Мәжіліс Спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен өткен жалпы отырыста депутаттар мемлекеттік статистика және деректерді басқару және есірткі, психотроптық заттардың және олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл мәселелері туралы заң жобаларын бірінші оқылымда мақұлдады.
Есірткі қылмысына жаза қатаңдайды
262
оқылды

Жалпы отырыста Мәжіліс есірт­кі, психотроптық зат­­тардың және олардың пре­кур­сор­ларының заңсыз айналымына қар­сы іс-қимыл мәселелері бо­йын­­­­ша өзгерістер мен толық­ты­ру­лар ен­гізу туралы заң жобасын бірінші оқы­лымда мақұлдады. Заң жоба­с­ы бойынша баяндама жасаған Заң­нама және сот-құқықтық ре­фор­ма комитетінің төрайымы Сне­­жан­на Имашева есірткі қыл­мы­­сына қарсы күресті прекур­сор­лар мен зертханалық жабдықтарды заң­сыз жеткізудің жолын кесуден бастау керек екенін, алайда қол­да­­ныстағы заңнамада оларға конт­рабанда үшін ғана жауап­кер­ші­лік белгіленгенін атап өтті.

«Қылмыстық кодекстің 301 жә­не 303-баптарына прекур­сор­лар­ды заңсыз дайындағаны, өң­де­гені, сатып алғаны, сақтағаны, та­сы­малдағаны және жөнелткені үшін қылмыстық жауапкершілікті, яғни олардың заңсыз айналымы үшін, сондай-ақ олармен жұмыс іс­теу қағидаларын бұзғаны үшін жауап­тылықты көздейтін түзету­лер енгізу ұсынылады. Сонымен қа­тар прекурсорлар мен күшті әсер ететін заттарды дайындауға немесе өңдеуге арналған құралдар мен жабдықтардың заңсыз айна­лы­мы да қылмыстық жазаға тар­ты­луы керек», – деді С.Имашева. 

Жұмыс тобының жетек­ші­сі Дмитрий Колода Мем­­­лекет бас­шы­сы Ұлттық құрыл­тай­дың үшін­ші отырысында есірт­­­­кінің заңсыз өндірісін есірткі қылмысының аса қауіпті түрлеріне теңестіруді тап­сыр­ғанын айтты. Өз кезегінде де­пу­таттар осы бап үшін жазаны өмір бойына бас бостандығынан айыруға дейін енгізуді ұсынды. Сон­дай-ақ «Халық денсаулығы жә­не денсаулық сақтау жүйесі ту­ралы» кодекстің 174-бабына тү­зетулер енгізіледі. Оған сәйкес, пси­хоактивті заттарды қолдануға бай­ланысты мәжбүрлеп емдеуден өт­кен адамдар клиникадан шы­ға­рылғаннан кейін динамикалық бақылауға жатады және онда ем­нен өтуге міндетті. Сонымен қа­тар отырыста Мемлекеттік ста­тис­тика және деректерді басқару мәселелері жөніндегі заң жобасы бірінші оқылымнан өтті. Оны Пар­ламент депутаттары Мемлекет басшысының Ұлттық статистика бю­росын реформалау және цифр­лан­дыру жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатымен әзірледі. Жиын­да заң жобасы бойынша жұ­мыс тобының жетекшісі Екате­ри­на Смышляева баяндама жаса­ды.

«Мемлекет басшысы статис­ти­калық ақпаратты қалыптастыру тә­сілдерін өзгерту жөнінде бір­не­ше рет тапсырма берді. Үлкен де­­­­ректер мен цифрландырудың да­му дәуірінде ақпарат жинаудың ескі әдістері өзектілігін жоғал­та­ды. Заң жобасы деректерді бас­қа­ру және статистикалық ақпаратты қа­лыптастыру тәсілдерін қайта қа­рау үшін құқықтық жағдай жа­сай­ды», – деді депутат.

