Жиынға ҚХА Ғылыми-сараптамалық тобының мүшелері, этно-мәдени бірлестіктердің төрағалары, әлеуметтік-саяси пәндер және Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының оқытушылары және студенттер қатысты.
Отырысты Қазтұтынуодағы Қарағанды университетінің әлеуметтік-саяси пәндер және Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының меңгерушісі Нұрлан Минжанов ашты.
Жиында ҚХА Ғылыми-сараптамалық тобының мүшесі Думан Малаев бүгінде тұрақтылықтың тұтқасына, бірлігіміздің бастауына, ұлттар арасындағы достықтың «алтын көпіріне» айналған Қазақстан халқы Ассамблеясының еліміз үшін маңызына тоқталды.
Осы мақсатта «Қоғамдық келісім» КММ атқарып отырған жұмыстарына, ірі жобаларына тоқталып өтті.
Сонымен қатар отырысқа қаны бөлек болғанымен, қазақ халқымен жаны бір, ұлты басқа болғанымен, халқымызбен арманы ортақ этномәдени бірлестіктер өкілдері, оның ішінде Қарағанды облысының «Құрметті азаматы» Валерий Громов, Қарағанды облысы корейлерінің Этномәдени бірлестігінің төрағасы Ася Хегай, Қарағанды облыстық «Полония» поляк қоғамының төрағасы Виталий Хмелевский қатысып, өз ойларын ортаға салды.
Университет пен Достық үйінің бірлесе өткізген еліміздегі бейбітшілік пен келісімді нығайту жолындағы тағы да бір іс-шарасы тыңдаушылардың, студенттердің көңілінен шығып, үлкен ой салды.
Осылайша, Қазтұтынуодағы Қарағанды университеті жанындағы Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасы университет студенттерін ұлтаралық татулық пен бірлікті көздің қарашығындай сақтап, біртұтас ел ретінде бәсекеге қабілетті ұлт болуға шақырды.
Ә.БЕЛГІБАЙҰЛЫ