Instagram, TikTok желілері арқылы өзінің пайдалы парақшаларын жүргізіп, көпшіліктің қазақ тілін үйренуіне қол ұшын созып жүргендер жетерлік. 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында біз осындай жандарды оқырманға таныстыруды жөн көрдік.
Қазір әлеуметтік желі өзіңіз қалаған дүниеңізді оңай табуға мүмкіндік беретін алаңға айналған. Осы алаңда ана тілімізді құрметтеп, қолданыс ауқымын кеңейту үшін белсенділік танытып жүргендердің бірі – Анастасия Ульченко. Әлеуметтік парақшасында 40 мыңнан аса қазақ тілін үйренуге құмар қауым бар. Украин қызы қазақ тіліне ерекше құрметпен қарайтынын айтады. «Қазақстанда тұрғандықтан, қазақ тілін білуге міндеттіміз», – деді ол. Қазір Анастасия «Сөйле» тілдесу клубының мүшесі. Айтуынша, бұл клубтың басты мақсаты – қазақ тілін үйренемін деушілерге бағыт-бағдар беріп, тілді жетік меңгеруге көмектесу.
«Қазір қазақ тілін жетік меңгердім деп айта аламын. Өйткені ұлтым қазақ болмаса да отбасымызда тек қазақ тілінде сөйлейміз. Қазақ тілін, әдебиетін тереңдетіп оқи бастауыма әке-шешемнің ықпалы зор болды. Кішкентай күнімізден бастап күнделікті қолданыстағы қарапайым сөздерді жаттай бастадық. Қазақ ертегілерінің жинағын алып берді, оны бауырларымызбен отырып алып талқылайтынбыз», – дейді ол. Сонымен қатар Анастасия қазір балаларға қазақ тілін үйретуден дәріс береді, бұл ісі үшін ләззат алатынын да тілге тиек етті. Қазақ отбасына келін болудың өзі қазақ тілінің жетік меңгеруіне түрткі болыпты.
– Жақында «АMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» жастар қанаты ұйытқы болған «Менің елім – менің тілім» жобасы аясында «Сөйле» клубы ашылды. Қазір сол клубтың Алматы қаласындағы оқытушы-тренер қызметінде жүрмін. Бұл клуб Қазақстанның 11 қаласында жұмысын сәтті жүргізіп тұр, – дейді украин қызы Анастасия.
Ол ана тілімізге қызығушылық білдіріп жүрген жандарды әдеттегі қалыптасқан ережемен емес, жаңаша әдістерді қолдану арқылы тіл үйренуге бейімдейді екен. Есту арқылы ақпаратты оңай қабылдауға болатынын айтып, шәкірттерін алдымен психологиялық дайындықтан өткізетінін жеткізді. Игі бастамаларын өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында да жалғастырып, алыс-жақын жүрген қазақ тілін меңгеруге ынтасы бар азаматтармен бөлісуді жөн тапқан.
Ал Көкшетау қаласындағы №1 мектеп-гимназияның неміс-ағылшын тілі пәндерінің оқытушысы Нилуфар Амирасланова – әзербайжан қызы, Мемлекеттік тілді насихаттау және дамыту орталығының, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі. Қазір доктарантурада оқып жүр. Ортасында қазақ тілінің жанашыры атанған полиглот мұғалім түрлі әдеби және мәдени шараларға белсене қатысады.
«Әзербайжан Республикасында дүниеге келдім. Әкем де, анам да – әзербайжан. Туыстарымның ішінде қазақтар жоқ. Бірақ балалық шағымнан әсем қала Көкшетауда өскендіктен, өзімді нағыз қазақ қызы деп сезінемін. Қазақтың тілі, мәдениеті маған жат емес. Керісінше, мұның бәрі бойыма туа біткендей сіңіп қалған. Әзербайжан ұлты болғаныма қарамастан, менің жаным да, жүрегім де – қазақ. Қазақ тілін үйренуді бастауыш сыныпты оқып жүрген кезде бастадым. Жоғары сынып оқушысы болған кезде қазақ тілі пәнінен түрлі олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындарға ие болдым. Қазір орыс сыныптарына қазақ тілін үйретіп жүрмін. Сонымен қатар қазақ тіліне ынтасы тасып тұрған басқа да ұлт өкілдері бар. Олардың қызығушылығын одан ары арттыруға тырысамын. Қазақ мектебіне барып, қазақтың балаларымен ойнап, қазақ жерінің шаңында жүріп, топырағына аунағаннан кейін қалайша қазақша сөйлемейін», – дейді Нилуфар.
