Су деңгейі жауын-шашынның көп мөлшерде түсуіне байланысты көтерілген.
Кіші Үлбі және Бұқтырма өзендерінде су деңгейі көтерілді – ТЖМ
1,216
оқылды

Елімізде су тасқынына қарсы жұмыстар әлі де қарқынды жалғасуда. Бүгінге дейін аталған жұмыстарға 14 мыңнан астам адам жұмылдырылды, 43 мыңнан аса адам үйіне оралды, – деп хабарлайды Aikyn.kz

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ТЖМ өкілі Асқар Шәріп мәлімдеді.

– Атырау облысы бақылауда. Жайық өзені су деңгейіне мониторинг жалғастырылуда. Су тасқыны жағдайының мониторингі дронның көмегімен жүзеге асырылады. Бөгеттерді нығайту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Өткен тәулікте 70 үйден судың бағыты бұрылып, су сорылды, 202 мың қапшық төселді. Шығыс Қазақстан облысында жауын-шашынның көп мөлшерде түсуіне байланысты Бұқтырма және Кіші Үлбі өзендерінде су деңгейі көтерілді. Алтай және Глубоковский аудандарына ТЖД, ТЖМ 68303 әскери бөлімі мен Апаттар медицинасы орталығының күштері мен құралдары жіберілді. Аэровизуалды шолу жүргізілуде, – деді ТЖМ өкілі Асқар Шәріп.

Осы сағатта республика бойынша 43 015 адам үйіне оралды. 6 338 адам эвакуациялау пункттерінде. Солтүстік Қазақстан, Атырау және Ақтөбе облыстарында 7 710 тұрғын үй мен 2 844 аула аумағынан судың бағыты бұрылып, су сорылды.

Авариялық-құтқару және су тасқынына қарсы жұмыстарға 14 мыңнан астам адам, 1 529 техника, 226 су сору құралы және 100 жүзу құралы, 6 әуе кемесі жұмылдырылды.