Алдағы уақытта әкімшілік деректердің сапасына бақылау енгізіледі және уәкілетті орган Ұлттық статистика бюросы болады.
Мәжіліс мемлекеттік статистика туралы заң жобасын мақұлдады
508
оқылды

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік статистика және деректерді басқару мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Мәжіліс отырысының бірінші оқылымында мақұлданды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

«Мемлекет басшысы статистикалық ақпаратты қалыптастыру тәсілдерін өзгерту жөнінде бірнеше рет тапсырма берді. Үлкен деректер мен цифрландырудың даму дәуірінде ақпарат жинаудың ескі әдістері өзектілігін жоғалтады. Заң жобасы деректерді басқару және статистикалық ақпаратты қалыптастыру тәсілдерін қайта қарау үшін құқықтық жағдайлар жасайды. Осы орайда заң жобасына сәйкес, біріншіден, деректерді басқару жөніндегі талаптар үкіметтің қаулысымен бекітіледі. Талаптарда жіктеу, деректерге қол жеткізу және сақтау ерекшеліктері, деректер сапасына қойылатын талаптар көзделіп отыр», – деді Екатерина Смышляева заң жобасындағы өзгерістерге тоқтала отырып.

Алдағы уақытта әкімшілік деректердің сапасына бақылау енгізіледі және уәкілетті орган Ұлттық статистика бюросы болады.

«Жаңа заң жобасына сәйкес балама деректер ұғымы енгізіледі. Бұл әкімшілік және статистикалық емес деректер. Бюромен келісім бойынша мұндай деректер статистикалық есептерді жасау және деректерді талдау үшін ұсынылмақ. Сонымен қатар ұлттық анықтамалық ақпарат ұғымы енгізіледі – бұл жіктеуіштер, каталогтар, анықтамалықтар мен номенклатуралар жиынтығы», – дейді ол.

Сонымен қатар ұлттық регистрлерге құқықтық мәртебе беру көзделіп отыр.

«Бұл электрондық үкімет архитектурасы шеңберінде барлық салалар бойынша эталондық деректерді қамтитын базалар. Қайталану, дұрыс емес мәліметтер мен жалғандық болмайды. Сол сияқты ғылыми зерттеулер мақсатында және жасанды интеллект модельдерін оқыту үшін деректерді пайдалану тәртібі реттеледі. Дата-бақылаушылар институты енгізілуде. Олар электрондық үкіметтің деректерін ұлттық тізілімдерге сәйкес бағалайды», – деді Е. Смышляева.