәнісіне түсіне алмай, «мәнсіз ұзақ тартыс» деп Қабиғожинды театрдан шығарып жіберді. 

– Түсінікті, енді әңгіме ауанын Құрманғазыға бұрайық. Сіз Құрманғазыны күй атасы деп атап кеттіңіз. Біз оның жайын түсінсек те, қарапайым оқырман білмеуі мүмкін. Сондықтан Құрманғазы күйшінің басқалардан қандай ерекшелігі бар? 

– Құрманғазы домбыраның барлық техникалық, дыбыстық мүмкіндігін «түбіне дейін» пайдаланған деуге болады. Дыбыстық деп отырғанымыз домбыраның аз дыбысын, музыканың «жүрісіне» қарай аса үнемдеп пайдалану. Әсіресе, бұл дәстүрдегі оң қолдың шынтағын тек домбыраның түбін қысып отыру үшін емес, кей кездерде фортепианоның педалі есебінде пайдаланады. Күйдің боратқан дыбыс керек жерінде орындаушы шынтақты көтеріп жібереді де, сол шақта домбыраның дыбысы дүр ете қалады.

 

– Құрманғазының фотосы жоқ екенін білеміз. Бірақ сіздер оны ұзын сақалмен бейнелепсіздер. Мәнісін түсіндірсеңіз.

– Біздің 1936 жылы Қызылорда қаласында басылып шыққан «Құрманғазы» деген кітапшамызда күйшінің сақалын екі айырып, иығынан асырып тастап, домбыра тартқызып қойғанымыз Махамбет Бөкейхановтың мәліметі бойынша болатын. Ол кісі: «Құрманғазының сақалы аса ұзын болған. Сондықтан домбыра тартқанда оң қолының құлашы кеңдіктен саусақтары сақалын жұла берген соң, күй тартар алдында сақалын екі бөліп екі иығына асырып тастайды екен» деген болатын. Кейін 1937 жылдың күзінде Алматыға Дина келгенде біздің бұл жорамалымыз расқа шықты. Осы әңгімені Дина да қостады.

– Дина апамыз жайлы тағы да айта отырсаңыз.

– Біз бір кезде композитор Дина Нұрпейісованың «Әсем қоңыр» атты күйін оркестрге түсіріп, автордан өз шығармасының көп аспаптың үні қосылғанда қалай естілгенін сұрадық. Әрине, көпшіліктің орындауында Динаның өзіне ғана тән аса шебер қол қағыстың көрінбейтіні белгілі, бірақ оркестрдің күңірене шыққан қуатты үні, сан түрлі аспаптың кезеңіне қарай күйдегі неше алуан сәттерді құбылта, құлпырта, құйқылжыта шығаратын мүмкіншілігі оның орнын толтырмаса, жоқтатқан жоқ. Дина біздің сұрағымызға жауап ретінде өзінің күйге әбден көңілі толғанын білдірді, оркестрдің орындағанына қайран қалғаны сонша, маған қарап: «Ой, шайтан бала-ай!», – деді.

– Оркестр демекші, бұрын екі домбырашы бірігіп күй тартпайтын. Осының бәрі өзіңізден басталғанын білеміз. Ең алғашқы тәжірибені айта отырсаңыз.

 – Музыка техникумында өткен бір концерттердің бірінде Е.Брусиловский нота әліппесінен еш хабары жоқ Ахметов, Балықбаев деген екі домбырашыға қосылып фортепианода «Кеңес» күйін тартып берді. Нота бойынша тартып отырған Е. Брусиловский күйді бірінші болып аяқтады да, Ахметов пен Балықбаев соның ізімен бірінен кейін бірі тартып бітірді. Бірақ соған қарамастан, тыңдаушылар бұл жаңалықты зор ілтипатпен қабыл алды. 

– Сол оркестрден кейін домбыраның жалпы сипаты да бір стандартқа келді емес пе?

– Мәселен, кәсіпқой шеберлердің қолынан шыққан шанағы ұлғайтылған тенор домбыра бұрынғы халық музыканттары ұстап тұтқан аспаптарға қарағанда анағұрлым шыққыш (бұл жерде А.Жұбанов домбыраның дауысы қатты шыққанын айтып отыр ред.) болды. Пернелердің аралығын жарты тон етіп байлаудың нәтижесінде диатоникалық дыбыс қатары хроматикалық болып өзгерді. Рас, бұл өзгеріс «Сарыарқа перне» деп аталатын пернені мүлдем жойып жіберді. Бұрынғы «си» және «си бемоль» ноталарының ортасында тұратын бұл перне «ля» мен «до» аралығында «бейтарап терция» қызметін атқаратын.