Екатерина Смышляева өз­герістер аясында дерек­тер­ді басқару жөніндегі талаптар Үкі­­­­меттің қаулысымен бекі­ті­ле­ті­нін айтты. «Ұлттық регистрлерге» құ­қықтық мәртебе беріледі. Бұл – электрондық үкімет архитек­ту­ра­сы шеңберінде барлық сала бойынша эталондық деректерді қам­титын базалар. Қайталанатын жә­не дұрыс емес мәліметтер бол­май­ды. Депутаттың айтуынша, әкім­шілік деректердің сапасына ба­қылау енгізіледі, уәкілетті орган Ұлт­тық статистика бюросы бола­ды. Дата-бақылаушылар инсти­ту­ты енгізілуде. Олар электрондық үкі­меттің деректерін ұлттық тізі­лім­дерге сәйкес бағалайды. Со­ны­мен қатар ғылыми-зерттеулер мақ­сатымен және жасанды ин­тел­лект модельдерін оқыту үшін де­рек­терді пайдалану тәртібі рет­тел­мек. Бұдан басқа, балама деректер ұғы­мы енгізіледі. Бұл – әкімшілік жә­не статистикалық емес дерек­тер. Ұлттық статистика бюро­сы­ның келісімі бойынша олар ста­тис­тикалық есептер мен де­­­­р­ек­терді талдау үшін ұсыны­ла­тын болады. Ұлттық анықтамалық ақпарат ұғы­­мы да енгізіледі. Ол жік­теуі­ш­тер, каталогтар, анықтамалар мен номенклатуралар жиынтығын біл­діреді.

Жалпы отырыста Мәжіліс ко­ми­теттері «Қазақстан Рес­публикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкі­меті арасындағы халықаралық ав­томобиль тасымалдары туралы ке­лісімді ратификациялау тура­лы» және ішкі істер органдарының қыз­меті саласындағы норма­лар­дың артық (шамадан тыс) заң­на­ма­лық регламенттелуін болғызбау мә­селелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобаларын жұмысқа алды. Отырыс соңында депутаттар мем­лекеттік органдарға өзекті әлеу­мет­тік және экономикалық тақы­рып­тар бойынша 18 депутаттық сауал жолдады. Мәселен, бір топ партияластарының атынан Пре­мьер-Министр Олжас Бек­те­новке депутаттық сауал жолдаған «AMANAT» фракциясының мүшесі Жа­нарбек Әшімжан был­тыр Алматы облысының бюд­же­тіне 45 млрд теңге жергілікті са­лық түс­пеуі себебінен тапшылық туын­дап отырғанын жеткізді. 

«Облыс әкімдігінің бірнеше рет өтініші беруіне байланысты был­тыр желтоқсан айында рес­пуб­ликалық бюджеттен Үкімет ре­зерві арқылы 28 млрд теңге со­ма­сында көмек көрсетілді. Нәти­же­­сінде, 17 млрд теңге құрайтын бюд­­жеттік міндеттемелер орын­дал­май қалып отыр. Ал алдын ала есеп­теулер бойынша биыл ық­ти­мал шығындар шамамен 40 млрд тең­ге болмақ. Осы ретте облыс­та­ғы қалыптасқан жағдайға көңіл бө­ліп және 2023 жылғы өтпелі қа­рыз­дарды өтеуге бағытталған осы жылдың қаражатын қалпына келтіруге (16,7 млрд) ықпал етуіңіз­ді сұраймыз. Сонымен қатар рес­пуб­ликалық бюджетті нақтылау ке­зінде 2024-2025 жылдардағы жер­­гілікті кірістер болжамының орын­­далмауы ескеріліп, облыс бюд­жетінің теңгерімділігіне ны­са­налы трансферттер бөлінуі қа­жет», – деді ол.

Ал келесі бір депутат Қайрат Ба­лабиев еліміздің туристік әлеуе­ті­нің толық пайдаланылмай отыр­ғанын мәселе етіп көтерді. Әлем­дік экономикада қарқынды әрі та­бысты бизнестің бірі саналатын бұл сала Қазақстанда тұрпайы си­пат­та. Ауылдарымыз жұпыны, жол­дарымыз тозған, жарық пен бай­ланыс, сервистік қызмет жоқ. Со­ның кесірінен тамаша таби­ғат­тың игілігін көре алмай келеміз. Дала тұрмақ, қалалардың өзі жаңа автобустарға жарымай отыр.

«Жолаушы тасымалдайтын ав­­­тобустардың (13,2 мың) 66 пайы­­­зы­ның тозығы жеткен, қызмет ету мер­зімі өткен. Ал пайдалануға жа­ра­мсыз санаттағылары – 36 пайыз­дан асып кеткен. Дамыған ел­дерде олардың орташа қызмет ету мерзімі – 5-7 жыл. Ал бізде 20 жыл­дан асқан автобус көп. Елі­міз­де көлік құрастыру зауыттары бо­лғанымен, олардың жылдық өнім шығару көрсеткіштері өте төмен. 2023 жылы ел аумағындағы 7 зауыт небәрі 3 200 мың автобус шы­ғарған, ал жалпы автобус пар­кіндегі жаңа автобустардың үлесі тек қана 7,4 пайыз. Бұл – жақын ара­да автобус парктерін жаңар­тып, ішкі сұранысты қанағаттыра алмайды, импортқа тәуелділіктен арылтпайды деген сөз. 

