2023 жылдан бастап жүзеге аса бастаған жоба республиканың барлық өңірін қамтиды. Жобаға қосылған еріктілер сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және түрлі мекемелердің қызметіндегі ашықтықты арттыру бойынша жұмыс істейді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Астана қаласы бойынша Превенция басқарма бастығының орынбасары Уәлихан Қурамаевтың айтуынша, жоба аясында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мобильді топ» құрылған. Олар халыққа қызмет көрсету орталығының қызметіне мониторинг жүргізді және Астана қаласы аудандық әкімдіктерінің қызметін сүйемелдеуге, сондай-ақ сауда орталықтары мен супермаркеттерде сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті насихаттауға бағытталған ағарту іс-шараларын өткізуге белсенді қатысады.
«Астана қаласы бойынша 209 еріктілердің басын қосқан жобаның мақсаты – азаматтардың заң консультациясына қол жеткізуін қамтамасыз ету және олардың өзекті мәселелерін заңға сәйкес жедел шешуді қамтамасыз етеді. Жоба аясында жылдың аяғына дейін қаланың 5 ауданында халыққа құқықтық кеңес беретін боламыз», – деді. Ол халықты көбіне денсаулық және білім беру саласына қатысты сұрақтар мазалайтынын айтады. Өйткені еріктілер тобына аталған салалар бойынша сұрақтар көп түседі екен.
Жобаны жүзеге асыру барысында белсенді азаматтарды, қоғамдық бірлестіктерді жеке және квазимемлекеттік сектор субъектілерін, сондай-ақ басқа да ұйымдарды сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шараларға волонтер ретінде тарту жоспарланған.
«Астана жастарын сыбайлас жемқорлыққа қатысты кез келген әрекетке бейжай қарамауға және еріктілер қатарына қосылуға шақырамын. Біз бірге сыбайлас жемқорлықпен күресу және адал қоғам құру үшін көп нәрсе жасай аламыз, – деді ол.
Ниет білдірген жастардың тізімі жасақталып, алғашқы жұмыстарға бастау берілді. Оларға қоғамдық бақылау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы зерттеулер және білім беру, Probono еріктілік (кәсіби көмек көрсету), корпоративтік еріктілік бағыттары бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар еріктілер өздерінің мүдделеріне және олар жүзеге асыратын қызмет түріне қарай жеке іс-шараларды немесе жобаның бағыттарын таңдай алады. Жоба волонтерлерінің құқықтары мен міндеттері Қазақстан Республикасының «Волонтерлік қызмет туралы» заңына сәйкес қорғалады.
Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