Шымкент көлік-логистикалық орталығының аумағында ауданы 5 гектар «НМИ-Юг» ЖШС көпфункционалды қойма кешені салынып жатыр.
Шымкентте ірі қойма кешені мен жылыжай ашылады
1,018
оқылды

Отандық өндірісті қолдау жөніндегі Премьер-Министрдің тапсырмасы аясында 1 мамыр күні вице-премьер Серік Жұманғарин Шымкент қаласына барып, жұмыс істеп тұрған ірі өндірістік және ауыл шаруашылығы нысандарының жұмысымен және құрылысы барысымен танысты. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Шымкент көлік-логистикалық орталығының аумағында ауданы 5 гектар «НМИ-Юг» ЖШС көпфункционалды қойма кешені салынып жатыр, жобаның құны – 10,2 млрд теңге. Құрылыстың бірінші кезеңін биыл аяқтау жоспарланып отыр, аталған кезеңнің құрылыс-монтаждау жұмыстары 90%-ға орындалған. Қойма үй-жайларының жалпы ауданы 22 мың шаршы метрді құрайды. «НМИ-Юг» ЖШС құрылтайшысы Айжан Наимбекованың айтуынша, бұл климаттық бақылаудың икемді жүйесі, тоңазытқыш камераларының температурасын -18-ден +4 градусқа дейін реттеу мүмкіндігі бар А+ санатындағы қойма болады. Ол тауарлардың кең ассортиментін сақтауды қамтамасыз етеді.

Мұнда вице-премьерге «Alsera kz» ЖШС жылыжай кешенін салу жобасы таныстырылды. Құны $650 млн болатын инвестициялық жобаны «Бозарық» индустриялық аймағында «Alarko Holding» түрік компаниясы жүзеге асыруда. Бұл жаңа технологияларды қолдана отырып, 500 га алаңда кезең-кезеңімен іске асырылатын болады. Мұнда қияр, қызанақ, бақша дақылдары, тамыр жемісті көкөністер мен басқа да ауылшаруашылық өнімдерін өсіру жоспарланған. Бұл Шымкенттегі қызанақ пен қияр өсіретін ең үлкен жылыжай кешені болмақ, мұнда 2000-ға жуық жаңа жұмыс орны ашылады.

Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков КЛО аумағында жүзеге асырылатын басқа да жобалар туралы мәлімдеді. Серік Жұманғарин іске асырылып жатқан жобалардың келешегін жоғары бағалап, мемлекет тарапынан барлық қажетті қолдау көрсетілетінін, өйткені, жобалар АӨК саласындағы мемлекеттік саясаттың мақсаты – ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді 70%-ға дейін жеткізуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

Вице-премьер «AZALA Textile» ЖШС дайын тоқыма өнімдерін өңдеу және шығару бойынша Қазақстандағы ірі әрі жалғыз толық циклді тоқыма фабрикасына барды. Онда 475 адам жұмыс істейді. Бірегей тоқыма комбинаты иірілген жіптен тоқыма бұйымдарына дейін бірнеше ондаған өнім түрін шығарады. Кәсіпорынның қуаттылығы жылына 6 800 тоннадан астам иірілген жіп пен 14 млн сызықтық метр өңделмеген мата шығаруға жетеді. Бұл экспортқа бағытталған кәсіпорын, AZALA Textile өз өнімдерінің шамамен 70%-ын таяу шет елдерге, Литваға, Германияға, Италияға, Польшаға, Бельгияға, Данияға, Латвияға және Түркияға тасымалдайды. 

Өндірістік цехтарды аралау және зауыт басшылығымен әңгімелесу қорытындысы бойынша Серік Жұманғарин мемлекет мұқтаждықтары үшін отандық тоқыма өндірушісінің өнімін сатып алуды арттыру мүмкіндігін пысықтауды тапсырды.