2014 жылы мемлекет автобус пар­­кін жаңартуды бастап, бір жыл мерзімге импорттық автобустарға нөл­дік мөлшерлеме енгізді. Кә­сіп­керлер жеңілдіктерді пайдала­на бастағанда бұл үдеріс тоқта­тыл­ды. Бұл мәселе «AMANAT» пар­тиясы араласуымен анықта­лып, туризмді оңалту мүмкіндік­тері бақылауға алынды. Ендеше Қазақстандағы туризмнің дамуы­на тікелей әсерін тигізетін отан­дық автобус паркін жаңарту мен ішкі сұранысты қамтамасыз ету мақсатында, басқа мемлекет­тер­ден әкелінетін жаңа автобустарды қайта өңдеу жинағы мен көлікті бас­тапқы тіркелуден босату тура­лы шараларды қарастырула­рыңыз­ды сұраймын», – деді ол Пре­мьер-Министрдің бірінші орын­басары Роман Склярға жол­даған депутаттық сауалында.

Депутат Нартай Сәр­сен­ға­лиев еліміздің батысын­да­ғы табиғи апатқа кезекті рет на­зар аудартты. Мәселен, БҚО-да су тасқынынан 1 292 тұрғын үйге зақым келген. Соның 116-сы – Қа­ратөбе, 243-і – Сырым, 218-і – Бөр­лі, 649-ы – Теректі, 43-і – Бәй­терек, 6-уы Тасқала ауда­нын­да, ал 17 үй Орал қаласында ор­на­лас­қан. Сол сияқты Деркөл, Ша­­­­ған және Жайық өзендеріндегі су деңгейінің көтерілуі сал­дары­нан 14 839 саяжай учаскесін су бас­қан. Оның 14 466-сы – Орал қа­ла­сында, 112-сі – Бәйтерек, 245-і – Бөрлі, 16-сы Теректі ау­дан­дарында орналасқан. Бір өкі­ніш­тісі, «ағынды судың астында қал­ған саяжай иесіне қанша ақша бе­рі­леді немесе қашан, қай жер­ден басқа үй ұсынылады?» деген сұрақ жауапсыз қалып тұр. Одан да басқа шешімін күткен мәселе аз емес.

«Біріншіден, су астында қал­ған баспана мен саяжайларды ба­ға­лауы тиіс комиссия жұмысын біріз­ге келтіру керек. Ол үшін әр ай­мақтағы комиссияның әр үй бойынша қорытындысы, негіз­де­ме­сі, фото-видео дәлелдемелері нақ­ты бір жерге жинақталуы қа­жет. Баспанасы қираған саяжай ие­лерінің өтемақысы әділетті ба­ғалағануға тиіс. Сондай-ақ әр үй­дің, саяжайдың, техника мен төрт түліктің өтемақысы қашан тө­ленетіні әр қорытындының іші­не жүктелсін. Ол ақпараттармен бар­лық азаматтың танысу мүм­кін­дігі болуы шарт.

Тағы бір кезек күткізбейтін проблема: су астында қал­ған мыңдаған саяжайдың аула­сын­да лас қалдықтарға арналған шұң­қырлар болды, демек ондағы қалдықтар су бетіне шықты, сон­дықтан ол аумақтарға дереу сани­тарлық-профиктикалық шаралар жүргізу қажет», – деді «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі, де­путат Нартай Сәрсенғалиев.

Оның айтуынша, ең бастысы Үкіметтің маңызды қаулыларын бүгінгі тосын жағдайға сәйкес де­реу өзгерту керек. Ондағы төтен­ше жағдайлар кезіндегі үй беру, қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен өтемақы төлеу тетіктерін қайта қарап шығу қажет. Оның ішінде «Төтенше жағдай салдарынан тұр­ғын үйсіз қалған азаматтарға тұр­ғын үй беру қағидаларын бе­кіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкі­метінің 2014 жылғы 21 қара­ша­дағы №1222 қаулысына және «Же­ке тұрғын үй қорынан жалға алын­ған тұрғынжай үшін азамат­тардың жекелеген санаттарына тө­лемдер тағайындау және жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы» уә­кілетті министрліктің 2022 жыл­ғы 8 ақпандағы №60 бұйры­ғы­на өзгерістер енгізілуге тиіс.

Нұрлан ОРАЗҒАЛИ