Қазір қазақ тілін насихаттап жүрген әзербайжан қызы балалардың тілді оңай меңгеруі үшін қазақ тілді контенттер, қызықты видеолар дайындаумен де шұғылданатынын айта кеткен жөн. Алты тілді еркін меңгерген полиглот мұғалім үнемі қоғамдық жұмыстардың басы-қасында жүріп, мемлекеттік тілді насихаттайтын байқаулардан бой көрсетіп жүр.
«Белгілі бір тілде сөйлеу үшін, алдымен сол тілде ойлана білу керек. Мәселен, ағылшын тілінде сөйлеген келеді ме, ендеше сол тілде ойлануды баста. Әрине, басында қиын болады. Бірақ бұл өз уақытымен келетін нәрсе. Осы тілдерде жақсы сөйлеу мақсатында мектептегі оқушыларыммен бірге әртүрлі тілдерде сөйлесуге тырысамын, бұл маған тілдер арасындағы байланысты жоғалтпауға және оқушыларымның сөйлеу дағдыларын дамытуға көмектеседі», – деді Н.Амирасланова.
Парақшасында 250 мыңға жуық оқырманы бар қазақ тілінде сөйлейтін белгілі блогер, орыс жігіті Алексей Лодочниковтың қазақшасы кейбір қазақтарды да шаң қаптырады. Ол әлеуметтік желі арқылы Қазақстанда өмір сүріп жатқан бірқатар өзге ұлттың өкілдерін қазақ тілін үйренуге шақырған. Оқырманының көңілін көтеретін қысқа видеолары да қазақ тілінде жарияланады.
«Достар, қазақ тілін үйреніңіз, бұл сіз үшін пайдалы болмақ. Сіз Қазақстанда тұрасыз ба, демек әр адам өзі тұратын елдің тілін үйренуге міндетті. Еліміздің орыс тілді азаматтарына менің айтар кеңесім – қазақ тілін үйреніңіз» деп видео жүктеген болатын. Бұдан ана тілімізге деген құрмет тек қазақтардың ғана емес, өзге ұлттардың да бойынан көрініп жатқаны байқалады. Бұл қазақ тілінің қолданылу аясы мен насихатталуын шарықтау деңгейіне жеткізетіні сөзсіз.
Ресейде туып, қазақ даласында өскен Ольга Сагиндикова ұлттық аспапта еркін ойнайды. Татар, орыс, тағы бірқатар ұлттың балаларына бойындағы өнерімен бөлісіп, тәлім көрсетіп жүр. Тамырында қазақ қаны ағып жатқандай сезінетін ол «Әу демейтін қазақ жоқ» дегендей, күйшілік өнермен қатар әншілікті де қатар алып жүр.
«Он жасымда Қазақстанның ауылды жеріне қоныс аудардық. Сыныптастарым, достарым қазақ тілінде еркін сөйлейтін. Олармен бірге жүріп мен де қазақ тілін жетік меңгердім. Енді бар білгенімді неге балаларға үйретпеске? Домбыра – халықтың жаны. Сондықтан даламызда қазақ топырағын басып жүрген әр азаматтың жаны бір болуы керек деп ойлаймын. Қазір қазақ тілін меңгеремін деп келетін немесе домбыраны үйренуге жаны құштар оқушы көп. Біз біліп тұрсақ, олардың бетінен қақпай, белін буайық деп айтар едім», – деп ізгі ниетін білдірді О.Сагиндикова.
Өзге тілді өз ана тіліндей жетік меңгеру әркімнің қолынан келмейді. Ал оны басқаларға үйрету – қиынның қиыны. Әлеуметтік желі арқылы қазақ тілінің насихатын жүргізіп жүргендерді санай берсек санына жетпейміз. Не дегенмен ана тіліміздің дамуына шама-шарқы жеткенше ат салысып жүрген өзге ұлттың өкілдерінің мұндай бастамалары көп ұлттың бір шаңырақ астында айрандай ұйып отыруына кепіл бола түсетіні анық.
Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