Фильм 2 мамырдан бастап кинотеатрлардан көрсетіледі. Аталған кинокартинаны Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының», ІІМ қолдауымен «Қазақфильм» киностудиясы түсірген.
«Қазір кино өнерінде үлгі боларлық қаһармандарды көрсету, әсіресе патриотизмге баулу тұғырда тұр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында қазақстандық патриотизмді қалыптастыру мәселесін ерекше алға тартты. «Набат операциясы» фильмі осы үдеден шығады. Ол Отанға деген сүйіспеншілікті, ұлттық қауіпсіздік органдарының, құқық қорғау органдарының көзсіз ерлігін дәріптейді. Орталықтың мақсаты осындай отандық фильмдерге жаңа леп беру», – деді «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының» басқарма төрағасы Құрманбек Жұмағали.
Фильм 1992 жылы кезеңдестіру кезінде қашып кеткен 6 тұтқынның әрекетін баяндайды. Олар Шиелі стансасы маңында қалааралық автобустың жолаушыларын кепілге алған. Ұзақ келіссөздерден кейін қарақшылар ұшақ талап еткен. Бірақ нақты жоспарланған операцияның нәтижесінде барлық қылмыскердің көзі жойылды. Кепілге алынғандардың ешқайсысы зардап шеккен жоқ. Бұл – бірде-бір адам жараланбаған әлемдегі бірінші операция.
Айта кеткен жөн, фильмнің қоюшы режиссері – Рашид Сүлейменов. Қоюшы-операторы – Ернұр Рыспаев. Сценарий авторлары – Ильхам Джалилов, Рашид Сүлейменов, Рустам Азаматов.