Павлодарда №2 жылу-электр орталығын жаңарту шаралары 2026 жыл басталады. Бүгінде кәсіпорынның негізгі жабдықтары 81 пайызға тозып тұр, – деп хабарлайды Aikyn.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.
Биыл №2 және №3 ЖЭО-лардағы қазандықтар, турбиналар мен қосымша жабдықтар жөнделеді. Ғимараттардың төбе жабыны мен кәсіпорынға көмір жеткізетін темір жол тораптары да ретке келтіріледі.
«Павлодарэнерго» АҚ бас директоры Олег Щемельдің мәліметінше, қос стансаны жөндеуге 13,2 млрд теңге бөлінген. Бұл – өткен жылы жұмсалған қаражаттан 2,5 есе көп.
«№2 ЖЭО Павлодарда алғашқы салынған станса. Бүгінде оның тозу көрсеткіші 81 пайыздан асты. Алдағы жылдары кәсіпорынды үлкен жаңарту күтіп тұр. 2026 жылы алғашқы жаңа жабдықтар орнатылады. Одан соң екінші, үшінші турбиналары ауысуы керек. 2031 жылға дейін станса жабдықтарын толықтай жаңарту көзделген. Ал әзірше күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі», – дейді кәсіпорын басшылығы.